Үкімет • 21 Қыркүйек, 2020

Жастар жаңашылдыққа ұмтылады

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездесті. Жиын барысында талапты жастар ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, ведомство басшылары бірқатар сұраққа жауап берді.

Жастар жаңашылдыққа ұмтылады

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Қазақстан халқына Жол­дауында еліміздің экономикасын өркендету мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Соның ішінде ең маңыздысы – экономиканы қазіргі жағдай талабына сай дамыту. Бұл орайда шағын және орта бизнестен бастап, өндіріс саясаты экономикасын дамытудың негізгі 10 бағыты бар. Оның барлығы жаңа экономикалық бағыт болып есептеледі. Сонымен қатар біз министрлікте басқарушылық кеңесін құрдық. Оның құрамына бізден 3 өкіл және сарапшылар қоғамынан 3 өкіл енді. Мұндағы мақсат – бізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы есеп беру және кері байланыс орнату. Бұл ретте біз сарапшылар кеңесіне президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерін де тартуды көздеп отырмыз, – деді Р.Дәленов.

Ведомство басшысы мем­ле­кет­тік органдардың негізгі қызметіне тоқталып, Президент Жолдауын іске асыру бағы­тын­дағы басым міндеттерді атады. Сондай-ақ министр атал­ған ведомство құрылымын жақ­сарту мақсатында атқарылып жат­қан жұмыстарды да атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта корпоративтік басқа­руды жетілдіру және квазимем­лекеттік секторды реформалау бойынша бірқатар ұсыныс әзірленеді. Стратегиялық инвес­тициялық келісім жасаудың жаңа тетіктерін енгізіп, инвес­ти­циялық жобаларды іске асыруда қаржылай және қаржысыз қолдау шараларының бірыңғай паке­тін ұсыну көзделуде. Бұл ретте министр аталған жұмыс­тар­ды қолға алу кезінде заңна­ма­­лық талаптардың маңызды­лы­ғына мән беру қажет екенін жеткізді.

Алдағы уақытта пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау шара­лары әлі де жалғаспақ. «Биз­нестің жол картасы-2025» мем­лекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында шағын және орта бизнеске берілген несиелер бойынша сыйақы мөл­шерлемесі субсидияланатын болады.

Келесі аудиторияда прези­дент­тік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездескен Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов ең алдымен осы са­лада жасалып жатқан өзгеріс­терге тоқталды.

– Президенттік жастар кадр­лық резер­вінде көптеген талантты жастар барын білеміз. Тіпті олардың жетеуі осы білім саласында еңбек етіп жатыр. Бір­қатар жетістіктері де бар. Біз соған қуанамыз. Ведомствоға қыз­метке келген кадрлық резерв­тің мүшелері өзіндік оң өзгеріс­терін қоса ала келуде. Соның арқасында білім саласына қа­тысты бірнеше нормативтік акті­лерге өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізіп үлгердік. Мұндай жұмыстар ведомствода көптеп атқарылуда. Мәсе­лен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масы бойынша елімізді балабақ­шамен толықтай қамтамасыз етуді жүйелі жолға қойдық. Бала­бақ­шалардың санына ғана емес, сапасына да жіті көңіл бөлі­нуде. Ең бастысы, баласын қай балабақшаға беретіні туралы шешімді ата-ана өзі қабылдай алады, – дейді А.Аймағам-
бетов.

Министрдің айтуынша, пандемия жағдайында орта білімнің сапасын кемітіп алмау да маңызды мәселе болып отыр. Қашықтан оқыту білім сапасына кедергі келтірмеуі керек. Керісінше, Мемлекет басшысы қашықтан оқытуды бірдейлендіруді, жетілдіруді тапсырған болатын. Күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе – осы.

– Келесі мәселе – жоғары білім беру ісі. Өздеріңіз біле­тін­дей біз сапасы сын көтер­мейтін бірқатар жоғары оқу орын­дарының лицензиясын қай­тарып алдық. Ондай оқу орын­дарында шәкірт сапалы білім ала алмайды. Осы бағыт­та күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелердің бары да белгілі. Ендігі мақсат – оны жүйелі түрде шешу. Соны­мен қатар елімізде ұстаздыққа ұмтылған жастар көбейіп келе­ді. Педагогика мамандығын таңдаушы түлектердің саны артып отыр. Бұған дейін ел Пре­зидентінің тапсырмасына бойынша педагогтердің мәртебесі туралы заң қабылданған еді. Аталған заң да өз жемісін беріп келеді, – деді ведомство басшысы.

Кездесу соңында прези­дент­тік жастар кадрлық резервінің мүшелері ел дамуына өз үлес­терін қосуға даяр екендерін жеткізіп, алтын уақыттарын қиып келген ведомство басшыларына алғыстарын білдірді.