Қоғам • 25 Қыркүйек, 2020

Өнімді жұмыс өзгерістен басталады

832 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Профилактикалық жұмыс жүргізіп, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда, құқық қорғау органдарының қоғамдағы ұстанымын нығайтуда ең алдымен учаскелік полицияның маңызы зор. Түптеп келгенде, тәртіп сақшыларының бүгінгі қызметіне халық нақ осы учаскелік полиция инспекторларының жұмысына қарап баға береді. Сондықтан оларға артылған жауапкершіліктің жүгі де, талап та ауыр дер едік. Ендеше мұндай инспекторлардың мәртебесін арттыратын кез келген секілді.

Өнімді жұмыс өзгерістен басталады

Суретті түсірген Петр Карандашов

Ашығын айтайық, Қазақстанда полицияның сервистік моделі қол­ға алынғалы бері құқық қор­ғау органдарының қызметі де қолжетімді бола бастаған сы­ңай­лы. Несін жасырайық, осыдан төрт-бес жыл бұрын тұрғылықты мекенжайымыздағы полиция пунктін де, өз учаскелік полиция­мызды да білмеуші едік. Сер­вистік модельдің дамуымен аула­да­ғы дүкендерден, үйге кіребе­ріс­тен әлгі учаскелік тәртіп сақ­шы­мыздың суреті мен байланыс телефонын көретін болдық. Құ­қық қорғау органдарының қыз­ме­тіне қатысты қандай да бір мә­се­леміз туындай қалған жағ­дай­­да алдымен осы учаскелік по­ли­­цияға хабарласу керек екенін тү­сіндік. Алайда суретін көріп, бай­ланыс нөмірін білгенімізбен бұл қадам инспекторлардың ха­лық алдындағы беделін арттырып жібе­ре алған жоқ.

Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та біліп отыр. Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рө­ліне баса мəн берілетін болады. Учаскелік инспектордың мəртебесін заңнама арқылы арт­тырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді əрі беделді болу­ға, солардың құқық­та­рын қорғауға тиіс», деді.

Азаматтардың құқығы аяқ­ас­ты қалмас үшін учаскелік инспекторлардың мәртебесін ауызбен айтып емес, Мемлекет басшысы атап өткендей заңнама арқылы арттыру қажет. Бұл қадам не береді? Ең алдымен тәртіп сақшыларының беделі артып, халық алдындағы абыройы асқақтайды. Өз кезегінде абырой-беделі артқан инспектор да жұртқа барынша жақын болып, азаматтардың құқығын қорғауға барын салады деген сөз. Ел Президенті меңзеп отырған «Жұртқа жақын полиция» қағида­ты­ның өзегі – осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев учас­ке­лік полиция қыз­мет­кер­лерінің мәртебесі туралы мәселені бекер айтып отырған жоқ. Естеріңізде бол­са, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «2020 жыл – учаскелік полиция инспекторларының жылы» деп жа­рияланған болатын. Тіпті ве­домство басшысының «Ішкі іс­тер министрлігі «2020 жылды учаскелік полиция инспек­тор­ларының жылы» деп атады. Барлық өңірдің әкімдері учаскелік инспекторлардың жұмысына қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, материалдық-техникалық база, пәтер бөлу, учаскелік полиция бекеттерімен қамтамасыз ету бо­йын­­ша жұмыстар жүргізіледі. Егер учаскелік полицияның бас­па­насы болмаса, жұмыс орны, көлігі болмаса, басқа қызметке ауысып кетуі бек мүмкін. Сон­дық­тан олардың жұмыс істеуіне жағдай жасап, ең минималды критерийлерді құру керек», деген сөзі де ұмытыла қойған жоқ.

Бұл ойын министр Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы қаралған Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық кеңесінде ұштап отыр. Аталған жиында ведомство басшысы Кеңес мүшелеріне Төтенше жағ­­дайлар министрлігін қайта құ­ру, «полиция қадамдық қол­же­­тім­ділікте» қағидаты бойынша жер­гілікті полиция қызметін ре­формалау, азаматтардың құ­қық­­­­тарын қамтамасыз ету, Іш­кі істер министрлігін өзіне тән емес функциялардан босату, сондай-ақ Президенттің бас­қа да тапсырмаларын іске асы­ру туралы хабарлаған еді. Алайда министр учаскелік полиция инспекторларының алда­ғы жұмысына да айрықша тоқ­тал­ды. «Жергілікті полиция қыз­ме­тін реформалауда құқық бұзу­шылықтың алдын алу сала­сын­дағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына басты рөл беріледі. Олардың мәртебесін арттыру бойынша шаралар әзірленуде. Учаскелік институттын нығайту, лауа­зымдық айлық ақыны және лауазымы бойынша шекті атақ­тард­ы арттыру көзделуде», дейді Е.Тұрғымбаев.

Ендігі күні елімізде құқық бұзу­шылықтар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы учаскелік инс­пек­­торлардың өкілеттіктерін ке­ңейту мәселелеріне ерекше на­з­ар аударылып, учаскелік пункттер жанындағы жұртшылық ке­ңестерін қайта жандандыру жос­пар­лануда.

Осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады. Мәселен, учаскелік полиция инспекторларының жылы аясында елімізде «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары қызметінің тиімділігін арттырудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» әзірленді. «Учаскелік инспекторлардың қызметі ішкі істер органдарындағы жетекші, халықпен тығыз байланыста болатын қызмет. Оларға қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету, ескерту, құқықбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу жүктелген. Әртүрлі міндеттер тізімі ішкі іс­тер органының барлық қызмет түрлерін қамтиды. 2020 жылдың жеті айында алматылық учаскелік по­лиция қызметкерлері 3512 қыл­мыстың бетін ашты», деп отыр Алматы қалалық Полиция депар­таменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Әрине жыл санап елімізде қыл­мысқа қатысты заң да қатаң­дап келеді. Соған қарамастан, адам­зат баласының ала жібін аттаудан, заңға қайшы әрекетке барудан тайынбайтындардың саны бірден азайып кете қойған жоқ. Ондай қылмыстардың ашылуына көбіне-көп учаскелік полиция инспекторларының жемісті жұмысы, нәтижелі әре­ке­ті ұйытқы болуда. Мә­се­лен, биылғы жарты жылдың қо­ры­тын­дысы бойынша Ақмола облы­сындағы учаскелік полиция инспекторларының жеке тер­геуі­мен 753 қылмыстың беті ашылды. Бұдан бөлек, аталған аймақтағы учаскелік полиция инс­­пек­торлары халықпен 600-ден астам есеп беру кездесуін өткізді. Сонымен қатар учаскелік инспекторлар өткен жылы тұрмыстық салада құқықбұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты жұмыс жүргізуді де жалғастырып келеді. Айталық, отбасылық-тұрмыстық қатынастар кезіндегі заңға қайшы әрекеттері үшін 82 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 1808 қорғау ұйғарымы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 257 ерекше талап белгіленді.

Учаскелік инспекторлар әдет­кі жұ­мысынан бөлек, түр­лі профи­лактикалық шаралар­ды да жиі өткізіп тұрады. Мәсе­лен, өткен жылы сәуірде тәр­тіп сақ­шылары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола және Маңғыстау облыстарында «Участок» жедел-про­фи­лак­тикалық іс-шарасын қолға ал­ған болатын. Бірінші кезекте елорданың шеткі аумақ­та­рын­дағы, сондай-ақ қаланың маңайын­дағы елді мекендердегі әрбір пәтер мен аула тексерілді. Сол айдың алғашқы он күнінде-ақ учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдайлар қызметкерлері 425 мың тұрғын үй мен саяжайды, соның ішінде жалға берілген 12 мыңнан астам пәтерді тексерді. Аталған іс-шара ба­рысында полиция қызмет­кер­лері шетелдіктер тарапынан көші-қон заңнамасын бұзған 3,5 мыңнан астам фактіні анықтап үлгерген еді. Соның ішінде сот 345 шетелдікке ел аумағынан шығару түріндегі жаза тағайындады.

Тексеру барысында тұрғы­лық­ты мекенжайы бойынша тіркелмеген немесе жеке басын куәландыратын құжаты жарамсыз болған 3,7 мыңнан астам факті анықталды. 113 тұрғын жай­дың иесі іс жүзінде сол жерде тұрмайтын адамдарды тір­кеу­ге қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл да учаскелік инспекторлардың ауқымды жұмысын айғақтап тұрса керек-ті. Небәрі он күннің ішінде 425 мың пәтер мен саяжайды аралап шығу да оңайға соқпайтыны белгілі. Соған қарамастан тәртіп сақшылары қажырлық танытып, нәтижелі жұмыс көрсете білгені қуантады.

Бұл мәлімет осы саланың жалпы жұмыс нәтижесін айғақ­тағ­анымен, жеке учаскелік инс­пекторлардың да ерлігі мен табандылығын атаусыз қал­дыруға болмайды. Ондай азамат­тардың оң әрекеттері қашанда көпке үлгі. Мәселен, осы жылдың шілде айында Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторының жедел әрекетінің арқасында бұзақылық тоқтатылды. Дау Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында ер адам мен ауылдасының арасын­да­ғы түсінбеушіліктен басталыпты. Түсінбеушіліктің соңы бұ­за­қылыққа ұласады. Бірнеше авто­көлік мінген бейтаныс адам­дар жәбірленушінің үйіне, көр­ші­лерінің ауласына қарай тас лақтырады. Соның салдарынан жәбірленушінің үш туысы жарақат алып, ауруханаға жеткізіліпті.

Осы оқиғадан құлағдар болған учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Құралбаев бірден оқиға орнына жетеді. Ол өз кезегінде ауыл тұрғындарының арасындағы түсінбеушілікті тоқтатып, олардың қару қолдануына жол берген жоқ. Осылайша учаскелік полиция инспекторының жедел әрекет етіп, дұрыс жұмыс жүргізуінің арқасында дау-дамай, бұзақылық әрекеттері тоқтап, адам шығыны болмаған көрінеді. Алайда қызметін атқару барысында учаскелік полицей күдіктілер лақтырған тастан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Кейін жедел-тергеу тобы тәулік ішінде осы бұзақылыққа қатысы бар төрт тұрғынды анықтаған болатын.

Учаскелік полиция инспек­то­рының мән-маңызын алдымен тұрғындар жақсы түсінуі тиіс. Құқық қорғау органдарының жұртқа жақын болатын тұсы да осы учаскелік полиция инс­пек­торларымен байланысты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында жергілікті полиция қызметіне айрықша тоқталды. Бұл кездейсоқ емес, себебі жергілікті полиция қызметі полицияның халықпен тікелей қарым-қа­ты­нас­та болатын бөлінісі саналады. Мұнда негізгі рөл учаскелік полиция инспекторына қоғам мүшелеріне нақты мәселелерді шешу және өмірлерінің сапасын жақсарту үшін қолдау мен ресурстарды жұмылдыруға кө­мек­­тесетін негізгі менеджер ре­тін­де беріледі. Бұл модельдің мәні – қоғам мүшелерінің қауіп­сіз­дік мәселелерді анықтау про­це­сіне белсенді қатысуында. Азаматтарды тарту шеңберінде құ­қықбұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген және жан-жақты пайымдау жасалып, бұл барлық полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге жетелейді. Оң нәтижелер мен тиімділікке қол жеткізу үшін бұл тәсіл барлық полиция қызметтері тарапынан да, қоғам тарапынан да мақсатты қолдауды тұспалдайды, сонда қоғам осындай өзара іс-қимылдың нәтижелерін және осы процестегі өз рөлін көреді», дейді Ішкі істер министрлігінің кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков.