Руханият • 24 Қыркүйек, 2020

Киелі мекен – Ақмешіт

3477 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақала­сында Қазақстандағы киелі жерлер географиясының картасын жасақтау айтылған еді. Атырауда аталған картаға енген жеті тарихи нысан бар. Оның бесеуі Жылыой ауданының аумағында орна­ласқан. Соның бірі – Ақмешіт қорымы.

Киелі мекен – Ақмешіт

Жем өзенінің жағасындағы биік төбенің үстінде, Ақкиізтоғай ауы­лынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орна­ласқан бұл қорым туралы көп ай­тыла бермеуші еді. Ел-жұрт та жете біле бермейтін. Десек те, кезінде Үстіртте болған экспе­диция мүшесі А.Дюгамель Ақ­мешіт жайында «Ақ бор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сыйып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым, биіктігі кісі бо­йындай, дөңгелек киіз үй піші­ніндегі сағана тамға кіреді. Сырт­та құдығы бар» деп естелік қал­дырыпты.

Ақмешіт – ағартушы, абыз-көреген, сәулетші Бекет Мыр­зағұлұлының (1750-1813 жж.) ту­­ған жері. Халық айрықша қа­дірлеп, әулие тұтқан оның 1771-1774 жылдары осында жерас­ты мешітін салдырып, шәкірт тәр­биелегені тарихи деректерде айтылады. Оның үстіне атасы Жаналының, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәнияның, ұлы Тоғайдың мәңгілік тыныстаған мекені бұл.

Соңғы кезде, әсіресе еліміз тәуел­сіздігін алғаннан кейін Ақ­­­­мешітке жұрт жан-жақтан маң­дай тірейді. Қазақстанның әр облысынан, өзге де көршілес елдерден арнайы келетіндер бар. Олардың арасынан өзге ұлттың өкілдерін де кездестіруге болады. Бәрі де мұндағы түнек үйіне қона жатып, Ақмешіттің тарихына қанығып аттанады.

Бекет атаның ХVІІІ ғасырда дәл осында салдырған алғашқы жерасты мешітін кезінде имансыздар оқ-дәрімен жарып, құ­латып тастады. Көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр ғана қалғанын айтады. Сол ме­шітті Жылыой ауданының жү­регіне иман ұялаған азаматтары 1998 жылы Маңғыстаудан шеберлер шақырып, қайта жаңғыртты.

Қазір Ақмешіт қорымы мемлекет қорғауына алынды. Қо­рымда бірнеше құлпытас бар. Мұнда Ислам қажы Мырза­бекұлы қайта жаңғырған жерас­ты мешітін ұстап отыр. Шы­рақшы келушілерге Бекет ата­ның таңғажайып қасиеті туралы еш жалықпастан әңгімелейді. Ислам қажының айтуынша, Бе­кет ата Ақмешіттен ілім-білім із­деп, Хорезмдегі Бақыр­жан қа­жыдан дәріс алуға аттан­ған. Ал Бақыржан қажы өзге шә­кірт­­терінен гөрі Бекет ата­ның ұс­тамдылығына, білімге құмар­лығына, зеректілігіне риза болып, батасын беріпті.

Кейіннен Бекет ата Ақмешіт­тен соң Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жерасты мешіт­терін қашап салыпты. Ислам қажы Бекет атаның ерекше қа­сиеттерін, сәулеткерлігін тереңі­рек тану үшін Ақмешіттен бас­тап барлық жерасты мешітін көріп, Бақыржан қажы дәріс бер­ген Хорезмдегі медресеге барып келді. Шымкент, Жамбыл өңір­лерінде, Түрікменстанда тұратын ата ұрпақтарымен кездесіп, ел жадында жатталған аңызға бер­гісіз тарихи әңгіме­лерді жинас­тырды. Соның негізінде 2008 жылы 740 беттік «Бекет ата» кіта­бын шығарды.

Бекет атаның аруағына арналып қасиетті мекен – Ақмешітте арнайы ас беріліп, құран ба­ғыш­талып тұрады. Сондай шара­ларға жан-жақтан жиналған жұрт­шылық ұдайы Бекет ата туралы кеңі­рек тануға, көбірек білуге ынта қояды. Өйткені еліміздегі тарихы – терең, шежіресі – бай, талай ұлылар кіндік кескен киелі өңірдің бірінен саналатын Аты­рау топырағында дүниеге келген ұлықтың бірегейі – Бекет атаны тек атыраулықтар ғана емес, иісі қазақ, жалпы мұсылман қауымы қастерлейді.

«Мәдинада – Мұхаммед, Түр­­кістанда – Қожа Ахмет, Маң­­ғыстауда – Пір Бекет» деп хал­қымыз Бекет атаны ең қасиетті тұл­­ғасының біріне балады. Жерін қор­ғаған батыр, бойындағы тылсым күшті халқына шипалыққа арнаған емші, таңғажайып қа­сиеттер иесі, болашақты болжай білген көріпкел, сәулет өне­рінің қайталанбас шебері, жас­тарға имандылық нұрын сепкен ағартушы, жас кезінен ізгілік жолын таңдаған Бекет бабамыз тек бір атаның ғана емес, адамзаттың баласы атанғаны даусыз еді.

Алаштың заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Ақмешітте берілген астың бірінде «Бекет атаның бү­кіл өмірі адамдар мен халықтар ара­сындағы қақтығыстарды тежеп, қоғам мен табиғат арасын­дағы үйлесімділікке шақырады. Береке мен пәтуаны, ынтымақ пен ыждағатты іздепті. Әуле­­кілік­тен тартындырып, әділет­тілікті мұрат етті. Шариғат пен ата жолын табыстырып, заманауи өзгерістерді жақсылыққа қыз­мет етуге үндеді. Бекет өне­гесі – тарихи сабақтастыққа адал­дықтың үлгісі. Сан жылдар бойы отаршылдық пен тота­­литарлық басыбайлыққа той­тарыс беріп, отаншылдық пен бұқарашылдықты жебеді. Тәуелсіздік алған халқымыз ба­ба­мызға шексіз ризашылығын білдіріп, басын иіп, ізгілікке үн­деген шарапатты жолын қастер­лей береді. Ілгері басқан әр қада­мы­мызды қайырлы қыла гөр, жақ­сылықтың жарылқаушысы, пір Бекет әулие!» деп оның қа­зақ елі тарихындағы орны мен маңызын тереңнен тарта тебірене толғанып еді.

Ақмешіттегі жерасты меші­тінде Бекет ата ұстаған асатаяқ­тың көшірмесі тұр. Онда арабша жазулар бар. Демек, бұл аса­таяқ­тың түпнұсқасында да жазылғаны даусыз.

– Шежірелі тарихымызды­ түген­дер келісті істің бас­тауы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қолдауымен жүзе­ге асқан «Мәдени мұра» бағдарла­масының аясында қолға алын­ды. Ақмешіт қорымы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасындағы Қа­зақ­станның киелі жерлер гео­графиясының картасына енді. Бұл біздің еліміздегі осындай киелі жерлерімізді терең зерттеу­ге жол ашады. Енді Ақмешіттей киелі қауымдағы құлпытастар мен атаның асатаяғындағы жазуларды оқи алатын араб тілін меңгерген ғалымдар қажет, – дейді Бекет ата мұрасын жинаушы Ислам қажы Мырзабекұлы.

Шынында да Бекет атаның аса­таяғында не жазылды екен?!. Жылдар өткен сайын жұрт­шылықтың Бекет атаның бір басына қонған ғажайып қасиеттерін терең тануға ынта-ықыласы арта түсті.

 

Иманқара тауының құпиясы

Жылыой ауданында құпия­сы көп мекеннің екіншісі – Иман­қара-Қойқара кешені. Жергілікті жұрт бірін Иманқара тауы, екін­шісін Қойқара тауы деп атайды. Әрине тау делінгенмен, Ала­таудай заңғар емес. Бірақ «Обаны – адыр, адырларды төбе деп, Төбелерді тау деседі біздің ел» деп бард-ақын Табыл Досы­мов жырлағандай, жер­гілікті тұрғындар үшін екеуінің де таудан кемдігі жоқ.

Бұл кешен Жылыой ауда­ны­­ның орталығы – Құлсары қаласының солтүстік шығы­сындағы жазықта орналасқан. Әсіресе ел ішінде Иманқара тауы туралы көп айтылады. Оның ұзындығы – 2 шақырым, ені – 300 метр, биіктігі – 200 метр. Белгілі археолог, академик Зейнолла Самашевтың зерттеуінше, Иманқарада сармат­тардың жерленгені анықталыпты. Таудың батыс сілемінде құлпы­тастар кездеседі. Топырақ пен тастан үйілген он зират, бор тасынан қаланған бір сағана там орналасқан. Оның көлемі – 3х4 метр. Тақта құлпытастардың бетіне салынған ру таңбалары әлі толық зерттелмеген. Қабірлер шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиесілі болуы мүмкін. Таудың батыс жақ етегінде үңгір бар. Жергілікті жұрт оны «Иманқара үңгірі» деп атайды.

Академик Зейнолла Сама­шев 1989-1991 жылдары археоло­гиялық қазба жұмысын жүргізіп, алты оба мен біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қа­бірлерді тапты. Қабірлерде адам сүйектерімен бірге қанжар, қо­ла жебе, қола айна, шыны мон­шақ, қыш ыдыстар көміліпті. Қорғандардың биіктігі 0,5-1 метр аралығында, диаметрі 3-15 метр­ге дейін жетеді екен. Ал 2005 жылы Атырау археологиялық экспедициясы ұйымдырған арнайы зерттеу жұмысы кезінде 18 оба табылыпты.

Үңгірдің биіктігі – 2, ені – 2,5 метр. Тереңдігі – 25 метр. Тік төрт бұрышты болып қазы­лыпты. Үш дәлізі, қуыс­тары бар. Қабырғаларында күрек, қайла іздері әлі күнге дейін сақталыпты. Үңгірде от жағыл­ғанын қабырғалары мен төбесі­нің күйеден қарайғанынан байқа­лады.

Бұл үңгірге қатысты зерттеу­шілер әрқилы пікір айтады. Кейбірі оны 1911 жылы қазылған дегенді ұстанады. «Ағылшын кәсіпкері Нобель 1911 жылы Ембіде мұнай іздестіруге концессия алған. Сол кезде үңгірді қойма ретінде қазуы мүмкін. Өйткені мұнай қондырғысының орны бар» дейді жергілікті өлкетанушы Юрий Пастухов.

Иманқара тауы жазық далада алыстан айбарланып көрінеді. Оның Иманқара аталуының сыры неде? Тарихшылардың пікіріне сүйенсек, бұл адам аты­мен байланысты болуы ға­жап емес. Мұны өлкетанушы Өтеп­берген Әлімгереев те жоққа шы­ғармайды.

– Кезінде Адай көтерілісі Иманқара тауының маңынан бас­тау алған деген дерек бар. Сол көтерілісте ерлігімен танылған батырдың есімі берілуі мүмкін екенін ескеру керек. Жалпы, бұл таудың тарихын зерттегенде жан-жақты дәлелдерді келтірген дұрыс. Осы жерде терең шыңырау қазылған. Тау­ға таяу 200 метрлік дөң үс­тін­де мұртты қорғандар бар, – дейді өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев.

Оның айтуынша, Иман­қа­радағы үңгірге 1911 жылы Батыс Қазақстанның мұнай-газ бассейндерін игеруге кел­ген Альфред Нобельдің инже­нер­лер штабы орналасқан. Соның дәлеліндей, таудың етегінде әлі күнге дейін ХХ ғасыр­дың басындағы бұрғылау қондырғысының қаңқасы тұр. Нобель үңгірді едәуір кеңейтті деген нұсқа да айтылады. Тағы бір оқиға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен байланысты өрбиді. 1944 жылы немістер дәл осы таудағы үңгірге Түркістан легионының сарбаздарынан құралған әуе десантын түсірді. Өйткені оларды жергілікті тұр­ғындар қолдайды деген жоспар іске асқан жоқ. Диверсанттар НКВД-ның қызметкерлерінен қашып, Иманқара үңгіріне ты­ғылуға мәжбүр болған деседі. Кейін бәрінің көзі жойылды.

Иманқара тауына қатысты әлі ашыла қоймаған құпиялар болуы мүмкін. Таудың тарихын тарихшылар әлі де зерттейтін болар. Бәлкім, сол кезде көпшілікке беймәлім құпиялар ашылары даусыз.

 

Атырау облысы,

Жылыой ауданы