05 Қараша, 2013

Су енді су тегін болмайды

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл – шаруаларды толғандырып отырған проблема

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен кеше «Жерлерді мелиорациялаудың проблемалары және оны шешудің жолдары» деген тақырыппен Үкімет сағаты болып өтті. Депутаттар алдында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндама жасады.

 Бұл – шаруаларды толғандырып отырған проблема

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен кеше «Жерлерді мелиорациялаудың проблемалары және оны шешудің жолдары» деген тақырыппен Үкімет сағаты болып өтті. Депутаттар алдында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндама жасады.

Вице-спикер өзінің кіріспе сөзінде Қазақстанның әлемдік экономикаға белсенді түрде кіруі, оның бәсекеге қабілеттілігі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі – жер ресурстарын тиім­ді пайдалануға байланыс­ты екен­дігін ерекше атады. «Соны­мен, мемлекет алдында, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өнді­руді одан әрі ұлғайту үшін жерді мелиорациялауды және суды пайдалануды түбірімен жақсарту міндеттері тұр», деді Қ.Жақыпов.

Бұдан кейін А.Мамытбеков баяндама жасап, мелиоративтік жүйені сауықтыру және суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін нарықтық тетіктерді қолда­­ну қажеттігіне назар аударт­ты. Министрдің мәліметіне қара­­­ған­да, қазіргі кезде суармалы жер­лер­­дің көлемі 1990-жылдар­мен салыстырғанда үштен бірге (2,1 миллион гектар) кеміп, 1,5 миллион гектарды құрайды екен. Оның негізгі себептері: жер­лер­­дің эко­ло­го-мелиоративтік на­шар­лауы, дре­наждық және суармалы жүйе­­нің қалпына келтіру және құрылы­сы­на инвестициялар салу деңгейі­нің төмендігі, тозу деңгейінің жоға­­рылығы, фер­мер­лердің ылғал үнем­деу технологияларды енгізуге ынта­сының жоқ­тығы және про­филак­тикалық ме­лиоративтік жұмыс­тарды орындамау.

Бұдан басқа, министр су шығынын үнемдеуді қамтамасыз етудің және шаруашылықаралық ирригациялық жүйелерге инвестицияларды тартудың жалғыз тетігі – нарық тарифтерін орнату екендігін баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, бірқатар аймақтарда суармалы су тарифтері төмен. Бұл шаруаларды суландыру жүйесін қалпына келтіруге және суды үнемдеу бойынша қандай да бір жұмыстарды жүргізуге ынталандырмайды. Су шаруашылығы нысандарына жөндеу жүргізуге кеткен шығындар есебінен тарифтерді қалыптастыру бұл салаға халықаралық қаржылық институттардың заемдық қаржы­ларын және жеке инвес­торлардың қаржыларын тартуға мүмкіндік береді. Осы ретте тарифтерді өсіру шаруалардың суға деген шығындарын ұлғайтуға алып келмейді: қолдану көле­мі екі кезеңде де азаяды, рекон­струк­цияланған жүйелерде минималды шығынсыз алқапқа дейін жеткізу, сондай-ақ, суару кезінде үнемдеу жүйесін қолдану. Алдын ала есеп бойынша суды тұтыну 3-4 есеге дейін төмендейді.

Жеке жағдайларда, суға деген тариф фермерлер үшін қым­бат болса, мемлекетпен суб­сидиялау қарастырылуы мүм­кін. «Агробизнес-2020» бағ­дар­ламасының шеңберінде ауыл ша­руашылығы тауарын өндіру­шілер­дің тамшылатып және жаң­бырлатып суаруға арналған жаб­дықты сатып алу шығынының бір бөлігін өтеуді болжайтын инвес­тициялық суб­сидиялауды мемлекеттік қол­дау шарасы қарастырылады. Ми­нистр бұл ретте мелиоративтік техникаларды сатып алғандар мен өз су желілерін қалпына келтіргендер шығындарының 50 пайызы бюджеттен қайта­рылатынын алға тартты. Мысалы, мақта алқаптарын тамшылатып суару технология­сын ендіру 3-4 жылда өзін өзі ақ­тайды екен. Ал бір гектар жерге 4-5 мың АҚШ доллары қа­жет болса, оған шаруаның күші жетпейді. Сондықтан шаруа бюджеттен қаржы алып, оны алғаш­қы инвестициялық салым ретін­де банкке апарып және оған «Қаз­агроқаржы» компания­сын жұ­мылдыра отырып, жаңа те­х­­­но­логия­ны ендіруіне болады. Одан бюджетке салық ретінде тү­сім түсе­ді және жұмыс орындары ашылады.

А.Мамытбеков бұл ретте жекелеген облыстарда суарма­лы жерлер ауқымы күрт қысқар­ған­дығымен де бөлісе кетті. Мәселен, Ақмола облысында бұл көрсеткіш 95 пайызды, Қостанай облысында 80 пайызды, Шығыс Қазақстан облысында 60 пайызды құрап отыр. Суармалы жерлер оңтүстік облыстарда сақталғанымен, мұнда да қысқару баршылық. Мысалы, Алматы облысында суармалы жерлер 11 пайызға, Жамбыл облысында –32, Қызылорда облысында – 23 және Оңтүстік Қа­зақ­стан облысында 16,8 пайызға ке­мі­ген. Жалпы, еліміздегі су ре­сурс­­тарының аумағы 100 текше/шақы­рымнан астам суды құрай­ды екен. Соның ішінде 56 пайыз­ға жуығы немесе 56,6 текше/шақырымы өз аумағымызда қа­лыптасатын болса, қалған 44 пайызы тыс жерлерден келеді. Барлық судың пайдалануға қалатыны – 42 пайыз (немесе 42,6 текше/шақырым). Осыған орай, жыл сайын елдегі судың жағ­да­йы­на, су нысандарының са­ни­тар­лық жағдайына қарай оны тұ­­тыну лимиті белгіленіп ке­ле­ді. Мә­­селен, экономика сала­­­ла­рын­да­­­ғы суды пайдалану бо­йын­ша ли­­­мит 2012 жылы 26,7 текше/ша­қы­рымды құрады. Мұ­ның 18,4 текше/шақырымы іс жүзін­де пай­да­ланылды. Ал суды пайда­лану­дың басым бөлігі немесе атал­­ған көрсеткіштің 60 пайызы ауыл ша­руашылығы саласында тұты­нылады.

Мәжілістің Аграрлық мәсе­лелер комитетінің төрағасы Ромин Мәдинов жасаған қосымша баяндамасында жер иелерінің жерді пайдаланудағы жауапкершілігі заңмен нақты реттелмегендігіне ерекше назар аудартты. Депу­тат Төлеген Ибраевтың сұр­а­ғы­на орай берген жауабында ми­нистр суармалы жерлерге бақылау мен мониторинг дұрыс жүргізілмегендігін мойындады. Оның айтуынша, осыдан 3-4 жыл бұрын Жер кодексіне өзгерістер енгізілген кезде жер иесі немесе жалға алушы оны пайдаланбаса, онда алып қою нормасы қарастырылғанымен, артынша алынып тасталыпты.

Елдің стратегиялық дамуы мен оның азық-түлік қауіпсіздігінің ауқымды міндеттерін жүзеге асы­ру мақсатында қойылған депу­­таттардың көптеген сұрақ­тарына жан-жақты жауап берілді. Және де Мәжіліс депутаттары Үкі­­­метке нақты ұсыныстар жасап, оның орындалуы қажеттігін негіздеді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».