Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2020

Тарихи нысандар жаңғыртылуда

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан қаласына кезекті ресми іссапармен келіп, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылған жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тарихи нысандар жаңғыртылуда

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен күмбезін,  Есім хан, Рәбия Сұлтан Бегім кесенелері мен Тәуке хан жерленген сегіз қырлы  және белгісіз сағананы, жұма мешіті, жерасты қылуетін аралап көрген Үкімет мүшелері кесене мен Жеті ата қақпасына дейінгі ортағасырлық магистралды көше бойында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмысының барысын, сонымен қатар, тарихи көше бойында орналасқан Хан ордасы мен хан мешітін реставрациялау һәм рухани мекенге келушілерге қазақ хандарының ізі қалған орданы жан-жақты таныстырудың мән-жайына қанығып, қорық-музей аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын аралап көрді.

Сондай-ақ, ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Үлкен Ақсарай бөлмесінде төселген тарихи сыр кілемнің  орналастырылуы мен бөлмені музейлендіру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады.

Соңғы жылдары қасиетті мекеннің тарихи келбетін жандандыра түсу мақсатында 88,7 гектар аумақты қамтитын "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Мәдениет және спорт министрлігі танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тарихи ізденістерді жандандыру, қалпына келтіру үшін Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің 2019-2021 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспарын қолға алып, нәтижесінде 17 тарихи-мәдени нысанға реставрация жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстары да маңызды жетістіктерге қол жеткізуде.

Қазіргі таңда кешенді ғылыми, реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қабірхана, Қазандық, Үлкен Ақсарай, Қабірхана, Құдықхана бөлмелері ақталынып, күмбез бен "Түркістан тарихы" музейі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесінің реставрация жұмыстары аяқталды. Ал,  Шығыс моншасы мен Жұма мешіті, Дарбаза қақпасы, Хан мешіті, Жеті ата қақпасы, Қылует жер асты мешіттерінде реставрациялау жұмыстары қарқынды жүруде. Нақтырақ айтқанда, XI-XII ғасырдағы 40 мешіттің ішінен қазіргі заманға дейін жеткен жалғыз діни орын Жұма мешітін михрабымен бірге толығымен жаңғырту және ағаш бастырмасын кеңейту жұмыстары да жоспарланған. Қазіргі таңда мешіттің оңтүстік-шығыс қабырғаларына демонтаж жасалды.

XI-XII ғасырға тән Қылует жерасты мешітін қайта жаңғырту барысында ғимараттың негізгі салмақ түсетін құрылымдары мен жерасты құрылысының іргесі кеңейтілді.

Ортағасырлық шығыс моншасы - XV ғасырдың тарихи жәдігері. Монша мен күмбездің жұқа қабаты мен интерьері реставрацияланып, екінші есікті салу және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүруде.

"Түркістан тарихы" музейі - сәулеттік ғимаратына 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Қазіргі таңда сәулеттік ескерткіштің шатыры толығымен ауыстырылып жатыр.

Айта кетсек, былтырғы жылы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келушілер саны - 1 030 000 адамға жоспарланып, нәтижесінде 1 148 436 адамды құраған болатын. Биылғы жоспар бойынша 1 040 000 адамға жетедідеп күтілуде екен.