Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2020

Жаман тұмау жайылмасын деп...

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күз жұқпалы аурулардың бас көтеретін кезі. Жалпақ әлемнің жанын қусырған жаман тұмау тағы да бір айналып соға ма деген қауіп бар. Әлемнің әр қиырында аурулар саны көбейіп отыр. Тіпті кей елдерде алғашқы толқын аяқталмаған сыңайлы. Әп дегенде абдырап қалғанымыз да рас. Енді қапысыз қамданбасақ, болмайтын түрі бар.

Жаман тұмау жайылмасын деп...

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Биыл облыста бюджет қаражаты есебінен ресейлік «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Сынақтан өткізілген вакцина 15 қыркүйектен егіле бастады. Екі жұқпалы індет бір-бірімен қабаттасып кетпеуі үшін екпе егу екі апта бұрын басталған екен. Биыл медициналық ұйымдар мен облыстық бюджет бөлген қаржыға 82 мың доза сатып алынды. Бұл мөлшердегі екпе жергілікті тұрғындардың 11 пайызын қамти­ды. Оған қоса ақылы вакциналау жүргізіледі. Жалпы, кез келген жұқпалы ауруға қатысты иммунитет екі апта ішінде қалыптасатын көрінеді. Ал вакциналау бұл індетті алдын алудың спецификалық түрі. Облыста екпе жасауға арналған 200-ден астам кабинет дайын, меди­циналық қызметкерлерге вак­циналауға қатысты арнайы семинарлар ұйымдастырылып, медбикелер екпе егу бойынша аттестаттаудан өтті. Екпе егу кезінде міндетті түрде ақпараттандыру келісімі толтырылады.

Облыста індеттің таралу шегін­де жағымды және жағымсыз жақ­тары бар. Карантин шаралары қатаң болған тұста, аймақта эпидемиялық жағдай жақсарып, көрсеткіштер төмендеген, ал карантин сақталмаған кезде жағдай нашарлаған. Жалпы, облыс аума­ғын­да індет қайталанатын болса, қазір резервтік 6 мың төсектік орын дайын тұр. Оның 5 мыңнан астамы медициналық мекемелерде болса, қалғандары колледж, сауықтыру орталықтарының базаларында. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, егер алда-жалда індет дендеп, бұл төсектік орындардың 50-70 пайызы толса, онда облыста карантин шаралары қолданылады. Математикалық модельдеу негізін­де есептелген алдын ала болжам бо­йынша 15 қараша кезінде індеттің таралуы күшейе түседі деген жорамал бар. Алдыңғы болжамдар бо­йынша берілген есептеулер расталды, сондықтан бұған бейжай қарамау керек.

Қазір де эпидемиолог, вирусолог мамандар жетіспейді. Маман тапшылығы әлі де сезілуде. Облысқа қажетті 219 медицина қызметкерінің 37-сі жетіспейді. Қарағанды меди­циналық университетінде са­ни­тар­лық қызмет мамандарын жедел оқыту курстары ашылды. Осы курстарда облыстың бірнеше адамы білім алып жатыр. Бұл әрине, жағдайды толық шешпейді, бірақ аздап сеп болуы мүмкін.

Елді мекендерді медициналық көмекпен қамту үшін арнайы мо­бильді бригадалар құрылды. Ақкөл және Атбасар аудандарында жақын ауылдар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары келіп, ПТР тестілеуден өтуі үшін ветеринарлық лабораториялар базасында орталықтар ашылды.

Халықты балалар ауырады деген ақпарат алаңдатып отыр. Өңірге білікті медицина қызметкерлері келіп, арнайы дәріс оқыды. Басқа мемлекеттердің балалар инфек­цио­нистері де осылайша дабыл қа­ғуда, яғни балалар да полиорган­ды жетіспеушілік синдромына ұшы­ра­уы ықтимал. Сол себепті карантин жеңілдетілгенде балалардың ұжым­дық орталықтары толық ашылған жоқ.

Санитарлық эпидемиолог ма­ман­дардың жетіспеушілігі ведомст­во­ларды қысқарту мен еңбекақының аздығынан туындап отырған жағдай. Эпидемия орын алса, эпидемиолог мамандарға көп жүк түседі. Эпидемиялық ортаны зерттеу, тексеру, алдын алу шараларын ұйымдастыру, осының барлығына көп уақыт кетеді. Жалпы, бұл қыз­метте жұмыс істейтіндерге мем­­лекет тарапынан дәрігерлерге көрсе­тілетін қолдау секілді жағдай жа­сал­уы керек.

Облыстық тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтердің сапасы және қа­уіп­­сіздігін бақылау депар­та­менті­нің басшысы Айнагүл Муси­на­ның айтуына қарағанда, бүгінге дейін өңірде лабораториялық жолмен дәлелденген 3468 оқиға тіркеліпті. Індетке шалдыққан науқастардың 40 пайызы оның симптомды түрімен ауырса, қалғандарында ауру белгі­ле­рі байқалмаған. Сонымен бірге 1 тамыздан бастап облыста 461 адам вирустық пневмонияға шал­ды­ғыпты. Осы оқиғалардың басым көпшілігінде азаматтар меди­ци­налық мекемелерге өздері хабар­ла­сып, денсаулық жағдайлары бо­йынша шағымданған, олардың саны 1378 адамды құрайды. Ал 1228 адам індет жұқтырған науқастармен тығыз болғандықтан жұққан. 862 профилактикалық скрининг кезінде анықталған. Соңғы өткен тәулікте лабораториялық жолмен анықталған 4 оқиға тіркелді. Күнделікті өсім 0,1 пайызды құрады. Соңғы аптада 16 науқас тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда өсім көрсеткіші төмендеді.

– Пневмониямен ауырып жатқан науқастар аз. Күз маусымына орай вирустық індеттер бас көтеруде, – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов, – бүгінде өңіріміздегі стационарларда 68 науқас осы індеттен емделіп жатыр. Бұрын ашылған 2200 төсектік орынды әзірге 360-қа дейін қысқарттық. Көкшетау қаласында облыстық тубер­­­ку­лез­ге қарсы күрес диспансері, Степногорскіде №2 көпбейінді ауруханасы осы бағытта жұмыс істейді. Қалғандары өздерінің негізгі бағыттары бойынша қызмет көрсетуде. Кез келген уақытта біздің медициналық мекемелер коронавируспен күресуге қайта жасақталуға дайын. Мамандарымыз алғашқы толқыннан бастап оқып, дайындалды. Әрине, бастапқыда қателіктер мен кемшіліктер де болды. Оның барлығын қорытып, сабақ алдық. Сондықтан екінші толқынға біздің медициналық мекемелер дайын. Өткен толқында тыныс алу аппараттарының же­тіс­пеу­шілігі қиындық туындат­ты. Бұл жағдай қайталанбас үшін 500-дей оттегі концентратта­рын облыстың медициналық ұйым­да­рына бөліп бердік. Оның 400-дейі гуманитарлық, демеушілік көмек негізінде сатып алынды. Бұдан бөлек 40 ӨЖЖ аппаратын ауруханаларға сатып әпердік. Алдағы күндері республикалық бюджет қаржысы есебінен тағы 60 ӨЖЖ аппараты келу керек. Жалпы, облыс бойынша ӨЖЖ аппараттарын толық қамтып отырмыз. «Тыныс» зауыты облысқа 17 портативті аппарат сыйлады. Олардан тағы 60 аппарат өзіміз сатып алдық.

Жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмек екі айға жетерлік. Маска қоры медициналық ұйым­дар­да 6 айға жететіндей мөлшерде. Облыстық бюджеттен дәрі-дәрмек пен дәрілік препараттарды сатып алуға 166 млн теңге бөлген. Қазір «СК-фармациямен» келісімшарт жасалып, жақын арада олар дәрі­лер­ді жеткізіп береді.

– 2-3 ауданда цифрлық рентген аппараттарынан қиындықтар туын­­да­ды. Қазіргі уақытта 2 аппарат сатып алынып, біреуі Аршалы ауда­нына жіберілді. Әлі де екеуін сатып аламыз, олар қазан-қараша айларында жеткізіледі. Республикадан 8 жылжымалы медициналық кешен әкелінді. Олар ауылдық елді мекендердегі адамдардың ден­сау­лығы үшін күресуге көмек береді. Бұл кешендер рентген аппаратынан бастап, УДЗ, лаборатория­мен және қажетті құралдармен жабдықталған. Олар елді мекендер арасында жүретін болады. Сонымен қатар 58 жедел жәрдем көлігі жеткізілмек. Олар келсе, облыс орта­лығындағы қолданыстағы кей­бір көліктерді аудандарға бере­міз. Бұдан бөлек реанимация палаталарына кереуеттер мен кереует жанына қосылатын мониторлар алынды. Бұл жағынан ірі ауруханалар толығымен жабдықталды, – деді басқарма басшысы.

Сонымен бірге брифинг барысында коронавируспен балалар да ауыратындығы, алғашқы кезеңде бірен-саран оқиға тіркелгендігі айтылды. Облыс орталығында жаңа инфекциялық аурухана салынып жатыр. Бұл аурухана қазан айының басында аяқталуы тиіс. Онда коронавирус індетімен күресуге арнал­ған барлық қажетті аппараттар болады. Аурухана 200 төсектік орынға есептелген. Бұл қалалық көпбейінді аурухананың филиалы болмақ.

 

Ақмола облысы