Саясат • 25 Қыркүйек, 2020

Жұмыспен қамту – басты міндет

19 рет көрсетілді

Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша қолға алынған шаралар жайы кеңінен талқыланды. Жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева сөз тізгінін ұстады. Ол халықты жұмыспен қамту еліміздің саясатында әрдайым маңызды орын алғанын атап өтті.

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен­дей, қазіргі жағдайда халықтың жұмыс­пен қамтылуы мен табысын сақтау абсолютті басымдық болуға тиіс. Ал халық­ты жұмыспен қамту – «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеті. Бұл бағдарлама Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тапсырмасы бо­йынша 2017 жылдан бастап іске асып келеді. Министрліктің мәліметі бойын­ша, бағдарлама жүзеге асқан жыл­дары 1 млн 200 мыңнан астам адам жұмыс­қа орналасқан. Дегенмен бұл мәсе­леге де қазіргі пандемия әсер етпей қой­ма­ды. Карантин кезінде көптеген адам­ның жұмыссыз қалғаны белгілі», деді Г.Исимбаева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің есебіне сүйенсек, 2020 жылдың екінші тоқсанының қоры­тын­дысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5% көрсеткен, ал жұмыссыздар саны 0,2% өсіп, 454 мың адамға жеткен. Осыған байланысты Гүлмира Исимбаева Үкіметтің басты міндеті – қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету екенін баса айтты.

«Бағдарламаның орындалу барысында депутаттар тарапынан біраз сын-ескертпелер айтылған еді. Әсіресе бағ­дар­ламаға бағытталған көптеген қаражаттың жұмсалуының тиімділігі мәселесі көте­рілді. Жалпы, 2011 жылдан бастап жұ­мыс­қа орналастыруды қамтамасыз етуге шамамен 1 трлн теңге бюджет қара­жаты бөлінді. Бірақ жұмыссыздық айтар­лық­тай азайған жоқ және депутаттар осы қаражаттың тиімді жұмсалуына бірнеше рет Үкіметтің назарын аударды», деді вице-спикер.

 

8 айда 238 мың жаңа жұмыс орны

Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау үшін депутаттар алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов сөз алды. Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дар­ға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру туралы баяндаған министр коронавирус пандемиясы мен жаңа экономикалық жағдайда халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілетінін алға тартты. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға мүмкіндік туады.

«2017 жылдан бері бағдарламаға 2 мил­­лионнан астам адам, оның ішінде биыл 430 мың адам қатысты. Бағдар­ла­маның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және де «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылды. Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілді. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылды», деді Б. Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, микрокредиттер және гранттар беру арқылы өзін жұ­мыс­пен қамтыған және жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлерді қалыптастыру 153 мың тұрақты жұмыс орнын құруға сеп­тігін тигізді, оның ішінде микрокредит пен грант алушылар қосымша 42 мың жұмыс орнын ашты.

46 мың қатысушы 8 мың АЕК-ке де­йінгі мөлшерде кредит алды. Оларға жеңілдетілген жағдай жасалды. Мик­ро­кредит алушылардың саны үш жылда 2,5 есе, қосымша жұмыс орындарының са­ны 5 есе өсті. Алғаш рет микрокредит алу­шылардың 63%-ы өз бизнестерін ашты.

Ал грант мөлшері 200 АЕК-ті құрайды, қазір ол 555 мың теңгеге тең. 65 мың адам грант алды, оның 56 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді.

«Бағдарламаға қатысушылардың есе­бінен шағын және орта бизнес сала­сын­дағы жұмыспен қамтудың өсу үлесі 11%-ды құрады. Экономикаға қосымша оң әсер шығарылатын өнімнің жылына шамамен 73,7 млрд теңгеге өсуімен бағаланады», деді Б.Нұрымбетов.

Сонымен қатар 2020 жылы жұмыс орындарын құру қарқынын басқа мем­лекеттік бағдарламалар шеңберінде ұстап тұру мүмкін болды. 8 айда 238 мың жұмыс орны құрылды. Бұл іске «Нұр­лы жол» (117 мың), «Нұрлы жер» (28 мың), «Цифрлы Қазақстан» (25 мың) бағдар­ла­малары ең көп үлес қосқан.

 

Уақытша жұмыс жастарға тиімді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс­сыз­дықтан әлеуметтік қорғау арқылы халықтың нысаналы топтары үшін мемлекет субсидиялайтын 586 мың уақытша жұмыс орны құрылғанын хабарлады.

Осылайша жастар практикасы аясында білім беру ұйымдарының 115 мың түлегі жұмыспен қамтылды. Оның 54%-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, ал 40%-ы жоғары оқу орындарының түлектері. ЖОО мен ТжКБ-нің әрбір оныншы түлегі 69,5 мың теңге жалақы алып, осы қолдау шараларымен қамтылған. Практикадан өткен түлектердің жартысы оны өткен жерінде тұрақты жұмысқа орналасуда.

84 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, олар – негізінен көпбалалы аналар, мүмкіндіктері шектеулі, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, жетім балалар, зейнеталды жастағы адамдар. 12 айда 65,6 мың теңге орташа жалақының 35,6%-ы субсидияланады. Содан кейін 68%-ы тұрақты жұмысқа орналасады.

Үш жылдан астам уақыт ішінде қо­ғам­дық жұмыстарға 387 мың адам жіберілді. Бұл белгілі бір себептермен өз бетінше бос жұмыс орындарына тұ­ра алмаған азаматтар. Қоғамдық жұмыс­тар­дағы орташа жалақы 57,4 мың теңгені құ­райды. Қоғамдық жұмыстарға қатысушы­лар­дың 61%-ның тек орта білімі бар, 75%-ы жұмыссыз, шалғай ауылдарда тұра­ды. Бұл адамдар тұрақты жұмысқа орна­лас­қанға дейін жұмыссыздар есебінен шыға­рылмайды.

«Жұмыс орындарын субсидиялау ең­бек нарығындағы жағдайға жедел жә­не икемді әрекет ету құралы ретінде таныл­ды. Осы тетікті қолдана отырып жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу және кә­сіпкерлікке тарту арқылы жалпы 739 мың жұмыс орны құрылды, оның 153 мыңы – тұрақты және 586 мыңы – уақытша. 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есе өсті», деп атап өтті министр.

Ол сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасының құралдарын үнемі жетілдіріп отыратынын атап өтті.

«Мәселен, біз еңбек өтілі жоқ жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Тағы бір бастама – «Ұрпақтар келісімшарты», бұл зейнеткерлікке шығатын мамандардың алты ай бойы өз тәжірибесі мен жұмыс орнын жаңа кадрларға «табыстауы». Біз сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарды атаулы жұмыспен қамтуды жүзеге асырамыз. Бұл ретте 3115 адам тұрақты жұмысқа, 6877 адам уақытша жұмысқа орналастырылды», деді Б.Нұрымбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі пандемиядан туындаған жа­һан­дық дағдарыс жалпы әлемдік эконо­микаға айрықша кері әсер еткенін баса айтты.

«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты қолдау және экономиканы тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан кірісті жоғалтқаны үшін бір ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеу­мет­тік төлем – 16 наурыз және 11 мамыр аралығындағы төтенше жағдай кезеңінде 4,6 млн адамға, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында карантинді күшейту кезінде 2,4 млн адамға тағайындалды. Шығыстардың жалпы сомасы 475 миллиардтан астам теңге болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде жұмыссыздарға азық-түлік, тұрмыстық жиынтық ретінде 2 АЕК көлемінде төлем жүргізілді. Мұндай төлемді наурыз-мамыр айларында 1 млн адам, ал шілдеде 1,1 млн адам алды», деді ол.

Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар Жұмыспен қамтудың жол картасы да саланы ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосты, бұл жерде жобаларды іске асыруға 1 трлн теңге бөлінген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы 179 мың адамға жұмыс тауып берген. Олардың орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін ескере отырып, 700 мыңға жуық адам кіріспен қамтамасыз етілді. Шағын және орта бизнестің 19 мың субъектісі 370 млрд теңгеге тапсырыс алды, бұл 114 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Жол картасы жобаларын іске асыру болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады», деді министр.

Жол картасы дағдарыс кезеңінде халықты жұмыспен қамту және табыс­пен қамтамасыз етуден басқа әлеу­меттік, коммуналдық және көлік инфра­құ­рылымының жөнделген және жаңа нысандары түрінде болашақ үшін әлеуметтік қор қалыптастыруда. Бұл 3 ауысымды және апатты мектептер, білім беру, ден­саулық сақтау, ауыл тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігі, суармалы, жайылымдық жерлердің аумағын ұлғайту және ауылдық елді мекендерді газдандыру сияқты түйткілді мәселелердің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді.

Б.Нұрымбетов өз сөзінде пандемия кезінде еңбек нарығына төніп тұрған қауіп-қатерлерді де атап өтті.

«Пандемияның еңбек нарығы үшін қатерлері мен теріс әсерлері әлі де бар. Біздің бағалауымыз бойынша, егер де коронавирустың екінші толқы­ны себебінен қатаң шектеу шаралары қайта енгізілген жағдайда 2 млн 200 мың­нан астам адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Болжам бойынша жұмыс­пен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 млн адам жұмыс режімін сақтап қалады. Негізінен бұл ауыл ша­руа­шылығы, құрылыс, өндіріс және ден­саулық сақтау саласындағы қызмет­кер­лер. Үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан жұмыс істейді. 2 млн адам­ның жұмыс уақыты қысқаруы мүмкін, олар ақылы немесе ақысыз демалысқа шығуы ықтимал. Бұл – сауда, көлік және тамақтану саласында қызмет ететіндер. Бағалау бойынша 162 мың адамның жұмыссыз қалуы да мүмкін», деді баяндамашы.

Министр сөзінің соңында, COVID-19 пандемиясы мен карантиндік шектеу шараларын қайта енгізу қаупі сейіл­меген жағдайда Үкімет мемлекеттік бағдар­ламалар шеңберінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс орындарын құру бойынша жедел және жүйелі шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.

 

Басым бағыттар анық

Жиын барысында Мәжіліс депутаттары Біржан Нұрымбетовке халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

Солардың қатарында депутат Сауытбек Абдрахманов министрліктің жұмыс бағытына байланысты тілегін білдіріп, биыл ашылған жаңа жұмыс орындары жайлы толығырақ сұрады.

Бұл сұраққа жауап берген Біржан Нұрымбетов жаңа жұмыс орындарын ашуда үш салаға басымдық берілгенін атап өтті. Жоғарыда айтылған 238 мың орынның жартысы, нақтырақ 56%-ы құры­лыс, ауыл шаруашылығы, көтерме және  бөлшек сауда салаларында ашыл­ған. Өңірлердің бөлінісінде Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Жамбыл об­лыстары алда. Бұл – 8 айдың қоры­тын­дысы. Мемлекеттік бағдарлама бо­йынша құрылған жұмыс орындарының есебі жергілікті орындар арқылы және министрліктің ақпараттық жүйесінде есептеліп, сараланады. Сондай-ақ ол зейнет­ақы жарналары арқылы тексеріледі. Бұл ресми қорытынды биылғы жылдың бірінші және екінші тоқсанының нәтижесінде шығарылған.

Мәжіліс депутаты Фахриддин Қара­таев мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуындағы мәселелерге тоқталса, Б.Нұрымбетов мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналас­тыру министрлік үшін аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап айтты.

«Ведомство осы мәселе бойынша кешенді ұсыныстарды, заң жобасын әзірледі. Қазір қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Оның ішінде тек жұмысқа орналастыру ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы экономикалық белсенділігін арттыру қарастырылып отыр. Онда оңалту, еңбек нарығына даярлау, оқыту, жұмысқа қабылдауға қатысты тұстары бар», деді министр.

Сонымен қатар Мәжілістің Әлеу­метт­ік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында құрылған тұрақ­ты жұмыс орындарының үлесі 16% ғана. Қалғаны – уақытша жұмыс орын­дары. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш, тіпті төмен. Бұл ауылдағы нарық көлемінің шектеулілігіне, өнім мен өт­кізудің арасындағы шешілмеген мәсе­лелерге және еңбек дағдылары деңгейінің төмендігіне байланысты. Депу­тат осы мәселеге айрықша назар аудару қажеттігін алға тартты.

Б.Мамраевтың пікірінше, 80 мыңдай жұмыс орнының әлі бос тұрғандығының себебін анықтап, бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу керек.

Үкімет сағатында талқыланған мәселелер бойынша депутаттар тиісті ұсынымдар қабылдайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Тыңғылықты дайындық бар

Қоғам • Бүгін, 08:26

Тұтынушыларға тікелей сата алады

Экономика • Бүгін, 08:17

Аймақта діни ахуал тұрақты

Аймақтар • Бүгін, 07:33

Сүйем сені, беу өмір!..

Руханият • Бүгін, 07:25

Құдықсай ауылы көмір тасып алды

Аймақтар • Бүгін, 07:24

Көпбалалы ананың кір сабыны

Экономика • Бүгін, 07:23

Махаббат сағызы

Руханият • Бүгін, 06:58

Алғаш рет әуеге көтерілді

Аймақтар • Бүгін, 06:51

Өз еліңдей ел болмас

Руханият • Бүгін, 06:50

Ұқсас жаңалықтар