Өнер • 24 Қыркүйек, 2020

Өнердің егіз өрімі

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлия мен Әсия Маңғыстау ауданы Шайыр ауылында тұрады. Сурет әлемінің қыр сырын меңгерген егіз қыздар кез келген суретке «тіл» бітіріп, мінез береді. Олардың көптеген туындылары облыс көлемінде жүлделі орындарды иеленген. Бүгінде екеуі Орал қаласындағы жоғары оқу орнының бірінші курс студенті.

Өнердің егіз өрімі

– Кішкентайларынан теледидарда көрсетілетін түрлі мультфильм кейіпкерлерін үйдің қабырғасына салатын. Содан үйдің қабырғалары кейіпкерлерге тола бастады. Басында қыздарыма ренжідім. Кейіннен олардың бойындағы таланттарын байқадым. Өйткені, салынған суреттер тура мультфильмдегіден айнымайтын. Кейін қыздарымның бұл қабілеттерін мектеп мұғалімдері байқап, талаптарын әрі қарай шың­дауға күш жұмсады. Әсіресе мек­тептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Шынар Жеңісқызы көп көмек көр­сетті, дейді қыздардың анасы Жүз­баева Қамажай.

Ал ұстаз Шынар Жеңісқызының айтуынша, Әлия мен Әсия түрлі жанрда сурет салады. Анимациялық, портрет, шыныға сурет салу, көшірме сурет, тарихи, тұрмыстық бағыттағы суреттерді қағаз бетіне түсіреді.

– Әлияға бірде облыстық жарыс­та жеребе суырғанда өзіне таныс емес комикс жанры түсті. Қазақтың батырларларының бейнесін аңыз бойынша бедерлеу керек. Беріл­ген уақыт ішінде «Керқұла атты Кендебай» ертегісін бір қағаздың бетіне он бес суретпен бейнелеп шығып, екінші орынды иеленді. Осылайша өзіне таныс тақырып болмаса да еш қаймықпастан жарысқа қатысқан 15 оқушының ішінен суырылып алға шықты, – дейді ол.

Оқушының қабілетін танып, тәрбиелей білген ауыл ұстазы қос су­­рет­ші шәкіртін алысқа ұшырды. Олардың болашағына үлкен үмітпен қараған оның енді ауылдағы өзге де талантты балалардың қанатын қатайтып, томағасын сыпыруға себі тиеді деп ойлаймыз.

 

Маңғыстау облысы