Кезінде әдебиет белгілі бір идеологиялық мақсатта ғана емес, ұлттың рухын бекітетіндей, өзінің тұғырын нықтайтындай аса бір маңызды рөл атқарса, бүгінде сол жауапкершілікті кино өнері мойнына алып отыр. Осындай бір жауапты кезеңде біздің кино міндетті түрде ұлттық болуы шарт. Яғни фильм басынан аяғына дейін ұлттық мақсатқа, ұлттық мүддеге құрылуы тиіс. Өйткені кино – идеологияның басты құралы.
Естеріңізде ме, осыдан бірнеше жыл бұрын телеарналардан «Жумоң ханзада», «Құйынды мекен», «Сарай әміршісі», «Тәуіп Хо Жун» сынды кәрістің тарихи хикаялары жиі берілетін. Кейін оның орнын үнді мен түріктің телесериалдары алмастырды. Соның біразы қазір де бірнеше мәрте қайталанып көрсетіліп жатыр. Жат елдің сериалдарына деген сұраныс, әсіресе, карантин уақытында тіпті күшейгендей. Үйде «қамалған» халықтың күнұзын экранға телміріп, шетел телехикаяларын тамсана тамашалағанын көргенде, еріксіз біздің де ішімізді бір кәсіби қызғаныштың кернегені рас. Кәрістің Жумоң ханзада немесе түріктің Сүлеймен сұлтанынан артық болмаса, кем түспейтін батыр-бағлан, сұлтан-серілер бізде де жеткілікті ғой, әйтпесе. Тек соны кино тілінде сапалы сөйлете алсақ, қанеки?!
Рас, бүгінде отандық кинематография қоржынына қосылып жатқан сан алуан жанрдағы сапалы-сапасыз фильмдердің ауқымына қарап, «отандық өнердің осынау бір саласы бұрынғымен салыстырғанда сәл де болсын көш ілгері жылжыған екен ғой» деп ой қорытуыңызға негіз бар. Бұл әсіресе Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» мен Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмдері жарыққа шыққанда тіпті беки түскені анық. Жалқы бөлімді көркем фильмдер жақсы әрине! Бірақ жекелей батырларымыздың өмірі мен ерлігін толық қамтитын кәрістің «Жумоң ханзадасы» немесе қытайдың «Шыңғыс хан» сынды көпсериялы кинотуындылар өмірге келсе деген тілектің де көкейде тым-тым жиі қылаң беретіні бар. Бұл әсіресе «Қасым хан» 75 сериялы картинасы түсірілгелі жатыр деген ақжолтай хабарды естіген кезде тіпті үдеп, қуанышымызда шек болмаған. Алайда кейінірек ол сериалдың сценарийі мен жалпы түсірілім жұмыстары қазақтың тарихын тереңнен білетін төл перзенттеріне емес, түрік режиссері Метин Гюнайға тапсырылғанын естігенде біз ғана емес, жалпы қазақ қоғамы дүр сілкінген. Өйткені қасқа жолын салып кеткен хан Қасымды қазақтан артық, қазақтан асырып кім жырлап, әспеттей алмақ тегінде?! Хош, түрік режиссер түсірілім жұмысында теңдессіз маман делік, бірақ қазақ тарихын қазақтан артық жеткізе ала ма? Жеткізу былай тұрсын, ұлттың табиғаты мен болмысын толыққанды түсіне ала ма? Міне, мәселе осында!
«Сценарийст, режиссер, актер шетелден шақырылып 30 миллион долларға түсірілген «Көшпенділер» тағдыры Қазақстанға титтей де бір сабақ болмаған тәрізді. Режиссері, сценарийсі және тағы да басқа маманы түріктен жасақталған «Қасым хан» тағдыры да сол «Көшпенділер» тағдырын қайталамасына кім кепіл? Қашанға дейін қазаққа қазақ тарихын экранда шетелдіктер үйретіп жүруге тиіс?! Ертең экраннан қазақ емес, басқа Қасым ханды көріп, түгел Қазақстан шулап кетпесіне кім кепіл? «Бұған кім кінәлі?» деп сұрамасына кім кепіл?» деп шарқ ұрған жазушы-драматург Смағұл Елубайдың алаңы әбден орынды.
Бұл жерде ескеретін жалғыз-ақ мәселе – киноны ешқандай ұлттық ерекшеліктерсіз, ұлт таңдамайтын шекарасыз өнер ретінде қабылдауға болмайды. Бізде кешенді түрде болса да саясат жүргізілуге міндетті. Бұл арада халқымыздың мәдениеті мен әдебиетінен хабары мол, таным көкжиегі кең талантты қазақтілді жастарды оқуға қабылдау саясаты қолға алынуы тиіс. Ал қазіргі кезде, өкінішке қарай, ондай нәрсе жасалып жатқан жоқ. Жоғары оқу орындарында кино мамандарының дені қазақ бөліміне түскенімен, негізінен орыс тілінде білім алады. Бүгінде көптеген жас әлем әдебиетін жатқа білгенімен, қазақ әдебиетіне келгенде осалдық танытып жатады. Мұны айтып жатқан себебіміз – сапалы өнім тікелей сапалы сценарий мен оны ұқсататын маманға байланысты. Өкінішке қарай, бұл жағы бізде әлі де ақсап тұр. «Киноның жүрегі – сценарий» десек, жүрек соғысымыз өте әлсіз, баяу. Оның айқын дәлелі – «Көшпенділер» мен «Қасым хан» фильмдерінің жағдайы. Түсіріліп жатқан киноларымыздың дені әуелі шетелдік мамандардың қолынан өтеді. Сценарийі, өңделуі, оны ойнайтын актері, тіпті түсірілу тіліне дейін өзге ұлт өкілдеріне тәуелдіміз. Қазақ актерді қинап қойып экранда орысша шүлдірлетеміз. Соңынан оны қазақ тіліне аударып және әуреленеміз. Ал сол телехикаяларды толықтай туған тілімізде түсірсек, қалай әсерлі шығар еді! Кино өндірісімен айналысып жатқан қай мемлекетті алсақ та, фильмі ана тілінде түсіріліп, содан кейін барып қана өзге тілдерге дубляждалады. Ал бізде барлығы керісінше, төл туындымызды әуелі жат тілде түсіріп алып, өз тілімізге қайта аударамыз. Нонсенс! Мұндай мағынасыз әрі пайдасыз машақаттың кімге қажеті болды екен? Бұл сауалымызға мамандардан: «Біздің басты мақсатымыз – телехикаяларымызды ТМД елдеріне шығару. Сондықтан киноларымызды орыс тілінде түсіруге мәжбүрміз», деген жауап алдық.
Енді ойланып көріңізші, ТМД елдерінің көбісі түркітектес халықтар ғой. Біздіңше, оларға орыс тіліне қарағанда, қазақ тілінде түсіру тиімдірек деп айтар едік. Тоқетерін айтқанда, түптің түбі көрсетілетін, мемлекет тіліне бәрібір аударылатын болғаннан кейін, бұл жерде туған тілімізді өз елінде өгейсітуден еш мән көріп тұрған жоқпыз.
Ал сценарий үшін де шетелдік маман пікіріне жалтақтап-жалпақтағаннан кейін, фильм сөзсіз рухынан айырылады. Осының салдарынан еліңіздің тарихы жайында түсірілген көркем дүниелерді тамашалап отырып, бұрын оқып көрмеген, мүлдем «тың тарихтың» куәгері болып шыға келесіз. Бұл да кино аталатын осы бір идеологияның қуатты құралының басы-қасында жүрген мамандардың аты қазақ болғанымен, жанының қазақ болмауының салдары. Ащы да болса шындық осы!
Бүгінде сценарийді толыққанды жазып шығатын маман әзірге өз елімізде табылмай отыр. Болса да, ескерілмей келеді. Осы себепті де өзге елдің мамандарына жүгінуге мәжбүрміз. Мәселен, кезінде көрерменінен сүйінші сұратқан «Астана – менің махаббатым» телехикаясының сценарийін Ләйлә Ақынжанова жазып шыққанымен, диалогтерін жазу үшін ресейлік сценарийстер – Евгений Никишов, Марина Бартинова және Валерий Федоровичтердің көмегіне жүгінуге тура келген. Осыдан кейін төл мәдениетімізге қанық, таза ұлттық нақыштағы фильм түсіріле ме? Әйтпесе, тарихқа бай біздің елде фильм сценарийіне өзек болатын дүние жоқ дегенге кім сенеді?! Тек соны экранға лайықтап жазып, көрерменнің жүрегіне жеткізетін мамандарға зәруміз, өкінішке қарай. Осы орайда ұлы кемеңгер Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзін әңгіме етіп отырған саламызға қарай лайықтап, ел боламыз десек, ең әуелі киномызды түзеу керек-ау дегіміз келеді. Ал сіз қалай ойлайсыз?