
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ЛДРП серкесі Владимир Жириновскиймен Жаңа Огареводағы кездесуі кезінде одан елдің мүддесіне сай келетін әрекеттер жасамауды, ұлтаралық қарым-қатынас жағдайына байланысты ой қозғағанда тіліне ие болуды өтінді. Бұл туралы «Труд» газеті жазды.
«Менің сізге үлкен өтінішім бар. Сіздің электоратыңыз тұрақты. Сондықтан, оны жекелеген электорат арасында нығайта түсу мақсатымен елдің түпкілікті мүддесіне нұқсан келетін әрекеттерге барудың қажеті жоқ деп ойлаймын», - президент саясаткерге.
Путин сол сияқты мигранттардың «біздің заңдарымызды, әдет-ғұрыптарымызды, өздері келген аймақтар мәдениетін сөзсіз құрметтеуіне» қол жеткізуді өте маңызды нәрсе деп санайтынын білдірді. Ол миграциялық саясатты күшейтудің қажет емес екенін ашып айтты. Президент мигранттарға байланысты қалыптасқан ахуалдың қазір тек Ресейдің ғана бастан кешіп отырған проблемасы емес екеніне баса назар аударды. Өз кезегінде Жириновский бұл мәселеде жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту керек екенін алға тартты.
Еске сала кетейік, 24 қазан күні телеарнада жүргізілген тележурналист Владимир Соловьевтің «Поединок» («Жекпе-жек») хабары кезінде Владимир Жириновский отбасында үшінші баланың тууылуына айыппұл төлетілуі арқылы Солтүстік Кавказ республикаларында тууды шектеу жөнінде ұсыныс білдірген еді. Бұдан басқа, ол «Кавказды тікенек сыммен шектеу» жолымен кавказдықтардың еркін қозғалысына тыйым салуды да ұсынған болатын.
ЛДРП көсемінің бұл мәлімдемесі Солтүстік Кавказ республикалары халықтарының қатты ашу-ызасын туғызды. Соның ішінде шешендер ерекше ашынды. Соның бір белгісі ретінде сол күні-ақ ЛДРП-ның республикадағы ұйымы өзін өзі тарату жөнінде шешім қабылдады.
Мұрат Айтқожа.