Үкімет • 21 Қыркүйек, 2020

Жұмыс орындарына ерекше мән береді

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжа­нов­тың төрағалығымен бейнекон­ференция режімінде әлеумет­тік әріптестік пен еңбек қаты­нас­тарын реттеу жөніндегі үш­жақты республикалық комис­сияның отырысы өтті.

Жұмыс орындарына ерекше мән береді

Кеңеске орталық мемлекеттік орган­дардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Е.Тоғжанов қазіргі жағдайда жұмыс орындарының сақталуын, жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз ету, еңбек жанжалдарының алдын алу сияқты мәселелер бұрынғыдан да өзекті екенін атап өтті. Вице-премьер жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін қорғайтын кәсіподақтардың осы бағыттағы баға жетпес үлесін ерекше атап өтті.

Еңбек қатынастарын реттеу үшін әлеуметтік әріптестіктің маңызы зор. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу жөніндегі Кешенді жоспардың іске асырылуы, сондай-ақ өндірістік жарақаттардың санын азайту шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар Республикалық үшжақты комиссияның қарауына Үкімет пен кәсіподақ ұйымдарының және жұмыс берушілер бірлестіктерінің арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің жобасы ұсынылды. Жаңа келісім Халықаралық еңбек ұйымы ұсынылатын тәсілдер мен индикаторларына сәйкес әзірленуде. Осы мәселе бойынша Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз ұсыныстарын ортаға салды.

Алқалы жиын соңында Е. Тоғжанов орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді. Онда өндірістік процестерді тұрақтандыру және азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша меморандумдар жасау жөніндегі жұмысты жандандыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жедел шаралар қабылдай отырып, қызметкерлердің босатылуына мониторингті күшейту, жалақы және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті азайту жөнінде пәрменді шаралар қабылдау және басқалары қамтылды.