Руханият • 29 Қыркүйек, 2020

Батыл барлаушы

1125 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел қорғаған ерлердің абзал есімі ел жадында. Қан майданда өшпес ерлік көрсеткен ата даңқы уақыт өткен сайын кейінгі ұрпақты патриоттық сезімге баулиды. Өнеге болар өр тұлғаның бірі – «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің кавалері, гвардия лейтенанты Рақымжан Сансызбаев.

Батыл барлаушы

Майдангер 1920 жылдың 20 мамыры күні Атбасар ауданына қарасты №11 ауылда туған екен. Тағдыр қырына ерте алыпты. Әкесі Сансызбай мен анасы Балажан өмірден ерте өткен соң кішкентай Рақымжанды бауырмал нағашылары қамқорлығына алған. Бастауыш сыныпты Сандықтау ауданында оқыса керек. Тар заманның тақсыреті нағашыларын да шарпыған. Амалсыздан сол кездегі Еңбекшілдер ауданына қарасты Казгородок елді мекеніндегі балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болса керек. Тасбауыр тағдыр тасқайрақтай ұланның жігерін жасыта алмапты. Бала кезінің өзінде ұстараның жүзіндей өткір еді дейді екен көзін көргендер. Жасынан көркем сөзге құмар болып өсіпті. Ел ішіндегі есті әңгімеге құлақ түрген. Азуын айға білеген батырлар жырын жаттаған. Сол қазынадағы ғаламат қуат зерек көкірегіне дем берген. Өзі де сөзбен сурет салуға ұмтылған. Әсіресе, тамылжыған табиғаттың тіл жетпес ғажап бейнесін айшықтап, бар бояуын толайым қамтып, айнытпай түсіруге ұмтылған. Сөз өнеріне деген сүйіспеншілік құлыншақтай жетелеп әкеліп, 1938 жылы Алматыдағы коммунистік журналистер институтында білім алған.

Албырт жас таңның мөлдір  шығындай мөлдіретіп өлең де жазған. Уақыт қатал еді, ажал оғы ақ жаң­бырдай жауған соғыс басталды. Ақын амалсыз қаламын қаруға айырбастады. Алғашқы лекпен өз еркімен сұранып майдан даласына аттанды. 234-ші қосалқы атқыштар полкінің құрамына саяси жетекші болып тағайындалды. Оқ пен оттың ортасында жүріп «Әдебиет және өнер» атты көркем басылымның тілшісі қызметін атқарды. 1942 жылы Ленинградта қоршауда қалғандардың рухын көтеру үшін «Отан қорғау» атты қазақ газеті ашылғанда, Рақымжан Сансызбаев майдандық басылымның меншікті тілшісі болды. Окопта отырып жыр жазды, қарулас жолдастарының ерлігін өзгеге өнеге етті. Оқ бөгей алмаған, өрт шарпи алмаған «Бес оқ» тақырыбындағы өлеңі сақталып қалыпты. Бар-жоғы алты шумақтан тұратын әлгі өлеңде мыңдаған жауынгердің көкірегіндегі қайнаған кек, дұшпанға деген өршіл үн бар.  

Әрдайым атакаға барған сайын,

Қолыма ер қаруын алған сайын.

Былай деп өзіме-өзім ант етемін,

Бес оқты винтовкаға салған сайын.

 

Бірінші оқ атыл жауға халқым үшін,

Халқыма берген адал антым үшін.

Қолына қанжар алып келгендерден,

Кек алмай тынбайтұғын салтым үшін,–

деп жалғасатын жігерлі өлең жан алып, жан беріскен қан майдандағы туған жердің махаббатынан сауыт киген шын батырлардың айнымас асыл сертіндей. 

Қан майданда жүріп көңіл түбіндегі көркем сөзді де, қаламды серік еткісі келетін ниетінен де қол үзбеген. Бір кезде өзінен үміт күткен Сәбеңе, кәдімгі Сәбит Мұқановқа өз қолымен былай деп жазған. «Сіз мен туралы былай деуші едіңіз: «Ертегінің батырларындай алдам-салдам ер мінезді, салдыр-сұлдыр, көзінде оты бар... Түбінде осыдан бірдеңе шығады...» Мен бастапқы кезде ойлап жүрдім, қалайша Сәбең қателесетін болды... Шынымен-ақ, герой атын ала алмаймын ба? Сол себептен де осы күнге дейін Сізге емес-ау, бүкіл Қазақстанға хат жазуға арландым».

Осы бір жан түкпірінен шымырлап шыққан шыншыл сөздің астарынан қаншама сыр ұғуға болады. Ақынның ақ алмастай өткір мінезі, қайтпас қайсар беріктігі менмұндалап тұрған жоқ па?! Өткен шаққа бүгінгінің биігінен көз салсақ, уақыт шымылдығы тұмшалаған асқақ рух андағайлап алдан шығар еді. Біз өз жанымыздан ештеңе қоспасақ та, күні бүгінге дейін сақталып қалған майдангер хатындағы жазбалар әлгі ойды тірілте түсетіндей. Зер салып, бір ауыз үзінді оқып көрелікші.  

«Фашистермен талай қоян-қолтық, қолма-қол ұрыстарда да болдым, талай рет қоршауда да қалып жүрдім, әлденеше рет  бомбалаудың астына да түстім, талай мәрте ауыр жаралы болып, қансырап та жаттым. Бірақ тірі қалдым. Талай қауіп төніп тұрған кездерде де ешбір қорқынышты білмедім. Тірі қалуыма мүмкін сол мінезім себеп болған шығар. Қаламды автоматқа айырбастаған күннен бастап разведкада болдым. Күні бүгінге дейін барлаушымын. Самолеттен үш рет парашютпен жаудың тылына секірдім. Бір рет жалғыз өзім екі фашисті ұстап әкелдім. Соным үшін командованиенің алғысын алдым және «Отличный разведчик» деген кеудеге тағатын значокпен наградталдым. Бұл менің тырнақалдым болды. Содан былай-ақ жауынгерлік тапсырмаларды тыңғылықты орындап жүрдім. Жүрген жерімде «герой-казах, лихой разведчик» деген атаққа іліндім. Кешікпей «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым. Соңғы рет жалғыз өзім үш фашисті тірідей ұстап әкелдім. Командование еңбегімді бағалап, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен наградтады. Өзімді офицерлік оқуға жіберді».

Майдангердің суретін қолымызға ұстап, көңіл толқып көп отырдық. Жан дүниенің көркемдігі, ізгі ойдың сұлулығы өз алдына, Рақымжан ағаның фотосуреттегі бейнесі нағыз қазақтың сал-серілерінің бітім-болмысындай екен-ау деген ой келді. Сертке таққан семсерін салалы саусақтарымен қапсыра ұстаған қыран қабақты ер қалың бұйра шашын толқындатып, жанарынан жігер оты маздап, ту алысқа көз тігетіндей. Жанары жетпегенімен, көңілі жете­тін алты айшылық алыс жерде Отаны бар. Сол Ота­нын қорғау үшін «еркек тоқты құрбандық» дейтіндей ме, қалай?! 

Бір таңғалғанымыз, өмір мен өлім белдескен уақытта да өлең өріледі екен-ау. Майдан­дық газетте Рақымжан ағаның мына бір өлеңі жарияланыпты.  

Дабыл ұрып,  қиқу салып,

Алға аттанған жорықтарда.

Я болмаса бетпе-бет кеп,

Дұшпанменен жолыққанда.

Қырып салып, қанға бояп,

Жауды жаншып, кек алғанда.

Я болмаса ұрыс тоқтап,

Азын-аулақ дем алғанда.

Қолдан келген бар көмекті,

Аямаймыз, береміз біз,

Жауды жеңіп тез қайтар деп,

Сендерге тек сенеміз біз.

Деген сөздер хат ішінде,

Жүрегіңе нәр болмай ма,

Қиындықта қажытпайтын,

Бойға қуат, әл болмай ма,–

деген жырлары жауынгерлерді ерлікке шақырып тұрған жоқ па?!

Аспанға атып ақ көбігі,

Долы мұхит жатты шалқып.

Сол мұхиттың айдынында,

Крейсерлер қаздай қалқып,

Бара жатты батыс жаққа,

Қан майданға шеру тартып.

Толқындары тау тәрізді,

Көкке шапшып өрмелеген.

Тебіренген теңіздер де,

Ені жалпақ, түбі терең.

Жауға кеше аттанысқан,

Алмас тұмсық, болат кемем.

Майдангер ақынның жаңбырша жау­ған ажал оғына жасқанбай қарайтын жауынгер­лердің ғажайып ерлігін сипаттайтын жалын­ды жырлары жалғыз майдандық газетте емес, республикалық басылымдар мен туған жерін­дегі «Көкшетау правдасы» газетінде де жарық көріпті. Батыр барлаушы  «Отанды қорғау» газетінің шыға бастағанына екі жыл толуына байланысты 1944 жылдың 6 қарашасында Ленинград майданы саяси басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Холостовтың алғысын арқалаған. Заманында осы әскери газетте Рақымжан Сансызбаевпен бірге қызмет атқарып, кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Бейсен Жұмағалиев ағамыз «Жауынгер. Ақын» атты мақаласында былай деп жазады:

«Ленинград майданында қазақ тілінде шығатын «Отанды қорғауда» газетінің редакциясына алдыңғы шептен қазақ жауынгерлері жиі келіп тұратын. 1944 жылдың жазында біз отырған бөлмеге қараторы, сымбатты, шапшаңдау бір жігіт кіріп келді. Үстінде орман жапырақтарымен көмкерілген маск-халат, мойнында автомат. Таңыр­қап қал­дық. Өйткені маск-халат тек алғы шепте киіледі ғой. Мән-жайды сұраса бастағанда телефон шылдыр ете түсті.

– Жаңа ғана редакцияға бір қазақ кірді. Өжет неме. Үстінде маск-халаты бар. Неге сәлем бермей­сің, қалада тәртіп бұзып жүрсің ғой, – дегеніме дөрекілеу жауап берді. Комендатураға жіберейін деп ойладым да, алғы шептен жүрген жауынгер болған соң кешірім еттім. Бірақ қандай адам екенін кейін айтарсыңдар.

– Құп болады, жолдас полковник!

– Сонымен, бауырым, біздің бастыққа қалай душар болдың? – деп лейтенантқа қарадық.

– Сіздерді Нева проспектісінің басындағы бірінші үйде деп естігенмін. Қалың ойға шомып келе жатып, Үлкен Сарай алаңына шығып кетіппін. Бір қарасам, алдымда полковник.

 –  Жауынгер, неге сәлем бермейсің? Екіншіден, қалада маск-халатпен жүргеніңіз қалай? 

Бәрін түсініп тұрмын. Әскери тәртіпті бұздым. Енді құтылудың амалын әзілдеп таппақшы болдым.

– Жолдас полковник, мүмкін сіз маған сәлем беретін шығарсыз. Маск-халаттың астында қандай погон барын білмейсіз ғой,– деп едім, мықтап шиеленістіріп алдым. Ажырая бір қарады да, полковник жүре берді.

Ал осы көріністің бас кейіпкері мына алдыңызда отырған бауырсақ мұрын, өткір көз, шымыр да шапшаң Рақымжан Сансызбаев болатын. Мен Көкшенің көрікті жерлерінің бірі Зеренді ауданында туғанмын, – деді ол».

Рақымжан аға соғыстың кей тұсында «СМЕРШ» мемлекеттік қарсы барлау комисса­риатының да қызметкері болған. Барлауда құнды мәліметтері бар неміс офицерін қолға түсіргені үшін оның былғары портфелі трофей ретінде батыл барлаушының өзінде қал­ды­рылыпты. Қайтыс болғанша қолынан түспеген ол сыйды 2010 жылы ұлы Қорғанбек Сансызбаев Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырған көрінеді. Қан майданнан оралған соң майдангер ақын Сәбеңнен бас­тап Әбділда, Жақан, Шахмет, Тайыр, Әл­жаппар, Есмағамбет, Ғабит, Сейітжан, Асқар, Қасым мен Қалижан, Жұмағали, Әбу, Ғаби­ден сияқты ақын-жазушылармен аралас-құралас болған. Мүмкіндігі бола тұра Алматыда қалмай, өзі жан-тәнімен сүйген Көкшесіне қоныс аударған. 1946 жылы облыс орталығының іргесіндегі Қошқарбай ауылының Бәтима есімді қызына үйленіп, бес бала сүйеді. «Көкшетау правдасы» газетінде жауапты хатшы, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызмет­терін атқарып, баспасөз саласының белді өкіл­дерінің біріне айналады.

Тағдырдың жазуымен небәрі 45 жасында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырап кете барған. Бұл 1965 жылдың жүзі болатын. Сарғайған газет парақтарында майдангер ақынның ерлігі мен өрлігі, отты жырлары, мазмұнды мақалалары сақталған. Кейінгіге мұра іспетті дүние. Жалаулы жарық дү­ниеде пенденің пешенесіне жазылған бір бақыт – Отанын қорғау!