ЮНЕСКО жүргізген зерттеуге сәйкес биыл әлемнің 191 елінде білім беру мекемелері жабылған. Ал бұл шешім білім алушылардың 91 пайызының немесе барлығы 1,5 миллиард адамның сабаққа бармайтынын білдіреді. Бұл жағдай студенттердің білім алуына кедергі келтіріп отырғаны сөзсіз және мұның қанша уақытқа жалғасатыны да белгісіз. Олардың үйлерінде бос жатпай, қашықтан немесе онлайн оқып жатқаны түсінікті. Алайда мұндай қиындықтарға өз еркімен дайын болмаған білім жүйесінің тау қопарып жатқанына сену қиын. Техникалық мәселелерден бөлек, оқытушылардың және жастардың компьютерлік сауаттылығын да ескерген жөн. Бұл жерде компьютерде орындайтын қарапайым әрекеттер емес, интернеттің ұсынып отырған түрлі мүмкіндігін оқу процесінде толыққанды қолдана алуды айтамыз. Бұған біздің елде дамып үлгермеген дижитал мәдениетті тағы қосыңыз. Мұның барлығы жастармен қатар, ұстаздардың да жүйкесін жұқартып, психикалық жағдайына әсер ететіні сөзсіз. Тек адамның сезімдерін ескеріп, оның психикалық денсаулығына мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Еліміздегі ұлттық университеттердің біріне жаңадан оқуға түскен студенттер оқу процесін түсіну қиын болып жатқанын айтады. Осы ретте жоғары оқу орындарында білім алатын студенттерге жауапкершілікті өз қолына алуды ұсынуға болады. Себебі университет студентінің өздігінен қосымша оқуға тәжірибесі мен біліктілігі жетеді. Көпшілігі өзі оқып жатқан мамандығы бойынша алған ақпаратын сараптауды, қалай жақсартуға болатынын да біледі. Тек осы сәтте жүктеме мен міндетті ұстазының, білім жүйесінің не оқу орнының мойнына ілгеннен еш өзгеріс болмайтынын түсініп, өз біліміне өзі жауапты болатын кез келген секілді.
Еліміздегі студенттердің өздігінен оқуға, мектептегідей мұғалімнің айтқанымен жүруге бейім екені мәлім. Сондықтан да қазіргі қиындықты мүмкіндікке айналдырып, студенттің ұстазға байланған кіндігін кесетін сәт туғандай. Себебі пандемия аяқталып, барлығы бәз баяғы қалпына келгенде артта қалғандардың білімін ешкім толықтырып отырмайды, өмір жалғаса береді. Қашықтан оқу барысында уақыт үнемделеді, сол уақытты желідегі шетелдік университеттердің, MOOC, Coursera секілді платформалардағы тегін курстарды меңгеруге не тіл үйренуге жұмсауға болар еді.