Қоғам • 24 Қыркүйек, 2020

Алматының “Шығыс қақпасындағы” жолайрық мыңдаған адамның сапарын жеңілдетеді

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Құлжа тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында салынып жатқан жолайрығының құрылысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматының “Шығыс қақпасындағы” жолайрық мыңдаған адамның сапарын жеңілдетеді

«Құлжа тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында қаланың «шығыс қақпасы» жанындағы қозғалысты жеңілдететін көлік айрығы салынуда. Қала тұрғындарына «әуежай айналма жолы» ретінде таныс бұл аймақта көлік нөпірі сейілмей тұр», – деп жазды қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Шаһар басшысының мәліметінше, жобаға сәйкес мұнда төрт және алты жолақты қозғалыспен жүретін заманауи әрі көпдеңгейлі жол өткелі салынады. Құлжа тас жолы бойындағы эстакаданың ұзындығы 784 шақырым, Бұқтырма көшесіндегі туннелдің ұзындығы 570 шақырым. Аумақтың айналасын абаттандыру үшін 750 ағаш отырғызылады.

«Жоспар бойынша келесі жылдың соңына қарай пайдалануға берілгеннен кейін Бұқтырма көшесінің өткізу қабілеті 30%-ға, ал Құлжа трактісі бойынша 15%-ға өседі. Жалпы бұл жолайрығы Түрксіб ауданы мен қала маңындағы елді-мекендердің 350 мыңға жуық тұрғынының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызбақ», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Еске салсақ, қазіргі кезде Алматыда Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесінің және Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесінің қиылыстарында тағы екі көлік жолайрықтары салынып жатыр. Олардың құрылысын 2021 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.