Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2020

Халықаралық семинар-кеңес өтті

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өткен аптада "Түркі әлемі: тілдік ахуал, латын әліпбиі және әдістеме" тақырыбында халықаралық семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz  

Халықаралық семинар-кеңес өтті

Түркі тілдері – Шығыс Еуропадан Сібір мен Батыс Қытайға дейінгі кең аумақта тұратын 180 миллион адамның ана тілі, 210 миллион адам өзінің екінші тілі ретінде қабылдайды, 40 тілден тұратын тілдер тобы.

Тіл кеңістік пен шекараға тәуелді, сол себепті үлкен аумаққа таралған түркі қауымы тілдерінде айырмашылық болуы әбден заңдылық. Бірақ, әрқайсысы дербес ел болғанмен, тегі бір, мақсаты ортақ. Семинар-кеңестің басты нысана етіп мәселесі – түркі тілдерін зерттеушілермен,  әдіскерлермен  ғылыми пікір, тәжірибе алмаса отырып, туыстас тілдердің мамандары арасында өзара байланыс қалыптастыру. Халықаралық бас қосуға ғағауыз, қырғыз, ноғай, өзбек, хакас, қарақалпақ, түрік, тыва, татар және қазақ тілдерінің мамандары, барлығы алты мемлекеттің (Түрік, Өзбекстан, Қырғызстан,  Молдова, Ресей, Қазақстан)  ғалымдары қатысты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба ісшараға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, түркітілдес халықтар арасындағы латыннегізді әліпбиге ауысу тарихына тоқталып өтті.

"Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен көтерілген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі қорытынды кезеңге келіп жетті.  Қазіргі уақытта әліпби жобамыз тағы бір пысықталып, зерделенуде. Бірақ, кейбір халықтың өзіне ғана тән болып келген кейбір әріпті жоғалтып алып, артынан сол әріпке ескерткіш қойған  өкінішті тәжірибесін де ұмытпаған дұрыс. Бүгін ортақ түрік әліпбиі, оның қажеттілігі мен мүмкіндіктері жөнінде де сөз қозғаймыз", деді ол.

Төраға атап көрсеткендей, осы халықаралық ғылыми басқосу барысында жаһандану жағдайындағы тілдік ахуал ортаға салынды, әліпби және түркі тілдерін оқыту әдістемесі бағытында ортақ және жеке ғылыми-әдістемелік дәстүрлер мен жаңашыл бастамалар жөнінде пікір алмасып, тәжірибелер қорытындыланды. Сонымен қатар, түркі халықтары қолданатын әліпби нұсқалары, әліпби түзу принциптері, әр тілдің фонетикалық ерекшеліктері, емле ережелері жөнінде сөз болды.

Бұл мәселелер, әсіресе, Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол ЕрдембекұлыТілешовтің "Түркі тілдері: әліпби және қазіргі тілдік жағдаят" баяндамасында кеңінен қамтылды.  

"Көне түркі әліпбиінен қазірге дейінгі тарихи дамуды қарасақ, түркі халықтарында әліпби реформасы ХХ ғасырда екі рет жүргенін байқаймыз. Біріншісі, 1920 жылдар, екіншісі, 1990 жылдар. Біріншісі, кеңестік саясаттың ықпалымен жүзеге асып,оның ғылыми негізі 1926 жылғы Баку сиезінде жасалды. Осы кезеңде көптеген түркі халықтарының тілі латын графикасына көшірілді, – деді белгілі ғалым. – Екіншісі, кейбір түркі халықтарының тәуелсіздік алуымен байланысты. Латын әліпбиіне көшуде Стамбул қаласында 1991 жылы өткізілген халықаралық симпозиумда қабылданған жалпытүркілік әліпби жобасының маңызы болды", деді ол.

Ғалымның пайымдауынша, түбі бір – түркі тілдерінің ұқсастықтары мен бірге ерекшеліктері де бар. Сондықтан бәріне бірдей, тіпті бірнеше тіл үшін бір әліпби жасау оңай емес. Дегенмен біздің ойымызша, әліпби түзудің ортақ ғылыми принциптері болғаны жөн. Ол үшін әр дыбысты беруге арналған латын таңбалары және диакритикалар орнымен қолданылу керек.