Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2020

Ақтауда геологтар аллеясы ашылды

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтаудың 57 жылдығына орай, еліміздің кен байлығын игеруге ат салысып жүрген геологтар қауымының құрметіне тұңғыш рет аллея ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда геологтар аллеясы ашылды

Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов, қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагер геолог-барлаушылар,  Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының  президенті Балтабек Мұқанұлы Қуандықов және арнайы Теміртау қаласынан келген Ақтау кентінің әкімі Алтынбек Есмұрзаев бастаған делегация қатысты. 

Ақтау кентінен келген делегация қаланың 57 жылдық мерейтойымен құттықтап, шаһар тұрғындарын мерекемен құттықтады.

"Нұрдәулет Игілікұлының шақыруымен арнайы келдік. Бүгін ерекше күн. Екі Ақтаудың әкімдері кездесті. Алдағы уақытта тығыз әріптестік қарым-қатынаста болмақпыз. Бүгін екі өңірдің арасында сауда және экономикалық қатынастарды орнату, білім, мәдениет, денсаулық саласында ортақ жобаларды іске асыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоямыз. Ақтау қаласының мерейтойымен құттықтаймын! Бірлігіміз арта берсін", деді Алтынбек Есмұрзаев.

Архитектуралық нысанда бұрғылау, мұнай алу қондырғысы, геологтардың атрибуты: балға мен табылған тас композициясы бейнеленді. Маңғыстауда ашылған кен-орындарының тізімі мен атақты геолог-барлаушылардың есімдері жазылды. Аллеяның авторы ардагер Бейсенбай Бисенғалиев, ал құрылысын салуға Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы мен өңірлік филиалының қызметкерлері мұрындық болды.