Әсия Әйіпқызының атына жылы лебіздер айтылып жатыр. Бір кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұлының құттықтауы оқылды.
«Аса қадірлі Әсия! Сіз қазақ жырының шалқар айдынына аққу болып қонып, ұғына білер көңіл мен сүйсіне білер көзді бірдей қуантып келгенсіз.
Ерекше дарыныңыз бен азаматтық қарымыңыз жұртшылықтың ыстық ықыласы мен шынайы құрметіне ие етті.
Дәрмені бітті деп жүрген ежелгі өнерді қайта дәурендетіп, тарихтың талқылы да тартысты кезеңінде халқымыздың кеткен қапысын түгендеп, еліміздің жығылған еңсесін көтеруге қызмет еткізе білген айтулы айтыскер ақындар көшбасшыларының біріне айналдыңыз.
Сіздің биік адамгершілікке, отаншылдық пен елжандылыққа, абзал азаматтық мұраттарға шақыратын шабытты шығармашылық еңбегіңіз әрдайым халық көңілінен шыға береріне сенім зор.
Өлеңіңіздей көркем, арманыңыздай асқақ өмір сүріп, мерейіңіз тасып, өркеніңіз өсе беруіне тілектестік білдіремін.
Зор құрметпен Әбіш Кекілбайұлы.
Астана. Тамыз, 2000 жыл.»
Әбіш Кекілбайұлының көркем, шебер тілмен жазған сөздері халықты ұйытып, баурап алды. Жүргізуші де мәнерлеп, бар даусымен көңілді әуеннің ақырын сүйемелдеуімен нақыштап, келістіріп оқыды. Құттықтау оқылып болған соң сілтідей тынып қалған адамдар ұзақ қол шапалақтады. Әбіш ағаның терең пайымды, жан тебірентер сөздері әсер етті ме, сахна төрінде тұрған Әсия Беркенованың көзіне жас тамшылары үйірілді. Мен де осы сәтте толқып, көңілім босап, өзімді әзер тежеп қалдым. Қылқалам шеберінің қазақ тілінің байлығын күн нұрындай таратып, адам жанын толқытып, сөз құдіретін елге сездіргені қандай ғажап десеңізші!
Есенгелді СҮЙІНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі