Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Ауырмаудың жолы – сақтықта

265 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Дегенмен жаһан елдерін шырмауықтай шырмаған қауіпті індеттің әлегі атыраулықтарға да оңайға соқпады. Өңірде дәрі де, дем де жетпей, татар дәмі таусылғандар жоқ емес. Десек те қиындық артта қалды.

Ауырмаудың жолы – сақтықта

Қазір эпидемиялық ахуал тұрақтанды деуге болады. Соған қарамастан қайталануы мүмкін коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жұмысы күшейтіліп отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Махам­бет Досмұхамбетов өткіз­ген се­лек­­торлық кеңесте тағы бір мәр­те талқыға түсті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұр­лыбек Қабдықапаровтың мәлім етуінше, коронавирустың екін­ші толқынына жан-жақты дайын­дық жүргізілуде. Меди­цина­лық мекемелер мен дәріха­налар­да дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасақталды. Бұған қоса күзде өр­шитін тұмауға қарсы қолда­ны­латын 60 мың доза вакцина сатып алынып, екпе жүргізу басталды.

– Біріншіден, медициналық мекемелерде науқастарға шұғыл көмек көрсету ісіне баса назар аударылып отыр. Осы мақсатта ауруханалар өкпені жасанды желдететін 224 аппаратпен, 27 рентген, 10 компьютерлік томография, 977 оттегі генераторымен, сондай-ақ 1100 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілді. Коронавирустың екінші толқыны орын алған жағдайда 2080 инфекциялық кереует жасақтау жоспарланды. Оның ішінде 120 реанимациялық орын болады. Ал медицина қызметкерлерінің қауіпті індетті жұқтырмауы үшін жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтылды, – дейді басқарма басшысы Н.Қабдықапаров.

Оның ақпаратына қарағанда, екіншіден, шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғындарды медициналық көмекпен қамта­масыз ету де ұдайы назардан тыс қалмайды. Осы мақсатта жақын­да 7 жылжымалы медициналық пункт келеді деп күтіліп отыр. Сонымен қатар демеушілік кө­мек арқылы алынған 8 автокө­лік облыстың медициналық ұйым­дарына таратылды. Енді алдағы қазан-қараша айларында лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік жеткізіледі.

Үшіншіден, өңірдегі 8 меди­циналық мекемеге орталық­тан­дырылған оттегі стансасын орнату жоспарланған екен. Бүгін­де 6 стансаның құрылыс-мон­таж жұмыстары жүргізілуде. Төртін­шіден, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Асылбек Шаровтың мәліметінше, ПТР әдісімен COVID-19 инфекциясына тестілеу жасайтын зертханалар қорында 161 682 тест сынамасы бар. Енді тағы 126 700 тест сынамасын алу жоспарланып отыр. Қазір Атырау облысында ПТР әдісі арқылы зерттеу жүргізетін 2 мемлекеттік, 4 жекеменшік зертхана, сондай-ақ Теңіз кенішінде екі зертхананың филиалы жұмыс істейді.

– Облыс көлемінде COVID-19 инфекциясын анықтау үшін 233 319 ПТР-тест жасалды. Тест қорытындысымен 16 қыркүйекте 11 023 жағдай расталды. Атырау – тест өткізуден еліміздегі ал­дыңғы орындағы өңірлердің бірі. Сондықтан статистикаға сүйенер болсақ, облыстың әрбір үшінші тұрғыны тест тапсырды деуге болады. Атырауда жұмыс бабымен жүрген өзге өңірлердің азаматтары да бар. Олар да біздің облыстың статистикасына енді, – дейді А.Шаров.

Облыс әкімі М.Досмұхам­бетов­тің пікірінше, эпидемия­лық ахуал тұрақтанғанына байла­ныс­ты бақылауды босаңсытуға болмайды. Өйткені коронавирус инфекциясын жеңудің басты жолы – күресті әлі де жалғастыру. Осы орайда әсіресе тұрғындар ара­сын­да ақпараттық насихатты одан әрі күшейту қажет.

– Коронавирус індетінің бірін­ші толқыны кезінде науқас адамдарды емдеуге арналған төсек орындарының тапшы­лығы анық байқалды. Осы мәселені шешу бағытында Атырау қаласында 200 орындық, ал Жылыой ауданында 275 орындық аурухана­ның құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары жуық арада аяқталуы тиіс, – дейді облыс әкімі М.Досмұхамбетов. – Атырау қаласында салынып жатқан модульді типтегі жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын жүр­гізу кестеден кешікпегені жөн. Өңірдегі эпидемиялық жағ­дайды бақылауда ұстап, сани­тарлық нормалардың қатаң сақ­талуы қадағаланып отыр. Деген­мен коронавирустық инфек­ция­ның таралуы қаупі мен ауру көрсеткішінің өсімі байқалса, жедел шараларды қабылдап, бар­лық санаттағы медициналық қыз­меткерлердің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуіміз керек.

 

Атырау облысы