Видео • 25 Қыркүйек, 2020

Ор өзенін ортайтып отырған кімдер?

2118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы Хромтау ауданына қарасты Қопа ауылының тумасы Дамир Искаков хабарласты. Оқырманның сөзіне қарағанда, биыл тамыз айының соңында іргедегі Ор өзенін мекен еткен балықтар белгісіз себеппен қырыла бастаған. Соңғы уақытта өзеннің де аясы тарылып, тартылып бара жатқан көрінеді.

Ор өзенін ортайтып отырған кімдер?

Сөзіне дәлел ретінде бірнеше видео деректерін ұсынды. Бейнежазбаның барлығы 2020 жылдың тамыз және қыркүйек айларында түсірілген. Бірінші видеода өлген балықтар өзен жиегіне шығып қалған. Дамирдың айтуынша, ауыл азаматтары осы жағдайға байланысты экология мамандарына дабыл қаққан. Ал балықтардың қырылуына ағыстың болмауынан кейін орын алған оттегі жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін.

Өзен жағалап көрген ауылдықтар Ор өзенінің орта белден бөгелгенін көріп таң-тамаша болған. Мәселе осы жерден басталды. Тұрғындар мұндай бөгет онсыз да жүдеп-жадап жатқан мекенге төнген экологиялық  апат деп отыр. Сөзден бөлек олар іске де кіріскен сыңайлы. Бұл мәселеге байланысты комиссия шақыртқан екен. Бірақ арнайы өкілдер келерден бір күн бұрын өзенді бөгегендер бөгетті бұзып үлгерген.

- Мұның бәрі жанымызда орналасқан АКТЕП мал шаруашылығы компаниясының істеп отырғаны. Бұл өзен Мұғалжар тауынан бастау алып, Хромтау ауданынан өтіп, Ресейдің Орск қаласының тұсында Жайық өзеніне құйылады. Бұл өзенге құйылатын Шәкітау, Күнгірлек, Былқылдақ, Тамды, Дәмді тауларынан келетін су алаптары да бөгелген. Ең сорақысы, су алаптарына бөгет қойылғанын екі жылдан бері Қопа ауылының әкімі біліп келген.  Сөйте тұра ешқандай шара қолданылмаған.  Екі ортада Қопа, Бөгетсай, Көктау секілді ауыл тұрғындары мен табиғат зардап шеккелі тұр. Бұдан бөлек кезінде табиғаты тамылжып жататын өлкенің бүгінде сұрқы қашып барады, - дейді Дамир Искаков.

Осы оқиғадан соң биылғы жылдың 11 қыркүйегі күні облыстан ауылға тағы да комиссия келген. Құрамында салалық облыс басқармасының өкілі мен Хромтау ауданы әкімінің орынбасары секілді басшылар да болған. 23 қыркүйек күні Хромтау ауданы әкімі қорытынды жауапты жеткізген көрінеді.

- Жиналыста Ор өзенін ортасынан бөгегендерге айыппыл салынғаны айтылды. Ал салаларындағы түрлі бөгеттердің құжаты әзірленіп жатыр дегендейге келтірді. Сонда ол бұған дейін заңсыз салынған ғой , - дейді Дамир Искаков.

Мәселені Жайық – Каспий бассейндік инспекциясы бақылауға алған көрінеді. Бұл туралы осы жағдайды әлеуметтік желіде жазып жүрген сол өлкенің тумасы Бақытжан Құрманов айтып берді.

- Жағдайдың қалай қарай өзгеретінін білмеймін. Жайық – Каспий бассейндік инспекциясына барғанымда басшылығын прокуратура шақырып алыпты. Облыс әкіміне де хабарласып көрдім. Көмекшісі Нұр-Сұлтан қаласында жиналыста жүргенін, келген соң жауап беретінін жеткізді, - дейді Б. Құрманов.

Осылайша Ор өзені салаларын бөгеп тастағандар мен табиғат жанашырлары арасындағы мәселе бір шешімін таппай тұр.