Саясат • 24 Қыркүйек, 2020

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін басқарады

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейнеконференция форматында отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін басқарады

Кездесудің басты мақсаты АӨСШК-тегі төрағалықтың Тәжікстан Республикасынан Қазақстан Республикасына табысталуы болды.

М.Тілеуберді Қазақстанның АӨСШК-те 2020-2022 жылдарда төрағалық ету барысында көзқарасы мен басымдықтарын ұсынды. ҚР СІМ басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында алғаш рет жариялаған АӨСШК-ті құру туралы идеясы Азиядағы сенімділік пен қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға ықпал еткенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы төрағалығының басты басымдығының бірі ретінде Кеңесті одан әрі институттандыру, бұл өз кезегінде оған мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Форумның халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, 2019 жылы маусымда Душанбеде өткен саммит барысында АӨСШК Даналар кеңесін, АӨСШК қорын құру мен АӨСШК-тің талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыру жөніндегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын ілгерілету жоспарлануда.

Министр қазақстандық төрағалық барысында АӨСШК-тің Сенім шаралары каталогын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша, сондай-ақ басқа да аймақтық ұйымдармен және форумдар мен сыртқы байланыстарды кеңейту бойынша жұмыстардың нығайтылатынын атап өтті.

Министрлік кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбайдың кандидатурасын АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры лауазымына бірауыздан мақұлдады.

Сонымен бірге, қатысушы елдердің басшылары халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің коронавирустық пандемия жағдайындағы ынтымақтастық пен келешегі бойынша сындарлы пікір алмасулар жүргізді.

Жиынға қатысушылар Кеңес шеңберіндегі ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын және Қазақстанның Форумдағы төрағалығы барысында Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен өркендеу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін атап өтті.

АӨСШК-тің басты мақсаттары Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылымды құруға бағытталған.

Қазіргі таңда АӨСШК-ке 27 мемлекет мүше, 8 мемлекет  пен 5 халықаралық ұйым Кеңестің жұмысында бақылаушы ретінде қатысады. АӨСШК хатшылығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.