Руханият • 25 Қыркүйек, 2020

Достықтың дәргейінде кім бар, кім жоқ?!.

661 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмыстың жоғарғы жағында Жазу­шылар аллеясы бар. Аллея Абай көше­сінің бойында жатыр. Ілияс, Сәкен, Бейім­беттің мүсіні тұр. Төңіректегі халық үшін демалуға, кросспен шұғылдануға таптырмас мекен. Біз де бір мезгіл барып тұрамыз. Ойлануға, ой қорытуға ыңғайлы. Әдеттегі кешкі серуенде велосипед тепкен бір балақаймен қақтығысып қала жаздадым. «Байқап жүр» деп әрі қарай кете бердім. Бір кезде әлгі балақайдың сол бір сәтте айтқан сөзі ойыма орала кетті. Құдайым-ау, не деп еді?! Есіме түсті: «Брат, былай тұр».

Достықтың дәргейінде кім бар, кім жоқ?!.

Жеті-сегіз жас шамасындағы баланың аузынан шыққан сол сөздің қандай суық, соншалық өгей екенін сезінгенде, тұла бойым мұздап сала берді. Құлағыма осы уақытқа дейін көшеде, бақта, дүкенде, жолда, автобуста, базарда жас адамдардың – қазақ жастарының бір-біріне «брат» дескен сан алуан дауыстары келді. Ішімнен ойлап қоямын, «брат» десе несі бар, ол да «бауыр» деген сөз емес пе?!

Баяғыда қазақ айтысының қабырғалы өкілі, марқұм Әзімбек Жанқұлиев ағамыздың:

Братаным-ай, братаным-ай,

Баласы едік екеуміз бір атаның-ай, – дегені секілді, халықтың аузында қалыптасып кеткен сөздің бірі ғой, ең бастысы достық көңілден, жақындықпен айтылса болды деймін. Дей тұра, осы орыс тіліндегі туыстық атаулардың қазақ арасына қалай кіргені, қалай сіңісті болғаны, әсіресе жастардың сондайлық сөздерге тым құмар болғаны ойландырады. Біз өскен ауылда бірде-бір үлкендердің, ағалардың бір-біріне «брат» дегені есіме түспейді. Бала күннің қайбір тұсына тап болсам да, дос пен құрдастың, аға мен інінің, ағайынның «браттасып» жатқаны және жоқ. Демек, бұл совет заманының сарқыншақ сөзі емес. Қай бір жылдардағы Ресейдің қалың телесериалдары арқылы ауыл ішіне енген сөз болып отыр. Тоқсаныншы жылдардан бергі толғаулы күндерді ойласақ, сонда осы тектес сөздермен бетпе-бет келеміз, қай тұста да ұшырасып жатамыз. Бір сөзде тұрған не бар, тәйірі дейтіндей емес, бір сөз арқылы бір заманды, бір халықтың менталитетін өзгертуге болады. Бір сөз арқылы адамды түзеуге я бұзуға болады. Бір сөз – бір заманның дидары, болмысы, сипаты. Қазір жай ғана «жолдастар» деген сөзді қолданған адамды көрсек, езуімізге күлкі үйіріледі, еске заманның еншісі деп қараймыз ғой, бұл да сол сықпытты. «Брат», «братан» деген сөзді естісем, тұрпаты басқа тоқсаныншы жылдар көз алдыма келе қалады. Дәл осы сөз жаңа замандағы қазақ жастары қолданар, айтар сөз емес. Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбек ағамыз қапыда сөз арасына орысша қосқан баласына «аузыңды шайып кел» деп отырады екен. Неге?

«Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» демекші, «Қыз Жібекте» Төлеген мен Бекежанның – өз заманының қос серісі, батыры болған, жастықтың ұраны болған жайсаң жігіттердің бір-біріне «мырза» десетіні бар ғой. Осы «мырзамыз» текті, түбі асыл, жаны ардақты деген мағына береді екен.

Хан баласы – төредей, би баласы – шорадай, қайран да жігіттер біздің бір-біріне мырза деп тұрса, қандай жарасымды болар еді! Қазақтың көзінің қарасындай сол жастар бір-біріне аға, ағатай, ағажан, інім, інішек, құрдас, замандас, батыр деп тұрса, кәнеки!

Аға деген сөзіміз орта ғасырдағы әскери атақ екен. Доспамбеттің «Азаулыда аға болған ерлер көп еді» дегенінен-ақ осыны аңғарамыз. Биік әскери дәрежені білдіретін осы сөзді қадір тұтқан кісіңе қалайша қолданбайсың? Қатар жүрген досыңды, қатарлас құрбы-құрдасыңды «брат» деп бөлектегенше, аға деп неге ардақтамасқа? Аға деп неге алапасын асырмасқа?

Иә, әр заман адамдарының, әсіресе жастарының өзіне тән ерекшелігі, мінез-құлқы, өмір сүру образы мен дағдысы, өзгеше сөздері мен сөйлеу мәнері болады. Оған дау бар ма?! Әр уақыт адамдарының өз «біздің жастығы» болады. Сол жастық – үлкен за­манның жастығына қарағанда көбірек естияр, көбірек білімді әрі мәдениетті болмаушы ма еді? Әр ұрпақтың келесі ұрпаққа берер еншісі де, қалдырар мұрасы да анағұрлым абзал болуы тиіс қой. Біз кейінгіге қан тазалығын сақтағандай, тіл тазалығын да сақтай отырып қалдырғанымыз жөн ғой. Ел дегенде еңсесін тік ұстай қалар соқталдай жігіттердің, алдағы күнде Алашқа аға болар азаматтардың аулақ шыға салып, біріне бірі бөгде сөзбен бәсіре атап жатқаны, шынында да ұятты нәрсе.

Дос дегенде көңіл бөлек, құрдас дегенде құлық басқа, жастар бір-бірімен осы жастық пен достық гүлзарында қауыша отырып, досым, құрдасым деп қадірін арттырып жатса, қандай айып бар?

Қоғамдық сананың өзгеруі – осы бір қарым-қатынаста қолданылар қарапайым сөздердің өзін өзгертуден басталады.