Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Жамбыл облысында мешіт қызметкерлері тал отырғызуда

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халқымызда "Атадан мал қалғанша, тал қалсын", дейтін даналық бар. Өзгеге сая болу үшін әрі қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында тал егу дәстүрі елімізде ертеден қалыптасқан. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбар да "Кімде-кім бір тал ексе, Алла Тағала міндетті түрде бұл тал жеміс бергенше оған сауап жазады" деген. Сондықтан да тал егудің пайдасы да, сауабы да мол, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында мешіт қызметкерлері тал отырғызуда

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай аталған басқарманың төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде "Жасыл Қазақстан" эко-шарасы ұйымдастырылған болатын. Шара аясында Жамбыл облысы бойынша 3651 түп ағаш егілді. Оның ішінде 1070 түп жеміс талы, туя, қара ағаш, терек және тағы да басқа талдар бар.

Игі шара Тараз қаласынан бастау алып, облыс аудандарында жалғасты. Әуелі қала мешіттерінің ауласына ағаштар егілді. Одан кейін Жамбыл ауданының Бектөбе, Айша бибі, Бәйдібек ауылдарындағы мешіт маңына жалпы 60 түп тал егілсе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, облыстық орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған мешіт қызметкерлері, имамдар мен мешіт жамағаты Меркі ауданы бойынша 30 тал отырғызды. Сонымен қатар өңір имамы "30 жылдыққа 30 мың тал отырғызу" науқаны жайында сұхбат беріп, ел амандығы үшін дұға жасады.