Медицина • 18 Қыркүйек, 2020

Бір адам екі адамның өмірін құтқара алады

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жайбарақаттау едік. Қытайда коронавирус инфекциясы шыққанын ести тұра назар аудармадық. Қаупі Қазақстанға төнді дегенде өтірік дестік. Кейбіреуі саясатқа жапты. Тек індетке жақындары шалдығып, төсекке таңылғанда ғана ем-дом іздей бастады ел. Ақ халаттылар да аянып қалмады. Әлемдік әріптестерімен ақылдаса келе қан плазмасы вирус жұқтырғандарға көмектеседі деп шешті.

Бір адам екі адамның өмірін құтқара алады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

Қазіргі таңда шығысқазақ­стандық дәрігерлер COVID-19 инфекциясынан сауығып шық­қан азаматтарға иммундық плаз­ма доноры болуға ұсыныс тас­таған. Дәрігерлердің ай­туын­­ша, емделіп шыққан адам­­­дар­дың қан плазмасын ауыр жағ­дай­дағы науқастарға құйса, имму­ни­тет­тері нығайып, асқын­ған ауру­дан айығатын көрінеді. Бұл ме­ди­цинада енді-енді дәлелде­ніп келеді. Аме­ри­ка­лықтар 100 мыңнан астам адамға қан плаз­масын құйып, оң нәтиже бер­генін айтып әлемді қуантқан. Дәрі­ге­р­лердің дерегіне осы тәжі­ри­беден кейін Америкада өлім-жітім үш есеге азайыпты. Ал Қазақ­­станда қан плазмасын әзір­­леу сәл кейін басталған. Об­­лыс­тық Қан орталығында қан­нан ан­ти­дене плазмасын алу үшін тәжі­рибелі мамандар жұ­мыл­ды­рыл­ған. Бұл тәжірибе әлем­де тұң­ғыш рет жүргізіліп жат­қан­д­ық­­тан, облыстағы медици­на қыз­­мет­кер­леріне жоғары жауап­керші­лік жүктеліп отыр.

 – Алып жатқанымыз қанның жаңа құрамы болғандықтан, әзірше тәжірибе деуге болады. Бұрын стафилакокке қар­сы плазма дайындайтын­быз. Ал COVID-19 вирусына қарсы анти­дене бірінші рет әзірлеп жатыр­мыз. Біз ғана емес, бүкіл әлем бұл індетпен ал­ғаш рет ар­палысып отыр, – дейді облыс­тық Қан орталығы ди­рек­торы­ның орынбасары Свет­лана Шмурыгина.

Мамандардың түсіндіруін­ше, антидене орташа және қатты ауырғандарда ғана қалыптасады. Жеңіл өткергендердің қанында антидене болғанымен, өте аз мөлшерде екен. Демек жарамсыз. Сондықтан донорлыққа коронавирустың ауыр түрімен ауырғандарды шақырады. Оның өзінде қан тапсырушыға қойы­латын бірқатар талаптар бар. Қатаң талаптар.

– Донорлықтың қай түрі бол­­сын, адамның салмағы 50 килодан кем болмауы керек. Жас мөлшері 18 бен 55 жас ара­лығындағылар қан тапсыра алады. Олай дейтінім, адамдардың жасы ұлғая келе қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек ауруы сынды созылмалы аурулар пайда болады. Сондай-ақ, қан аппараттық плазмаферез арқылы дайындалатындықтан күре тамыры анық болуы керек. Алдымен білектегі күре тамыр­дан ине арқылы қан алы­нып, аппаратқа түседі. Аппа­рат­та қандағы плазманы бөліп ала­ды да, қанның жасушасы қы­сым­мен донорға қайта құйылады, – дейді Светлана Шмурыгина.

 Ал арнайы тексеруден өткен донордың антиденелі плазмасы жеке қапқа сақталады. Айта кетерлігі, аурудан айыққан адам екі аптадан кейін ғана қан тапсыра алады. Екі айдан асып та кетпеуі керек. Өйткені екі айдан соң қандағы антидене әлсірей береді.

Донор болуға ниеттенген адам алдымен анализ тап­сы­рады. Ол бір тәу­ліктен соң ғана дайын болады. Қан құрамын арна­йы ап­па­раттың көмегімен анық­таған­дықтан, көп уақыт алады. Бір жағынан қанның сапа­сы­на, құрамына жіті мән беріле­ді. Тексеру бірнеше параметр­­лер бойынша жүргізіледі; био­хи­миялық, клиникалық, имму­нологиялық көрсеткіштер тек­серіледі. Қортындысында G им­муноглобулині, B, С геп­патиті сынды аурулардың бар-жоғы анықталады. Ең бастысы, азаматтардың денсаулығында донорлыққа қарсы ешқандай кінәрат болмауы керек. Оны тапсырған талдамасына қарап, терапевт дәрігер анықтайды. Дәрігер мамандардың айтуынша, қан құю да адамға бөтен ағза салумен, яғни трансплантациямен тең.

Адам бауырында АЛТ фер­менттің жоғары болуының бір­ден-бір себебі дұрыс тамақ­танбау. Бұл ферментті қалыпты жағдайға түсіру үшін майлы тағамдар­дың мөлшерін шектеп, күкіртке бай көкөністерді тұтынған жөн десе­ді абзал жандар. Де­мек кез келген донордың қа­нын­да сапа болуы үшін тамақ­тануы да дұрыс болуы тиіс.

Сонымен қатар Қан орта­лығы директорының орын­басары С.Шмуры­ги­на­ның айтуынша, донор пси­хологиялық тұрғыда да дайын­далып келгені жөн. Өйткені про­цесс өзгеше. Бірақ плазмаға қан тапсыру 40 минуттай уақыт ал­ғанымен, адам денсаулығына кері әсерін тигізбейді. Тағы бір атап өтер­лігі, қан плазмаңыз жарамды болып жатса, 7 АЕК кө­ле­мінде сый­ақы төленіп, бір күн­дік дема­лыс беріледі. Им­мун­дық плаз­маға қан тапсыр­ған өс­ке­мен­дік Алтынай Ал­тын­­бек­қызы еш­қан­дай қор­қы­ныштың жоғын айтты.

– Өзім коронавирус инфек­циясымен қатты ауырған­­дық­тан, өзгелерге шын ниетім­­мен көмек­тескім келді. Өйткені адам­­­дардың қиналып жатқанын жаным­мен түсіндім. Ал қан тап­сыру процесі ауырып жат­қан­дардың қасында түк емес еді. Толық тексеруден өтіп барып, иммундық плазмаға қан тап­сыр­дым. Бас айналу сияқты еш­қандай кері әсер болмады. Егер біреудің өмірін сақтап қа­лып жатсам, қуанамын. Ең дұрысы, ешкім ауырмасыншы, – дейді донор Алтынай Ал­тынбекқызы.

 Ал қан плазмасын науқасқа құю үшін емдеуші дәрігер консилиумде білікті мамандармен бас қосып, ақылдаса отырып шешеді. Жалпы Шығыс Қазақстанда қан плазмасын құйып, сауығып кеткендер де бар. Ендеше, COVID-19 инфекциясымен ауырып, тәуір болып шыққан адам өзгенің өміріне араша түсемін десе, облыстық Қан орталығына хабарласып, донор болуына әбден болады. Бір адамнан алынған иммундық плазма екі адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін.

Соңғы мәлімет бойынша Шығыс Қазақстанда 18 адам ко­рона­вирус инфекциясынан емде­ліп шықса, 18 адам індетке шалдыққан. 

 

Шығыс Қазақстан облысы