– Қазір республикалық эпидемияға қарсы топтың мамандары ауылдағы 1800 бас құстың бәрін жоюда. Барлық қажетті карантиндік шаралар қабылданды. Ауыл тұрғындарына олардың қажеттілігі, құс тұмауына шалдығу қаупі түсіндірілді, – дейді Н.Мақашев.
Соңғы 3 күнде ауылда құс өлімі тіркелмеген. Аудан ауылдарындағы 20 мыңға жуық үй құстарына вакцина салынды. Ал бірнеше түрлі құс өсіретін Железин ауданының Ақтау ауылдық аумағында құс тұмауына тексерілген нәтижелерге орай карантиндік шаралар енгізілсе, Жаңажұлдыз ауылында алдын ала сақтық шаралары жүргізілуде.
– Карантиндік шараларға тұрғындар түсіністікпен қарайды, – дейді Ақтау ауылдық аумағының әкімі Жанар Орынбекова. – Ауылдағы 103 аулада 1622 бас тауық, қаз, үйрек, күркетауық бар. Қазір жылжымалы өртеу құралы орнатылды. Өлген құстар жойылды. Ауылды айналдырып жерді жыртып, бекеттер мен тосқауылдар қойылды.
Сонымен бірге Ертіс ауданының Ағашорын ауылында да қазір алдын ала тексеру шаралары жүргізілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы термиялық өңдеуден өтпеген құс еті өнімдері мен жұмыртқаларын тұтыну арқылы құс тұмауы жұғатынын, жабайы немесе ауру құстарға қол тигізуге, өлі немесе ауру құстарды шикідей, толық пісірілмеген ет пен жұмыртқаны жеуге болмайтынын хабарлады. Сондықтан ауылдарға барлық құс өнімдерін шығаруға тыйым салынды. Аң аулауға шықпауға және ауланған аң етін жемеуге кеңес берілуде. Мемлекет жойылған құс иелеріне нарықтағы баға бойынша өтемін төлейді. Өңірге құс тұмауына қарсы вакцинаның 456 мың дозасы жеткізілген.
Павлодар облысы