Қоқысты өңдеу мен сұрыптау көңілдегідей емес. Соңғы алты айдың ішінде 138 мың тонна қоқыс жиналған. Соның небары 3 проценті ғана қайта өңделіпті. Қалғаны аяқ астында бей-берекет шашылып жатыр.
Облыс аумағында 130 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының заңдастырылған жер актісі бар. Оның тек 20 проценті ғана экологиялық, санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуде. Демек, қоқыс орындарының көп екендігі көзге көрініп тұрған жоқ па? Ең бастысы, қалдықтарды жеке сұрыптау және қайта өңдеу жүйесінің жолға қойылмауында болып отыр, дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов.
"Ғарыш сапары" ғарыштық мониторингтің нәтижесінде облыс көлемінде 1593 қоқыс орны анықталып отыр. Оның 854-і экология департаментінің жанды жұмысының нәтижесінде жойылған. Мамандардың айтуына қарағанда, қазіргі күні барлық талаптарға сай жұмыс істейтін 26 ғана полигон бар екен. Өзгелерінің талапқа сай келмеуі, өңірдегі эпидемиялық проблемаларды ушықтыруы әбден мүмкін.
–Биыл қала іргесіндегі Краснояр ауылында қоқыс үйінділері бірнеше мәрте өртеніп, бірсыпыра мәселе туғызды,–дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов,–бұл селода жұмыс істеп тұрған полигон "Эко-Dump" компаниясының меншігі. Жаңа полигон салынғанша, осыны қолданамыз.
Ел үміттеніп отырған жаңа қоқыс зауыт құрылысының құны 6 миллиард 700 миллион теңге. Әзірге жобасы ғана бар. Барлық экологиялық талаптарға сай келетін аталмыш жоба жүзеге асқанша, Краснояр ауылындағы полигонның аумағы қажеттілігіне орай кеңейтіле түспек. Экологтар болса, қоқыс қалдықтарын сұрыптап, қайта өңдеу ең дұрыс шешім деп отыр. Ол үшін жалғыз облыс орталығында ғана емес, аудандарда да қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жинақтап, сатып алатын бөлімшелер көбеюі тиіс. Осылай болғанда арнайы құрылыс салғаннан арзанға түседі.
Өңірде осы бір мәселеге жеткілікті көңіл бөлінсе, Көкшенің көркі бастапқы пәк, таза қалпына келіп қалуы әбден мүмкін.
Көкшетау қаласы