03 Қараша, 2013

Қазақстандық жихадшылардың бірі туралы қаралы хабар келді

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

31-10-13-naemniki-suria-1

Биылғы жылғы қазан айында YouTub желісінде «ондаған қазақстандық жихадшылардың Сирияға барып жеткені» туралы бейнежелі жарияланғаннан кейін «Азаттық» радиостансасының қызметкерлері онда көрсетілген бірнеше жігіттің туған-туыстарымен хабарласып, олардың кімдер екенін анықтаған. Бұл туралы «Азаттық» радиостансасы хабарлады.

Станса тілшісі сонда «Сирияға аттанғандар» арасында жезқазғандық ағайынды Еркебұлан, Еркемұрат және Жасұлан Сәрсенбектердің, ерлі-зайыпты Кенжебек және Нұргүл Ахмадиевтердің, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан шыққан бір топ еріктілердің болулары мүмкін екендіктерін анықтапты.

Жезқазғанда болып қайтқан журналист Сирияға кеткендердің бірінің анасы ауылдағы молдаға жиі барып, одан дұға оқуды өтініп тұратынына көз жеткізіп қайтқан. Сөйтсе, оның үлкен ұлының Сирия жерінде қаза тапқаны туралы ауыз-екі хабар жеткен екен. Ал отбасысы Жезқазғанда қалған. Қазасы туралы қаралы хабар жеткен үлкен ұл жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Египетте білім алуды жалғастырыпты. Радио тілшісі Жезқазғандағы мешіттердің бірінде өткен жұма намазы кезінде қала тұрғыны Айтжан Өтешовтен Сирияға аттанған үш ағайынды жігіттің аты-жөндерін біліп алған. Өзінің дәстүрлі ислам дінін, яғни ханафи мазхабын ұстанатынын білдірген жезқазғандық жас жігіт олардың жоғарыда айтылған үш жігіт екенін де айтып беріпті. 1994 жылы туған ол сол үшеудің кішісі – Жасұланмен дос та екен.

«Біз мешітке келіп, намаз оқып, сонда түнеп қалдық. Келесі күні ертеңіне Жасұлан Қарағандыға кетті. Бірқатар уақыттан кейін мен «Агент» арқылы хабарласқанымда ол өзінің Египетте жүргенін айтты. Қазір оның «Сирияға аттанған жихадшылар қатарындағы» бейнежелідегі кескініне қарап отырмыз», - деді ол.

«Азаттық» тілшісіне бұдан кейін Қазақстанның басқа қалаларынан соғысқа аттанғандар туралы да мағлұмат жинаудың реті келеді. Олардың дені онда әйелдері мен балаларын алып аттаныпты.

Сәкен Майлыбай.