Руханият • 22 Қыркүйек, 2020

Оралдың озық архиві

1127 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Пандемияның себебінен болған карантин Қазақстандағы көптеген саланы, соның ішінде мәдени мекемелердің жұмысын тұсаулап тастады. Әсіресе кітапханалар мен архивтердің есігі жабылып, оқырмандар, зерттеушілер, ғалымдар зардап шекті.

Оралдың озық архиві

Алайда дәл осы карантин ке­зін­де жұмысы тоқтамай, керісін­ше ширап кеткен бір мекеме бар. Ол – Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві.

«Бұл қалай?» дерсіз.

Батыс Қазақстан облыстық архиві 2018 жылдан бастап «Электронды архив» бағдар­ла­ма­сын іске қосқан болатын. Бұл бағдарламаның «тұз кө­зі­рі» – Қазақстан архивтері ара­сын­да теңдесі жоқ модуль – «Зерт­теушінің электронды жеке ка­бинеті». Яғни электронды-цифр­лы қолтаңбасы бар кез келген Қазақстан азаматы осы кабинетке тіркеліп, оқырман залының қызметін онлайн түрде ала алады.

– Биыл маусым айында зерт­теушілер арасында жасырын сауалдама жүргізілген болатын. Осы сауалдамаға қатысушылар «Зерт­теушінің электронды жеке кабинетіне» жоғары баға берді. «Қашықтан жұмыс істеуге өте қолайлы құрал» ретінде көрсетті, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Айжан Сауғабаева.

Қараңыз, 2019 жылы Батыс Қазақстан облыстық архивінің онлайн-оқу залына 101 зерттеуші тіркеліп, жұмыстанған екен. Ал биыл әлемді әбігерге салған пандемия басталғалы үш ай ішінде http://muragat-bko.gov.kz/ сайтына 60 зерттеуші жаңадан тіркеліп, өздеріне қажетті материалдарға онлайн тапсырыс бере бастаған. «Осылайша зерттеушілер 687 іс құжаттарының көшірмесін электронды түрде алды»,  дейді Айжан Нұрғалиқызы.

 

Елдің алғысы

«Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің сайтын көріп, таң-тамаша болдым. Кеше Орынбор облысындағы өз ауылымның метрикелік жазбасын іздеп «кіріп» едім. Мен іздеген село дәл шекарада, жан-жағын қазақ жері қоршап тұр деуге болады, төңкеріске дейін Орал облысына қараған аймақ. Сөйтіп сайттан үш жылдың тіркеу кітабын таптым. Таңғалғаным – метрике жазбалары онлайн қолжетімді жағдайда тұр. Сайттың анимация­сы, беттерді парақтағанда шы­ға­тын дыбысы өте тартымды. Ті­ке­­­лей ата-бабамды таппасам да, туыс­­тарым туралы мәлімет алып, мәз болдым», деп жазыпты ресей­лік Дмитрий Смирнов.

«Адамдарды екіге бөлуге б­о­лады: олардың бір тобы ата-бабасының кім болғанында шаруасы жоқ, енді бір тобы отбасы дәстүрін жоғары бағалайды, ата тегінің кім болғанын терең білуге құмартады. Батыс Қазақстан облыстық архиві қызметкерлерінің теңдессіз еңбегі арқасында ата-бабасы туралы деректерді іздеп та­уып, ұрпағына аманат етіп жатқан адамдар аз емес. Архив директоры Айжан Нұрғалиқызына, ғылыми анықтамалық бөлім қызметкері Ботакөз Иланқызына маған керек ақпаратты жедел тауып бер­гені үшін алғыс айтамын. Осы адамдардың көмегімен атамның өз қолымен жазған өмірбаянын тауып, көп жағдайға қанықтым» дейді Жаннет Қасымова.

«Менің нағашы атам Нұрфазыл Бермұхамедов 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1938 жылы 5 наурызда атылған екен. Ол Ақтөбе облысы Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын. Анам ағасының ақталған күніне 4 ай ғана жете алмай 1992 жылы өмірден өтті. Батыс Қазақстан облыстық архивінің сайтына тіркеліп, электронды оқу залындағы «жеке кабинетімде» отырып, Нұрфазыл Бермұхамедовтің жеке ісін, фото­суретін көргенде қандай қуан­­ғанымды білсеңіз ғой! Біз бұл фотоны өмірде көрмегенбіз. Ре­прессиядан атамыз ғана емес, тума-туыстары да зардап шегіпті: сайлау құқынан айырылып, Сібір­ге жер аударылған. Олардың ке­йін­гі тағдыры белгісіз.

Міне, арманда кеткен ата­мыз­дың тағдыры туралы ақжолтай хабар – батысқазақстандық архив қызметкерлерінің үлкен еңбегі дер едім. Олар біздің халқымыздың басына төнген нәубет – 1937 жылдары үзілген тағдыр жібін қайта жалғап жатыр. Сіздер тарих шымылдығын қайта ашып жатырсыздар. Сіздерге басымды иемін!

Мен осы құжаттар арасынан тағы бір нағашым Фазыл Бер­мұ­хамедовтің де жеке ісін та­уып қа­шан қайтыс болғанын табам деп ойлаймын. Ол 1933 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшысы бол­ған, 1935-1936 жылдары өкпе қа­бынуынан сол жақта дү­ние­ден өткен», деп жазады Сәуле Бегежанова.

Ақсайлық Дамир Еншібаев өлке тарихына мектеп қабырғасынан-ақ қызығады екен. 2018 жылдан бері генеологиямен, қазақша айтқанда шежіремен шұғылдана бастаған.

– Өз тақырыбыма керек мәлі­мет іздеп жүріп Батыс Қазақстан ар­хивінің сайтына тап болдым. Мұн­да маған керек ақпарат, кі­таптар мен газет-журналдар, ар­­хив істерінің көшірмесі өте көп екен. Әсіресе мешіттер мен шір­­кеулердің тіркеу кітаптары өте маңызды еді. Оқу залының қыз­меткері, нағыз кәсіби маман Ботакөз Нағимова маған архив сайтынан «жеке кабинет» ашуға көмектесті. Сол күннен бері үйден шықпай отырып-ақ тапсырыс беріп, қажетті құ­жаттарды қарау мүмкіндігіне ие болдым. Тапсырыс тез әрі са­палы орындалады, бұл менің қан­ша қаржым мен уақытымды үнем­дегені айтпаса да түсінікті ғой. Архив қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін! Біздің архив заманға сай, көптеген әріптесіне, тіпті кейбір Ресей сайт­­тарына да үлгі екеніне мақта­на­мын, – дейді Дамир.

 

«Айшылық алыс жерлерден»

Орал архивінің оқырман залына онлайн «кіретін» зерттеушілердің географиясын қарасаңыз, Қазақ­стан­ның барлық түкпірін – Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Ақтөбе, Қостанай, т.б қалаларын көруге болады. Архивтің құжаттарын сұ­рататындар арасында профессор ғалым тарихшылар да, докторант-магистранттар мен студенттер де, өлкетанушылар мен қарапайым зерттеушілер де бар екен. Олар көбіне генеологиялық деректерді іздейді. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысы, алғашқы Алаш дәрігерлері, Қазақстан өңіріндегі Азамат соғысы, КСРО кезіндегі дін қызметкерлерінің қудалануы, XX ғасырдың 30-жылдарында осы өңірде тәркіленген шаруа қожалықтары, Қазақстан хал­қы­ның этнодемографиялық дамуы, Совет Одағының Батырлары, қазақ халқының этностық дамуы, халықты қоныстандыру, тарихи тұлғалар және басқа сан салалы тақырыптар да сұранысқа ие екен.

– Біздің сайтымызда 1881 жыл­­дан бергі метрикалық кітап­тарды, 1860 жылдан басталатын газеттерді, мекемелердің та­рихи құжаттарын, жеке тектік қор­ларды, Ұлы Отан соғысы тарихына, азамат соғысына қатысты дере­ктерді, 1920-1930 жылдардағы аштық, ауыл шаруашылығын ұжым­дастыру, бай шаруалардың мүл­кін тәркілеу, тың жерлерді игеру тарихына қатысты және т.б. мәліметтерді жетілдірілген іздеу жүйесі негізінде тауып, қашықтан қарауға болады, – дейді архив басшысы.

Батыс Қазақстан облыстық архи­вінің тұрақты сақтауында 2499 қор, 677680 дана іс бар екен. 2018 жылдың аяғынан қолға алынған «Электронды архив» бағдарламасы негізінде архив қорында тұрған құжаттарды сканерлеп, электронды форматқа өткізу жұмысы басталған. Бүгінде цифрлы бөлім мамандары 24730 істі сканерден өткізіп, электронды архив базасына енгізген. Бұл жалпы сақтау бірліктерінің 3,7 пайызын құрайды екен. «Құжаттарды сканерлеп, электронды базаға енгізу жұмыстары болашақта да жүре береді», дейді директор.

 

Маманның ұсынысы

– Батыс Қазақстан архиві – Қазақ­стандағы басқа орталық және облыстық архивтерге үлгі-өрнек көрсетіп отыр деп айта ала­мын, – дейді алматылық тарихшы-генео­лог, әулет, ру, отбасы тарихын зерттеуші Нұржан Сәдір­бекұлы.

Елімізде архив ісін заманға сай дамыту, жетілдіру жөнінде үнемі бастама көтеріп жүретін Нұржан Сәдірбекұлы «Батыс Қазақстан архиві жасаған дүниені неге сіздер жасамай отырсыздар?!» деген сауалмен талай архивтің табалдырығын тоздырған.

– Әрине оралдық архивтің сайтында тізімдемелер әлі де толық болмауы мүмкін. Өйткені оны архивтің аз ғана штатымен толық жүзеге асыру қиын. Сондай-ақ тағы бір басты мәселе – біздің архивтер индексация жасау ісін дамытуы қажет. Мысалы, Біріккен Корольдік – Ұлыбританияның Ұлттық архивінде «Азаматтық архивист» деген жоба бар. Ол бо­йынша әлемнің кез келген адамы Ұлыбритания архивінде тұрған, өзі оқи алатын тілдегі құжаттарды аударып, индексациялап шығады. Яғни маңызды істі атқаруға Британ архиві қарапайым азаматтарды тартып отыр. Мұның пайдасы – ол мәліметтер google секілді іздеу жүйелерінде индекстеледі, сол сайттың өз ішінде индекстеледі, яғни кез келген кілт-сөз арқылы іздеу салғанда, индекстелген сөзді оңай тауып алуға болады. Мұ­ны бұрынғы советтік жүйеде «фами­лия арқылы іздеу» дейтін. Осы жұмыс қазір Ресейдің кейбір архивтерінде, мысалы Астрахань мұрағатында да басталды, – дейді шежіреші.

Нұржан Сәдірбекұлының мына ұсынысы да ескеруге тұрарлық:

«Архивте әр жылдары өткен халық санағы мәліметтері көп. Бұл генеологиямен айналысатын мамандар үшін ең керекті ақпарат көзі. Сондықтан архивтегі халық санағы тізімдерін – ауылдар, болыстар бойынша сол жерде тұрған халықтың тізімін алып, жеке сайттар жасаса керемет болар еді. Мысалы, Ресейде кейбір архивтер, кейбір энтуазистер осындай сайтты өздері жасаған. Мәселен, 1917 жылғы халық санағының мәліметтерін сайтқа толығымен салып шыққан. Бұл өлкетану үшін, іздеу жүйесін жетілдіру үшін өте қажет. Бұған көп мән беру керек».

Маманның бұл пікірін мұрағат қыз­меткерлері ескерер деп ойлаймын.

Нұржан Сәдірбекұлының айтуына қарағанда, биыл министрлікте «Цифрлы фабрика» атты жоба қолға алынып, аяғы тоқырап қа­лыпты. Бұған совет кезінде білім ал­ған, жаңаны жатырқайтын аға буынн­ың арасындағы «архивті цифрландырса, біздің құжаттар шетелге кетіп қалады» деген пікір себеп болса керек. «Бұл – еш мағынасыз үрей, керітартпа фобия», дейді жас ғалым.

Шынында да цифрландыру, онлайн қызметті дамыту – бү­гінгі күннің басты талабы екені сөз­сіз ғой. Сондықтан заманауи сұра­нысты дер кезінде ескеріп, әріп­тестеріне үлгі болып отырған орал­дық архивтің ісін Қазақстан бойынша тарату қажет деп ойлаймыз.

 

Батыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар