Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың шетіне табан іліктіргеніңізде алдымен көзге түсетіні қоянжонданып үйілген мая-мая шөп. Әр үйдің іргесінде дестеленген отын. Қора-қопсысы жөнделіп, шатырлары бүтінделіп, жинақы қалыпқа еніпті. Қос қапталға көз салсаңыз, бейнебір бал арасындай құжынаған тіршілікті көрер едіңіз. Халық әр күні жылға азық болатын қоңыр күзде қыс қамына кіріскен.
– Бірлестік, Елтай, Қараөзек, Жаңатілек ауылдарында 1150 адам тұрады, – дейді Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Ақылбек Бекмағамбетов, – жаз ортасында қуаңшылық болған соң уайымның иектегені де рас. Кейін жауған жауынның әсерінен шабындықтағы шөп көп-көрім көтеріліп қалды. Ауыл тұрғындары 7600 тонна шөп дайындап, 2 мың тоннаға жуық сабан үйіп алды.
Мұншалық шөп дайындайтын да реттері бар екен. Округ әкімінің айтуына қарағанда, соңғы жылдары мал басы екі есеге дейін көбейген, 32 адам «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарламалары арқылы несие алып, жайылымды төрт түлік малға толтырыпты. Мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл адамдары мал азығынан таршылық көріп отырған жоқ. Көбі жем-шөпті өз күштерімен дайындауда. Негізінен, орманды алқаптан тұратын өңірде құнарлы шөп жеткілікті.
Ауылдағы жалғызілікті жандар да жанашырлықтан қағажу қалмаған. Қолы қысқа төрт отбасы бар екен. Оларға «Қараөзек» ЖШС отын-шөбін ертерек жеткізіп беріпті. Осы орайда, серіктестіктің шапағатын екпін түсіре айта кетсек те артық болмас. Округ әкімінің айтуына қарағанда, кей өңірлерде қыста қар тазалау кәдімгідей мәселе болып жатса, мұнда бұл тарапта бірде-бір мәселе туып көрмеген. Небір ақтүтек борандарда ауыл-ауылдың арасындағы жолды қасат қар ала қалса, серіктестіктің қуатты техникалары әп-сәтте тазалап тастайды.
Бірыңғай қазақ ауылдары болған соң бір-біріне деген қолғабыс көмектері де мол. Жалғыз адам қанша жерден ұмтылса да, орманнан отын кесіп, шабындықтан шөп тасу кезінде қиналып қалар еді. Мұндағы жұрт бір-бірімен ұжымдасып, қыс қамына қапысыз дайындалады. Мәселен, біреудің тракторы болса, енді біреудің шөп артатын агрегаты бар. Тіркеме үстіндегі шөпті жаюға да, шашылғанын жинауға да қол күші керек. Міне, осындай қысылтаяң сәтте тізе қосу, «көрші хақысы – тәңір ақысы» дегендей, ауылдасының көтере алмай жатқан жүгіне иығын төсеу тәрізді қоғамдасудың барлығына көзіміз жетіп, бір қанаттанып қалдық. Қанша айтқанмен бір ауыл, бір бауыр болып тіршіліктің түтінін тік ұшырып күн кешіп жатқан ағайынның алыс-берісі есепке құрылмай, ақ көңілдің лүпілімен бірінің жүрегін бірі жылытып, тіршіліктің күрмеуі көп түйінін шешуге атсалысып жатқандығы қандай ғанибет?!
Жалғыз-ақ мәселе, округтегі үш білім ошағын жылыту. Жаңа тәртіп бойынша жылыту мәселесімен бірнеше жылдан бері серіктестік айналысады. Көмірін сатып алатын, оны тасымалдайтын, от жағушыны ұстайтын да солар. Тек бір әттеген-айы, арзан көмір сатып алып, қыста онысы жанбай, білім ошақтары салқындап кететін уақыттар да болады екен. Негізгі ой дұрыс болғанымен, жақсы жанатын көмір алуларын қадағалау керек.
Қоңторғай күй кешіп жатқан төрт ауыл елбесіп-селбесіп, бір-біріне жан жадыратар шарапатын тигізіп, қыс қамын ертерек ойлағандарының нәтижесінде қабағы қату «кәрі құданың» ақырған аязы мен шымшып ойнайтын қалжыңынан қымсынатын емес.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы