Үйреншікті парадокс!
Еліміз үшін тағы бір тегін «жарнама» өкінішке қарай, бұл жолы ерте аяқталды. Өткен аптаның бейсенбі күнінде Қазақстанның үш бірдей командасы Еуропа лигасының екінші іріктеу сынында сүрінді. «Қайсар» Кипрдің АПОЭЛ командасынан 1:4 есебімен ойсырай жеңілсе, «Астана» аты бізге беймәлім Черногорияның «Будучносіне» есе жіберді. Есеп – 0:1. «Қайрат» түзде «Маккаби» Хайфадан басым түсе алмады – 1:2. Ал «Ордабасы» болса 28 тамызда Румынияның «Ботошани» футболшыларынан 1:2 есебімен жеңілген-ді.
Шымкентте Қызылорданың «Қайсар» командасы Кипрдің АПОЭЛ клубын қабылдады. Еуромаусым басында команданың бас жаттықтырушысы Стойчо Младенов биыл команданы күшейтеміз деп бірнеше ойыншыны алғанымен, барлығы бекер болған сияқты. Өткен маусымда «Қайсар» бюджеті 4 миллиард теңге шамасында болған. Осынша қаражат бөлінген команда ел кубогын ғана жеңіп алды. Стадионды жөндеуге, алаңды ауыстыруға миллиардтан астам қаражат жұмсалды. Бірақ нәтиже қандай? «Көк бөрілер» АПОЭЛ-ге қарсы ойынды үйде емес, Шымкентте өткізді. Парадокс! Себебі жөндеуден өткен стадион Еуропаның стандартына сай келмейді. Былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен стадионға УЕФА неліктен сертификат бермеді? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Сіз кімсіз, Пол мырза?
2017 жылы «Астанамен» бірге Израильге барғанбыз. Еуропа лигасының топтық кезеңінде жергілікті «Маккабиден» 1:0 есебімен басым түсті. Төрт күн бойы командамен бірге жүргендіктен, Станимир Стойловтың бас бапкер кезінде біліктілігіне, Саян Хамитжановтың мықты менеджер екеніне көзіміз жетті. Командада тәртіп мықты. Әркім өз жұмысын біледі. Ал қазіргі жағдай бізге беймәлім. Білетініміз, карантин кезінде көп ойын өткізе алмаған «Астана» ұзақ уақыт бапкерсіз жұмыс істеді. Уақыттың тығыздығын біле тұра командаға бапкер таңдауда сонша кідіргені әртүрлі ойға жетелейді. Мүмкін бұл – жәй ғана жауапкершіліктің тым төмендігі ме? Неге кідіргені әлі күнге дейін белгісіз.
Тамыз айында астаналық команда бас бапкер Михал Билекпен келісімшартты бұзғаннан кейін клуб басшылығы 53 жастағы болгар маманы Станимир Стойловқа ұсыныс жасаған. Алайда Стойлов клубтың қазіргі басшылығына көңілі толмайтынын, сондықтан команданы жаттықтырмайтынын айтып, ұсыныстан бас тартты. Стойловтың шешімінде бір сыр бардай ма, қалай? Әйтпесе, Стойлов бас бапкер ретінде «Астанамен» бірге төрт дүркін Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанды. Қазақстан футбол тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Екі рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде, сондай-ақ турнирдің 1/16 финалына дейін жетті. Мұндай жетістік тек «Астананың» емес, Қазақстанда жұмыс істеген бүкіл бапкердің қолынан келмеді.
Осындай бапкерді уысынан шығарып алған ұжымның жаттықтырушысы болып команданың атқарушы директоры қызметін атқарған Пол Эшворт тағайындалды.
Сонымен, сіз кімсіз, Пол мырза? Бұған дейін не істеді? Бар білетініміз, Латвияның «Вентспилс» командасын жаттықтырған. Кейін жұмысы қанағаттандырылмай командадан қуылған. Осындай бапкер келе сала маңызды матчта команданың үздік көшбасшысы Марин Томасовты қосалқы құрамда қалдырды.
Қарсыластың күткені де осы еді. Бұл жайында «Будучность» командасының бас жаттықтырушысы Младен Миленкович былай деді: «Астана» – өте мықты команда. Біздің бюджетіміз бар болғаны 1,2 млн еуро. Командамызда өз карьерасында екінші ойынын өткізіп жатқан жас футболшылар да бар. Соған қарамастан, біз «Астананы» жақсы зерттеп, жеңіске жеттік. Негізгі құрамға Марин Томасов шығады деп қауіптеніп едік, абырой болғанда олай болмай шықты».
Ал негізгі құрамға бірде-бір қазақты шығармаған «Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы Пол Эшуорт: «Мен бапкер ретінде бар кінәні өз мойныммен көтеремін», дейді. Полдың қулығы осы жерден білінеді. Себебі енді ғана тағайындалған оны команда басшылары орнынан алып тастамайтынын біліп айтып отыр. Сонымен қатар ол командада атқарушы директор қызметін атқарғанын тағы бір айта кетейік.
Клуб сайтына сілтеме жасаған vesti.kz-тің ақпаратына көз жүгіртсек, ағылшын маманы жаттықтырған бұрынғы командасы Латвияның «Вентспилс» президенті Адлан Шишханов «Астананың» жеңілісінен кейін Пол Эшуортқа қарата бүй деген. «Біз азулы «Русенбург» командасынан жеңіліп отырмыз. Ал «Астана» деңгейі төмен «Будучность» ұжымынан басым түсе алмады. Осы жеңілісінен кейін «Астана» басшылары бұл бапкерге таңдау жасағанда қатты қателескендерін білген болар».
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қорғаушысы Максим Жалмағамбетов бұл жерде клуб менеджерлерінің осалдық танытқанын, олардан бөлек осы жеңіліске клуб басшылары да кінәлі екенін айтты.
«Егер «Астана» Еурододаның топтық кезеңіне өтпесе, онда команданың қажеті қанша?! Бюджеті қомақты бола тұра осыған дейін команданың академиясы, базасы, стадионы жоқ. Бұл мені таңғалдырады. Ұжымға жұмысты жүргізетін мықты менеджер керек. Содан кейін ғана жаңа бапкер, жаңа футболшыларды таңдауға болады. Команда алдымен өз ойыншыларына, өсіп келе жатқан жастарына жағдай жасау керек. Мұндай проблема тек «Астанада» ғана емес, өзге клубтарда да бар» дейді М.Жалмағамбетов.
Кінәні өзгеден іздейтін бапкер
«Астананың» бас бапкері жанкүйерлерден кешірім сұраса, «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Алексей Шпилевкий кінәнің бәрін өзгеге артып, дұрыс бағытта екенін айтып ақталуда. «Жасыл алаңда мықты болмаған команда жеңіске жеткеніне көңілім толмай отыр. Біз ойын алдында құрған тактикамызды жүзеге асыра алдық. Әйткенмен, бір голдан артық соғу бізге бұйырмаған екен. Енді бар күш-жігерімізді ішкі чемпионатқа салуымыз керек. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз», дейді Беларусь маманы.
Еуропалық аренадан соңғы болып «Қайрат» кетті. Рас, «Қайрат» сырт алаңда доп тепкеніне қарамастан, тәп-тәуір ойнады. Алайда былтыр да тап осындай сценарий қайталанып, алматылықтар Израиль командасынан жеңіліп қалып еді. Бас бапкердің осы жайтты неге ескермегені бізді қынжылтады.
Бұл жайында «Қызылжар» командасының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиев былай дейді: «Егер «Қайрат» АПОЭЛ-мен кездессе, олар да «Қайсар» сияқты проблемаға тап болар еді. Ал алматылықтар өздерінен деңгейі төмен «Маккаби» командасын дұрыс бағалай алмады. Израилдіктер стандартты айып добына қатты мән береді екен. Бірінші голды нақ сол айып добын орындауда соқты. «Қайраттың» қорғаушылары – Нұрәлі Әліп пен Раде Дугаличтің не істеп тұрғанын түсінбедім. Жарайды, Нұрәлі әлі жас. Бірақ тәжірибелі Дугалич барлығын өз бақылауында ұстауы керек еді. Жалпы, бас бапкер Алексей Шпилевкий қорғаушыларда проблема барын ішкі біріншілік ойындарында біле тұра, алдын ала әрекет жасамады. Нәтижесінде «Қайрат» Еуропа лигасымен ерте қоштасты.
«Келімсектерге» ұстата салған құжатымызда не құн қалды?
Бүгінде Қазақстан футболының 11 командасында 104 шетелдік футболшы жүр. Бұл жағынан бiз футболы ерекше өркен жайған, өздерi бай ел – Англия, Испания, Италиядан кейінгі орында тұрған сияқтымыз... 11 командада – 104 легионер! Барлығын қосқанда бiр сәтте алаңға 121 ойыншы шығатынын ескерсек, жоғарыда айтқан легионерлер тым көп. Олардың қатарына бiрер маусым командаға енiп, сол клубтың намысын ғана қорғап, азаматтық алған – Эрич, Постников, Малый сияқты «отандастарымызды» қосыңыз. Сол ойыншылардың бас бапкермен не клуб президентiмен келiспей қалған күнi-ақ келген жағына тартып кететiніне кәміл сенімдіміз. Ондай мысалдар өте көп. Мәселен, Қазақстан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Михаил Рожков, Дмитрий Ляпкин секілді футболшылар қазір Ресей асып кеткен. Бiр күндiк абыройды ойлап, шетелдіктерге мемлекетiмiздiң ең қасиеттi құжатын, өзге жұрт жылдап күтетін азаматтықты оп-оңай алып берген футбол функционерлерінің әрекетін неге теңейміз?! Атажұртын аңсап келген қандастарымыздың өзi туған топырағына табаны тиген соң да азаматтықты бес жыл күтiп әрең алғанда, әлгiдей «келімсектерге» ұстата салған құжатымызда не құн қалды?
Бір ғана мысал, чемпион болған «Астананың» биылғы құрамында екі-ақ қазақ ойыншысы бар. Ал осыдан ұялған «Астана» болса, көрген көзiмiз шықсын! ...Сол «Астана» бейсенбі күні Еуропа лигасында маңдайымен жер сүзiп қайтты.
Енді қайтпек керек? Тығырықтан шығар жол қайсы? Осы сауалдың жауабын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев сонау 90-жылдары тапқан көрінеді. «Республикамызда футболшы жастар тәрбиелеу iсi ақсап тұр. Менiң ойымша, басты кемшiлiк – таланттарды тауып, тәрбиелеуге кететiн ұзақ жылға шыдамай, тез нәтижеге жетіп алуға талпынушылық, – дейді Несіп Жүнісбайұлы. – Жер, ел болашағын ойлаудан гөрi өз бүгiнiн қамтамасыз етуге деген ашқарақ психология жеңiп тұр. Болмаса, қай саладан да талант тауып тәрбиелеуге болады ғой. Сонау 1991 жылы құрылған «Намыс» ұлттық футбол клубының жанкештi жұмысының нәтижесiнде қазақ футболының жарқын жұлдызы Айдар Күмiсбеков, Нұрбол Жұмасқалиев, Әлiбек Бөлешов, Диас Кемелов сынды ұлттық құрама сапында тер төккендер түлеп ұшты. Мұнан соң ниет қойып iздеп, қосымша тер төгiп, оған жүрек нәрiн қоса берiп тәрбиелесең талантты жастар бар екенiне дәлелдiң не керегi бар?! Қазақ футболын шетелдіктер қорғауға тиiс емес! Өзiн өзi сыйлайтын ел, халық, мемлекет өз жерiндегi бiрде бiр ұлт, ұлыс өкiлдерiн қорлауға бермей тұрып-ақ, өз ұл-қыздарының өсiп-жетiлуiне, Еуропа турнирлерінде жарқырап шығуына мүмкiндiк туғыза алады. Солай iстеуге мiндеттi де! Біз де солардың қатарында болуымыз керек».
Жыл сайын – 56 млрд теңге
Жасыратыны жоқ, еліміздегі кез келген клубты алып қарасаңыз, олардың тағдыры жергілікті әкімдердің қолында. Премьер-лигадағы командалардың аяқ алысына қарап отырып-ақ сол өңірдегі әкімнің футболға деген көзқарасының қай деңгейде екенін аңғару қиын емес. Алайда жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында пандемия кезінде кәсіби спорттық клубтарды бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату туралы тапсырма берді. Ал бұл, мемлекет бюджетінен қаржыландырылып отырған футбол саласына үлкен соққы болмақ. Өйткені премьер-лигадағы командалардың тек биылдың өзінде бюджеттен ондаған млрд теңге қаражат алып отыр. Kursiv.kz сайтының мәліметінше, командалардың 2020 жылға жоспарланған бюджеті мынадай: «Астана» 15 млрд, «Қайрат» – 8 млрд, «Ордабасы» – 7 млрд, «Тобыл» – 4,5 млрд, «Қайсар» – 4 млрд, «Шахтер» – 4 млрд, «Ертіс» – 3,8 млрд (банкрот деп танылды), «Жетісу» – 3,3 млрд, «Каспий» – 2 млрд, «Оқжетпес» – 1,9 млрд, «Тараз» 1,9 млрд, «Қызыл-Жар СК» – 920 миллион теңге.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылса, командаларды сақтап қалу үшін шұғыл түрде әрекет етіп, демеушілер табу керек. Әйтпесе, біршама футбол клубы «Ертістің» күйін кешетіні хақ. Себебі еліміздегі кез келген команда өзін өзі асырай алмайды. Мысалы, футболы қарыштап дамыған Испания, Англия, Италия клубтарына меценаттар демеушілік жасау үшін кезекке тұрады. Ондай сұранысқа ие командалардың кірісі де анағұрлым жақсы болатыны сөзсіз.
Ал бізде ше? Еуропада әжептәуір доп тепкен «Астананың» табысын есептеп көрейік. Интернет желісіндегі мәліметтерге сүйенсек, былтыр команда билет сатудан барлығы – 355 миллион теңге, трансферден 245 млн теңге пайда тауыпты. УЕФА-дан түскен қаржы – 2 млрд 345 млн теңге.
Жоғарыда көрсетілген табыстар жалпы кірістің 30 пайызына да жетпейтіндіктен, алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ беріп отырған қаражат тоқтаса, «Астананың» жағдайы не болатынын спорт сарапшысы Ардақ Тоғымов айтып берді.
– Бүгінде командалардың тағдыры облыс әкімдігіне байланысты. «Қайраттың» өзін мемлекет қаржыландырады. Бір жағынан жақсы, қарапайым азаматтардың спортқа қызығушылығын арттырады. Танымал футболшылар келді. Бізге «Атлетико», «Спортинг», «Галатасарай» сияқты мықты командалар қарсылас болды. Екінші жағынан алсақ, елге еш пайдасы жоқ, тек келіп кететін ойыншыларды асырап отырмыз. Балалар, жасөспірімдер спорт мектептері, басқа спорт түрлері зардап шегуде. Қайбір жылдары «Ақтөбе» командасын ұстауға бүкіл облыстың спортқа бөлген қаржысының 70-80 пайызы кеткен. Соншама қаржы қайда жұмсалды? Легионерлерді асырауға кетті. Не салынған спорттық база жоқ, не өз стадионы жоқ. Ақыр соңында команда бірінші лигаға кетіп тынды. Енді Президенттің тапсырмасы қолға алынса, бәрінің шаруасы қиындайды. Өз ойыншыларымыз ғана қалады. Сондықтан бұл шешімді қолдаймын. Демеушілер тарту керек, басқа да табыс көздерін табу қажет, қысқасы командалар өз-өздерін асырай алуы тиіс, – дейді спорт сарапшысы.
Кез келген бастаманың негізгі жоспары, мақсаты болады. Сол жоспар мен мақсат арқылы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Міне, бүгін біз қазақ футболының біраз кем-кетігін футбол төңірегінде жүрген азаматтармен талқыға салуға тырыстық. Кейбір мәселенің жауабын да бердік.
Қазақ футболы мемлекеттің мойнында аз отырған жоқ. Жергілікті бюджетті бүйірінен сорып отырғанда да елдің атын шығаратын команда жарқ еткені шамалы. Мұның себебі «өзіңнен тумай ұл болмастың» кері сияқты. Сондықтан да қазақ футболының намысын өз ұландарымыз қорғау үшін, қазақ баласы доп тебуіне мүмкіндік жасау керек.