03 Қараша, 2013

Асад әскерлері Қазақстаннан барған сарбаздарды жойып жіберді

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

03-11-13-boeviki-1

Сирияда Башар Асадтың әскерлері содырлар сапында жүрген қазақстандық азаматтарды жойып жіберді. Кеше ол үкімет жасақтарының Түркиямен шекарада арнайы жүргізілген операциясы қорытындысында белгілі болды. Бұл туралы aspekty.net сайты хабарлады.

Ұзаққа созылған кескілескен шайқастың соңында солдаттар 120-дан астам қарсылық қозғалысы жауынгерін құртып жіберді. Өкінішке орай, олардың арасында Қазақстаннан барған еріктілер де болған.

КТК телеарнасы хабарлағандай, бұл ауданда «Аль-Каида» лаңкестік ұйымының «Аль-Нусра» тобы көптен бері әрекет етіп жүрген. Ондағы қарақшылар тобын әлемнің түкпір-түкпірінен, негізінен Мысырдан, Ирактан, Ливия және Филиппин елдерінен келген содырлар құраған. Бұл сапта ТМД елдерінен, соның ішінде Ресейден жеткен сарбаздар да аз емес. Енді мәлім болып отырғандай, мұнда Қазақстаннан келушілер де қарасы да едәуір екен. Бірақ біздің олардың нақты саны қанша болғанын әлі ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Сол сияқты соңғы шайқаста қанша қазақтың қаза тапқаны да беймәлім. Дегенмен, Сирия дереккөздері олардың бәрінің ұрыс аудандарында отбасыларымен бірге жүргендерін жеткізеді.

Еске сала кетейік, мұның алдында бұқаралық ақпарат құралдарында Сириядағы соғысқа Қазақстаннан жүз елу шамалас еріктінің аттанғаны туралы ақпар тараған. Таяу Шығысқа олар отбасыларымен бірге кішкентай балаларын да ала кетіпті. Бұлардың қатарындағы кейбір жауынгерлердің қайдан шыққандары да белгілі болды. Олар Қарағанды және Ақмола облыстарының тумалары көрінеді. Әзірге тірі қалғандары не қаза тапқандары туралы дерек жоқ. Бірақ бұлар Түркиямен шекарадағы қырғынға қатысқан лаңкестік ұйымдарға түспеген болып шықты.

Қайрат Қожаназар.