Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Волонтерлікті шыңдаған уақыт

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пандемия салдарынан күнделікті тіршілік адам танымастай өзгергені аян. Індеттің кең жайылуы түрлі салаға өзгеріс енгізіп, тұрмысымызды түрлендірді. Қысылтаяң шақ­та адамзаттың ең ізгі ниеті де сынға алынды.

Волонтерлікті шыңдаған уақыт

Волонтерлік жайы коронавирус инфекциясының таралған тұсында көп сөз болды. Біреулері еріктілерді науқастар емделіп жатқан ауруханаға көмекке шақырса, енді біреуі үйлерінде отырған егде жастағы не тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік пен керекті заттарды жеткізіп тұрды. Мамандар үлгермей жатқан қызметті ерікті жандар өз мойнына алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлер бағдарламасы пандемия кезінде 50-ден аса ұйымға мүше елде 6 мыңнан астам еріктіні коронавируспен күреске жұмылдырды. Осы секілді өзге де ұйымдар мен мемлекеттер пандемия кезінде індетпен күресті жеңілдетуге атсалысқан еріктілердің жұмысын жоғары бағалады. Тіпті волонтерлер қызметі вирусты ауыздықтауда маңызды рөл атқарғаны да баса айтылады. Денсаулық сақтау өкілдерінің кеңесі бойынша жасы үлкен кісілер үйінде оқшауланған тұста жастар халыққа қол ұшын созудан жалтармай, вирус жұқтырып алу қаупіне қарамай түрлі жұмысқа белсене кіріскен. Мәселен, Қызыл крест ұйымы 25 жасқа дейінгі еріктілер санының үш есе өскенін хабарлады. Осылайша үйінде оқшаулануға мәжбүр болған егде жастағы еріктілердің орнын толтыруға мүмкіндік туған.

Жалпы, БҰҰ ұсынған мәлі­мет­ке сенсек, дүние жүзінде жылда 1 млрд адам волонтерлік қызметке араласады екен. Олардың ішінде тұрғылықты жерінде қо­ғамға игі ісімен үлгі болып жүр­ген­дер­мен қатар, шетелдерге барып халықаралық деңгейде көмек­те­се­тін жандар да бар.

UNICEF балалар қоры да Қазақстанда #Пайда­сыБар­Ка­рантин жобасын бастады. Алғашында 200 баланың қа­ты­сумен басталған қозғалыс бүгін­де 1500 жасты қызықтырып үлгерген. Індеттің балаларға әсері денсаулығына төнген қауіптен де орасан. Олардың білім алуы, қатарластарымен араласып дамуы, жоспарлаған шараларына қатыса алмауы психикалық күйіне де әсер ететіні сөзсіз. Осы тұста оларға болып жатқан оқиғалар мен шаралардың себебін дұрыс түсіндіру арқылы көмектесуге, жағдайдың қиын екенін айтып көмек сұрауға да болады. Жобаға қосылған еріктілер өз қатарластарына онлайн платформалар арқылы індет жайлы толық мәлімет беріп, маңызды әлеуметтік хабарларды жеткізуде үлкен жұмыс атқарған. Мектеп жасындағы балалардың үлкендерден гөрі өзі­мен қатар жастардың айтқанына көбірек сенентінін түсінген ұйым­дастырушылар бұл маңызды миссияны жастардың өзіне тапсырды. Олардың ортақ тіл табысуы, күнделікті қолданатын онлайн платформаларды жетік меңгеруі көп көмектесті. Осылайша жоба мектеп жабылғанда ескерусіз қалған оқушылардың үйдегі уақытын тиімді пайдалануға арналды.

Бұл еліміздегі пандемия кезін­де­гі волонтерлік қызметтің бір ғана мысалы. Одан өзге қиын сәтте игі іске ортақ болған жандардың қатары көп. Індеттің аса өршіген жаз айында халық болып қаражат жинап науқастарға жетпей жатқан оттегі концентраттарын шетелден алдыртқаны есімізде. Бұл іске отан­­дастарымыз қолынан келгенше аянбады. Сондай-ақ ауруханаларға түскен жүктеменің салдарынан медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі анық байқалды. Сол сәтте дәрігерлер мен мейір­гер­лердің көмекке ерікті жастар келді. Санитар болып келген олар емделушілердің барлық жағдайын жасауға тырысты, ауыр оттегі баллондарын қабаттан қабатқа тасып, босағандарын қайта толтыруға жіберіп отырды. Жеке кәсіпкерлер аймақтарда бос баллондарды оттегіге қайта толтырып беріп отырды, тігін цехтері маска таратты, су компаниялары емханаларға ауыз су жеткізіп тұрды, мейрамханалар мен тамақ ішу орындары дәрігерлерге тамақ тасыды.

Елорданың өзінде жастар «Біз біргеміз» ұйымымен бірлесіп тұрғындарға 2 млн 200 мыңға жуық маска таратыпты. Олар арнайы рейдтерге қатысып, бақылау бекеттерінде болды, ауыр сырқаты бар мыңнан астам науқастың үйіне дәрі-дәрмек жеткізіп берді. Жастардың еңбегі бағаланып, үлкендерден бата алды, ал мемлекет тарапынан алғыс хаттармен марапатталды. Республика бойынша қанша адамның волонтерлікпен айналысқанын есептеу дәл қазір мүмкін болмағанымен, қоғамда өзгелерге жанашырлық танытып, қол ұшын созғандардың саны көбейгенін байқамау мүмкін емес. Енді тек осы жұмысты пандемия біткен соң да аяқсыз қалдырмай, бір жүйеге келтіріп, әрі қарай дамытудың жолдарын қарастыру қалады.

Сонымен қатар бұл оқиға­лар­дың биыл елімізде жарияланған Волонтер жылымен тұспа-тұс келгені тағы бар.

Волонтерлік қызмет жүйеге қойылған өркениетті елдерде де ерікті жандардың көбейгені, олардың коронавируспен күресте атқарған рөлі жиі сөз болып жүр. Мәселен, Ұлыбританияда індетке байланысты енгізілген қатаң шаралар кезінде 10 млн адамның тұрғылықты жерінде ерікті болғаны мәлім болды. Ал олардың 78 пайызы пандемия аяқталған соң да қызметін жал­ғас­тыратынын айтады. Жал­пы, тұрғындар оқшаулану ке­зінде елдің бірлігі артқанын және дағдарыста шағын қауым­дас­тық­тар­дың қарым-қатынасы нығая түскенін алға тартады. Ұлттық волонтерлік ұйымдардың бірі жеке адамдар ғана емес бизнестің де қайырымдылыққа көбірек назар аудара бастағанын айтады. Індетті жоюға бағытталған арақашықтық сақтау не үй­ден шықпау секілді шаралар еріктілердің қызметіне де әсер етпей қоймады. Жалпы, волон­терлік сөз болғанда Ұлы­бри­танияның мысалы алға шығатыны бекер емес. Аталған елде игі іспен жарысатын қоғамда ерікті болу тұрғындардың санасына күнделікті атқаратын жұ­мыс се­кілді қалыптасқан. Қайы­рым­ды болғысы келетіндер бізде де көп, тек көбі неден, қалай бастарын білмей жатады. Осы тұста волонтерге бірізді жүйенің болуы көп көмектеседі. Батыстағы еріктілердің карантин кезіндегі күнделікті қызметі де қызық: үйінде оқшауланған тұрғындар үшін сауда жасау, итін серуенге алып шығу, азық-түлік жеткізу, науқастарды тасу. Тіпті жасы үлкен қарияларға хабарласып қал-жағдайын сұрау мен әңгіме-дүкен құру да бір игі іс екен. Батыста жалғыз тұратын егде жастағы адамдардың көп­ті­гін ескерсек, бұл қызметтің олар­дың психикалық күйіне қан­шалықты жағымды әсері бар екенін айту артық. Ал дамыған елдер адамның физикалық ден­сау­лығымен қатар менталды жағ­дайына да аса мән беретіні бесенеден белгілі.

Ұлыбританияда тұрақты түрде ерікті болуға көбіне 65-74 жастағы тұрғындар ниетті екен. Ал ендігі кезекте жастарды тарту мүмкіндігі артады деп үміттеніп отыр. Біздің елде де бұл бір реттік науқан болып қалмай, жас­­тардан бөлек басқа да азаматтар­ды жұмылдыратын ұлттық қоз­ға­лыстың бастамасы боларына се­неміз. Өйткені түпкі мақсат – қайырымды жандардың ниетін бір толқынға тоғыстырып, ақсап тұр­ған салаға қарай бағыттау және волонтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.