04 Қараша, 2013

Өлі Усама бен Ладен АҚШ билігіне «тыныштық» бермей тұр

530 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

barak obama-1

АҚШ-тың Мичиган штатының тұрғыны, кәсіпкер Том Ли деген азамат өз елінің атқарушы билік орындарынан кезінде Усама бен Ладеннің мекен-жайын анықтауға көмектескені үшін сыйақы талап етіп отыр. Бұл туралы «РИА Новости» агенттігі хабарлады.

Америкалық Том Ли АҚШ үкіметінен Усама бен Ладеннің орналасқан жерін анықтауға қол ұшын созып, тиісті ақпараттармен қамтамасыз еткені үшін 25 миллион доллар сыйақы алуым керек деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, кезінде АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Усама бен Ладенді ұстап берген адамға 25 миллион доллар сыйақы берілетінін мәлімдеген болатын. Томның сұрап жүргені осы ақша.

Қызметінің ақысын даулап жүрген Том Лидің «ерен еңбегін» дәлелдейтін құжаттар да бар көрінеді. Нақтылап айтсақ, Loevy & Loevy деген фирма арқылы АҚШ-тың Федералдық зерттеу бюросының (ФБР) директоры Джеймс Комиға жолданған хатта Том Лидің пәкстандық барлаушылардан Усама бен Ладеннің Абботабад қаласында орналасқаны жөнінде ақпарат алғаны жазылыпты. Сондай-ақ, Том 2003 жылы да АҚШ үкіметіне «Әл-Каида» жетекшісінің координаттарын ашып беріпті.

Ал, АҚШ билігі Пәкстанның Абботабад қаласында 2011 жылдың 2 мамырында Усама бен Ладен өлтірілгеннен кейін әлгі тағайындалған сыйақы ешкімге берілмейтінін жариялаған. Өйткені, үкіметі өкілдері Усаманың мекен-жайын радиоэлектронды барлаудың көмегімен тауып алғандарын алға тартты.

Том Лидің талабына АҚШ билігінің өкілдері не деп жауап беретіні әзірге белгісіз.

Жолдыбай Базар.