Саясат • 28 Қыркүйек, 2020

Адам саудасы: Құлдық құрдымға кеткен жоқ

1238 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1981 жылы Мавритания әлемдегі ең соңғы мемлекет болып ресми түрде елдегі құл иеленушілікті заңсыз деп танып, құлдықтың күшін жойған болатын. Бүгінде дүние жүзіндегі бірде-бір мемлекет құлдықты қолдамайды. Тіпті, ғылым мен ілім, технология дамыған ХХ ғасырда құлдықты елестету де мүмкін емес сияқты. Алайда заңдағы тыйымға қарамастан қылмыстың осы түрі әлі де айылын жияр емес. Өкініштісі сол, бұл қасіреттің қармағына отандастарымыз да көптеп ілініп келеді. Құлдық мәселесіне қатысты әлемдік статистикада Қазақстан 83-орынға жайғасса, биылдың өзінде елімізде 26 адам саудасы фактісі бойынша жазаланып отыр.

Адам саудасы: Құлдық құрдымға кеткен жоқ

 

Құлдық барын мойындағымыз келмегенімен заманауи құлдық туралы айтпауға болмайды. Оны кей­де нео-құлдық деп те айдарлап жатамыз. «Walk Free» атты халықаралық тәуелсіз құқық қор­ғау ұйымының мәліметінше, әлем­де әлі де 40 млн-нан астам адам құл­дықтың құрбаны болып отыр. Дү­ние жүзінде қару-жарақ сату мен есірткі бизнесінен кейін көлеңкелі бизнестің «көсегесін көгертетін» де осы құлдық, адам саудасы. Яғни сұраныс бар деген сөз. Сұра­ныс болған соң тұтынушының қа­же­тін өтейтін сау­дагер де табылады. Бұл – заңды құбылыс. Алайда қай адам өз ер­кімен құл болуға көне қой­сын? Сондықтан қылмыскерлер ең алдымен адамдарды алдап-арбау, ұрлау қадамдарына жиі баратын көрінеді.

Ұрлау демекші, бүгінде елі­мізде хабар-ошарсыз кеткендер, жоғалғандар саны 1200 адамға жетіп отыр. Соның ішінде 22 ба­ла бар. Көп жағдайда қызметтік са­пар­ға, маусымдық жұмыстарға, рейстерге (көлік айдап бару, жүк тасымалдау) аттанған ер азаматтар қайтып оралмайтын көрінеді. Әйел азаматшалар болса көбіне ішімдікке салынып жүріп із-түссіз жоғалады екен. Балалар арасында мұндай оқиғалар отбасындағы жайсыздық (ата-аналарының ішім­дікке салынуы, олармен жиі араздасуы) кезінде орын алып жатады.

Осы адам саудасы мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да көтеріп отыр. «Адам саудасына қарсы күрес мəселесі де күн тəр­тібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауым­дастық алдындағы жағдайы ай­тарлықтай емес. Құқық қорғау ор­гандары мұндай қылмыстарды тергеу рəсімін жетілдіре түсуі керек. Осыған орай сот тəртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді», деді Президент.

Өкінішке қарай, адам саудасы жасы­рын қылмыс түріне жат­қызыла­тындықтан, оның нақты қай өңірде, еліміздің қай облысында жасалатынын дөп басып айту қиын. Неге? Себебі, сауда жыныстық эксплуатация мақсатында жасалған кезде қыздар жезөкшелікке тартылып, ірі қалаларда интимдік қызмет көрсете бастайды екен. Ал қылмыскер зәбір көрушіні жұмысқа тартуды көздеген болса, керісінше ауылдық елді мекендерге, қыстақтарға жеткізетін көрінеді.

Кейінгі жылдарда шетелге эксплуатациялау мақсатында Қазақстан аумағынан бас-аяғы 15 тұлға шығарылғаны белгілі болды. Өткен жылы елімізде осы адам саудасымен айналысқан екі қылмыстық топ бары анықталды. Соның бірі адам ағзасын сауда­ласа, келесі топ қыздарды жезөк­шелікке тарту мақсатында притон ұйымдастырумен, жеңге­тай­лықпен айналысыпты. Еліміздің құқық қорғау органдары кейінгі жылдарда отандастарымызды Бахрейн, Түркия және Оңтүстік Корея елдеріне саудаламақ болған­дардың жолын кесіпті. Бұл ретте отандастарымыздың сыртқы адам саудасымен қатар, ішкі ахуал­ да көңіл көншітер емес. Яғни, ел ішінде де адам саудасымен айналысатындар бар. Биылдың өзінде елімізде адам саудасымен айналысқан 26 азамат жауапқа тартылып отыр.

Жыл сайын ішкі істер орган­дарының қызметкерлері елімізде және шет мемлекеттерде адам саудасының құрбаны болған сексенге жуық тұлғаны анықтайды. Әр жылда елімізде  адам саудасына байланысты 180 қылмыстық іс қозғалады. Тіпті қылмыстың осы түріне қатысты фактілер карантин кезінде де анықталып отырыпты. Ондай құлдықтың құрбандары арасында отандастарымыз да, шетел азаматтары да бар. Соның 90%-ы қазақстандық болса, қалған 10%-ы шетел азаматтары көрінеді.

«Бүгінде адам саудасы халық­аралық мәселеге айналып отыр. Осы қылмыстың салдарынан адамның ең басты құқығы аяқ асты болуда. Өкінішке қарай, қылмыстың осы түріне қатысты фактілер біздің елімізде де тіркелуде. Сондықтан бұл мәселеге ІІМ барынша назар аударып келеді. Осы мәселенің өзектілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында  да айт­қан болатын», деді Ішкі істер министрлігі Криминалдық по­ли­ция департаментінің бастығы Думан Таев.

Оның айтуынша, Қазақстанда адам саудасы күштеп жұмысқа жегу, жыныстық эксплуатация, кәме­леттік жасқа толмағандардың саудасы, қайыршылықпен айна­лысуға күштеу, адам ағзасын саудалау түрінде көрініс тауып келеді. Осы қылмыс түрлерінің алдын алу мақсатында елімізде арнайы механизм де жолға қойылыпты. Оның құрамында заңнамалық, профи­лактикалық және тәжірибелік шаралар бар. Сондай-ақ еліміздің Қыл­мыс­тық кодексінің 8-бабында адам саудасы мен эксплуатациясына қа­тыс­ты жауапкершілік көрсетілген. Жазаның ең қатаң түрі ретінде осындай заңбұзушылыққа бар­ған қылмыскерді дүние-мүл­кін тәркілей отырып 18 жыл­ға бас бостандығынан айыру қа­рас­тырылған. Аталған норма­ларға соңғы түзетулер 2019 жылы жел­тоқсан айында енгізіліпті.

Бұған қоса елімізде ағза мүше­ле­рінің саудасына, кәмелеттік жасқа толмағандардың саудасына, жезөк­ше­лікке тартуға қатысты жаза қатаңдады. Бүгінде Үкімет жанында арнайы ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Соның шеңберінде мемлекеттік жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар беріледі. «Мәселен, адам саудасына қарсы 2018-2020 жылдарға арналған Үкіметтің профилактикалық шаралар жоспары жүзеге асырылады. Ішкі істер органының құрылымында (министрлік пен аумақтық бөлім­шелерде) адам саудасымен күрес жүргізетін арнайы бөлімдер де бар. Құқық қорғау органдары адам саудасы фактілерінің жолын кесу және алдын алу шараларын ұдайы қолға алып келеді. Интернет желісі, бұқаралық ақпарат құралдары және өзге де ақпарат көздері зерттеледі», дейді Д.Таев.

Мәселен, биылғы 10-12 қыр­күйек күндері полиция орган­дарының қосымша күштерін пайдалана отырып елімізде «Стоп-трафик» атты кең ауқымды операция қолға алынған еді. Сол үш күн аралығында тәртіп сақшылары адам саудасына қатысты 53 фактіні анықтады. Соның ішінде 1 факт кәмелеттік жасқа толмаған бала­лар саудасына қатысты болса, 2 факт адам сатуға, 3 факт күш­­­теп жұ­мысқа тартуға, 6 факт жезөк­шелікке итермелеуге, 41 фак­ті жезөк­шелікпен айналысу мақ­сатында притон ұйымдастыруға не­месе ұстауға, жеңгетайлыққа қатысты болып отыр. Сондай-ақ операция аясында жезөкшелікпен айна­лысатындарға үй-жай ұсын­ғандар мен жеңгетайлық бойынша 14 әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты.

Қылмыстың күштеп жұмысқа тарту түрі көбіне-көп елді мекен­дерде орын алуда. Мәселен, атал­ған операция кезінде Ақтөбе облы­сындағы шаруа қожалығының басшысы жауапқа тартылды. Мұнда кәсіпкер 40 жастағы азаматты үш айға жуық мерзімде еркінен тыс жұмысқа жегіп келіпті. Шаруа қожа­лығының басшысы зәбір көрген азаматты күндіз трактор айдатып, түнде сиыр қораның күзетшісі ретінде пайдаланған көрінеді. Құлдықтың құрығына іліккен жанның тұрмыс жағдайы да көңіл көншітпейді. Жатын орны ретінде ол біренше ай жүк көлігін паналап келген екен. Оқиға анықталған бетте бірден кәсіпкерге қатысты іс қозғалды. Еліміздегі Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амал­дары жүріп жатыр. Үш ай көле­мінде жапа шеккен азамат осы күні құқық қорғау органдарының адам саудасының құрбандарына арналған орталығына орналасты­рылып, арнайы мамандардың бақы­лауымен қажетті көмек көрсетіліп отыр.

Бұл – адамды күштеп жұмысқа тартуға қатысты орын алған жал­ғыз оқиға емес. Мәселен, Жам­был облысы­ның құқық қорғау орган­дарының қыз­меткерлері осы өңірдің үш тұрғынын заңсыз еңбекке тартып келген шаруа қо­жалығын анықтапты. Өткен жылдың қараша айынан бері екі ер адам мен бір әйел азаматша шаруа қожалығында жұмысқа пайдаланылып келген. Яғни ер адамдар аталған қожалықта мал баққан болса, әйел азаматша үй шаруасына салыныпты. Аталған іс бойынша да тергеу амалдары басталып, Қылмыстық кодекстің 126-бабының 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Қызылорда облысында екі ер азамат бір апта бойы қалада­ғы пәтерлердің бірінде заң бұзу­шы­лыққа барып, әйел азаматшаны жыныстық мәжбүрлеу мақ­сатында күштеп ұстап келген көрінеді. Бүгінде зәбір көрген әйел жүзіқаралардың қолынан босап, заң бұзушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 126-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Алматыда қаланың жас тұрғын­дары кәмелетке толмаған 16 жас­тағы қызды алдап-арбап бес ай бойы жезөкшелікке итермелегені анықталды. Күдіктілер жас қыздың мәліметін интернет желісіне орналастырып, интимдік қызмет көрсететіні туралы жазыпты. Бұл оқиға бойынша да тергеу амалдары басталып, Қылмыстық кодекстің 134-бабы бойынша іс қозғалды.

Бүгінде осы адам саудасының салдарынан зәбір көрген тұлға­лардың барлығына құқық қорғау органдары тарапынан қолдау жасалып, арнайы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Шетел азаматтарын саудалау фактілерін анықтау мақсатында аталған операция аясында Алматы облысындағы Қорғас, Жамбыл облысындағы Қарасу және Түр­кістан облысындағы Жібек жолы сынды Қазақстан аумағына кіру және шығу пунктерінде ауқымды шара қолға алынды. Сондай-ақ Алматы мен Шымкенттегі көші-қон орталықтарында волонтер­лер адам саудасымен күрес жүр­­гізетін органның сенім теле­фондары (11616) бедерленген көп рет қолдануға бо­латын рес­пираторлық бетперделер, адам саудасы мәселесіне қа­тысты жадынамалар таратыпты. Бұл акцияны құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармен бір­лесіп ұйымдастырды. Оған Ал­матыдағы әйелдер мен балаларды әлеуметтік-психологиялық бейім­деу орталықтары, Талды­қор­­ғандағы аумақтық әйелдерді қол­дау орталығы, Тараз қаласының қо­ғамдық көзқарас орталығы, Шым­кент қаласының әйелдер баста­масының құқықтық орталығы қа­тыс­қан.

Әрине, осындай мәліметтерді естіген соң адам саудасы, құлдық оқиғаларына қалай түспеуге болады, түскен жағдайда одан қалай құтылып шығу керек деген сұрақ қай адамды болсын мазалайтыны белгілі. Бұл үшін ең алдымен табысты жұмысқа қатысты күмәнді ұсыныстарға сене бермеу қажет. Екіншіден, құжатты, жеке куәлікті ешкімге беруге болмайды. Басқа қалаға немесе мемлекетке жолға шығар кезінде туыс-туғандарға, жақындарға байланыс нөмірі мен мекенжайды міндетті түрде қалдыру керек. Осындай оқиғаға тап бола қалған жағдайда бірден жақын жердегі полиция учаскесіне немесе 102 нөміріне, болмаса 11616 сенім телефонына хаба­рласқан жөн. Сондай-ақ әр өңірде адам саудасының, құлдықтың құрбаны болғандарға көмек көрсететін үкі­меттік емес ұйымдардың да барын ұмытпаған абзал. Мұндай ұйым­дар құқық қорғау органдарымен бірлесіп қызмет етеді.

P.S. Осы мақаланы жазып отырғанда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» өлеңі ойға орағытты. «Отырдым көрсем жекіп тастар ма деп, Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» деп. Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп». Пандемия кезінде коронавирустың емі екен деп қымызды ішудей-ақ іштік қой. Сонда кесенің түбіне үңілген кім бар? Бәлкім, құлдықта жүрген бір жылқышының, болмаса сауыншының көз жасын ұрттаған болармыз...