Саясат • 24 Қыркүйек, 2020

Канадада Қазақстанның реформалары мен сыртқы саясаты талқыланды

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оттавада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауы аясында Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге арналған халықаралық онлайн конференциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Канадада Қазақстанның реформалары мен сыртқы саясаты талқыланды

Үкіметтік, академиялық және дипломатиялық топтар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Елшісі Ақылбек Камалдинов Мемлекет басшысының азаматтық қоғаммен тығыз әрі сындарлы өзара іс-қимылда демократиялық өзгерістерді жалғастыруға бейілділігін атап өтті. Ол конференцияға қатысушыларды Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының негізгі басымдықтарымен таныстырып, аталған бағдарламалық құжат 2019 жылғы маусымда Президент Қ.Тоқаевтың осы лауазымға сайланғаннан бері басталған реформалардың логикалық жалғасы болып табылатынын айтты.

Елшінің пікірінше, ҚР Президенті жыл сайынғы Жолдауында белгіленген басымдықтар аясында Қазақстан мен Канада арасында саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. "Биылғы жылы Мюнхенде Президент Қ.Тоқаев Премьер-Министр Дж.Трюдомен бірінші рет кездесті, бизнес-топтардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарлануда, екіжақты сауда дамып келуде. Біз Канада тарапымен тығыз қарым-қатынасымызды жалғастыруға үміттенеміз", деді елші.

Іс-шарада Канаданың Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы бұрынғы елшісі М.Скок, Канаданың Еуразия және Ресейдегі іскерлік қауымдастығының (CERBA) төрағасы Ж.Бретон, Карлтон университетінің мемлекеттік саясат факультеті деканының орынбасары Д.Менделофф сөз сөйледі. Баяндаушылардың пікірінше, біздің еліміз қысқа мерзім ішінде экономика мен әлеуметтік салада айтарлықтай серпіліс жасай алды. Конференция қатысушылары Қазақстан шетелдік инвестицияларды тартуда өңірдің басқа елдері үшін үлгі болып табылатынын айтты, сондай-ақ саяси және экономикалық өзгерістер жалғасатынына сенім білдірді.

Конференция көпшіліктің назарын аударды. Іс-шараға Орталық Азияны зерттеумен айналысатын Канада мен Қазақстанның жеті жетекші университеттерінің ғалымдары мен зерттеушілері, канадалық жоғары оқу орындарының студенттері мен журналистер де белсенді қатысты.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан халқының Президент Қ.Тоқаевтың реформаларына деген жоғары сенімін атап өтті. Іс-шара канадалық ғылыми, үкіметтік және бизнес топтардың екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті арттыруға қызығушылықтары бар екенін көрсетті.