Өнер • 29 Қыркүйек, 2020

Сөзімен демеп, әнімен жебеп...

368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жан жадыратар жанашырлық, қолтығыңнан демер қайырымдылық хақында сөз сабақтаған кезде әдетте қолында барымен бөліскісі келіп тұратын жомарт жандар туралы шынайы разылық пейілмен ауыз толтырып айтып жатамыз. Ол да жөн. Жалпақ жұртқа өнеге, кейінгіге мысал. Ал көпшілікке рухани нәр беріп, әнімен жебеген өнерпаз туралы айтсақ ше?!

Сөзімен демеп, әнімен жебеп...

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау то­пырағында дәстүрлі өнер жан­ашырларының бірі, ән сүй­ген қауымға табиғи талантымен, көркем мінезімен, ажарлы азаматтығымен танылған өнерпаздың бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының түлегі, об­лыстық филармонияның ән­шісі Сәрсенбай Хасенов. Ел егемендігін алып, ақ түйенің қарны жарылған шақта солтүс­тік өңір рухани нәрге сусаулы еді. Жергілікті ұлт өкілдері сирек қоныстанған солтүстікте алғаш отбасылық ансамбльдер құрылып, өнерлерімен тәмам жұртты тәнті еткен тұс­та Хасе­новтер отбасылық ансам­блі төл өнерлерімен он бесінде толған айдай жарқырап көрінді. Әнін тыңдаған жұрт аса бір разы­лықпен сүйсіне айтып оты­ратын. Сәрсенбайдың әкесі Ораз­алы, анасы Айман, інісі Нұр­­қасым, қарындасы Сымбат та айтулы әншілер. Бесігінде әсем ән тербетіп, самал үнді ата-ананың тәрбиесінде өскен Сәр­­сенбайдың дәстүрлі әннің жоқ­шысы болмауға хақысы жоқтай.

Өткен жылы өз қалауымен ел аралаған. Солтүстік Қазақ­стан облысының Ақжар, Уә­лиханов, Ақмола облысының Біржан сал, Зе­ренді тәрізді бір­­неше аудан­­дарында болып, дәс­түрлі әнге аңсары ауып отыр­­ған ауыл тұр­ғындарына те­­гін концерт қойған.

– Ел ішіне бұрынғыдай кон­церттік бригадалар бара бер­­мейтіндіктен бе екен, әнге су­сап отырған жайы бар, – дей­ді Сәрсенбай Оразалыұлы, – ықы­­ластары керемет болды. Мен де бойымдағы барымды аяп қалған жоқпын. Әнмен бірге ән тарихын, Көкшедегі ән­нің туын көтерген, рухани әлемімізге мәңгі өлмес бай­лық сыйлаған Ақан сері, Бір­жан сал, Үкілі Ыбырай, Ор­та жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орынбай тә­різді тұлғалардың ертегідей сұлу, ғажайып өмір­лерін, мол мұрасын тілім жеткенше айтып бердім. Ән сапары басталған Біржан сал елін­де дүлдүл композитордың «Жан­бота», «Адасқақ», «Темір­тас», «Айтпай» тәрізді әнде­рін шырқадым. Қариялар көз­деріне жас алып отырды. Тойда емес, топта айтатын әннің асы­­лы ғой, шіркін. Әсі­ресе «Те­­­міртасты» күңірене сал­ға­ным­да, толғанбайтын жан қал­­майды. Мен соған қуандым. Ән тыңдайтын орта бар екен, ел еркесін ұмытпапты.

Әншінің өз сөзіне қараған­да, бір ауылда түстеніп, бір ауыл­да қонып, бағзы заманның сал-серілері тәрізді жалпақ жұрт­­ты әнімен сусындатқан. Жол шығыны өзінен, жақсы­лығы туған елге жұғысты. Құ­­­лақ­­танған жұрт құшақ жая қар­сы алады. Бар болса ауыл­дық клубта, жоқ болса дала­да шырқаған. Біржан әнін бе­ріліп салғанда, Жөкей көлі де ақбас толқындары аспанға атып, тебірене толқығандай бо­лыпты.

Келесі бір сапарында ел ішін­де қалған қазынаның көм­бесін ақтарыпты. Ән жинаған. «Ел іші – өнер кешіні» деген сөз тегін айтылмаған ғой, өнер­лі жас­тармен жүзде­сіп, ән әлеміндегі ажарлы си­­пат­ты, дәстүрлі өнер­дің са­бақ­тасуы жайлы әңгі­ме қоз­ғаған. Өнерлі елдің өре­сінде де мұрты бұзылмаған қа­зы­наның жатқаны анық. Бір са­па­рында сонау Қызылтудан ас­пандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінің» өзгеше бір нұсқасын тауыпты. Құқық қорғау саласында қыз­мет еткен, ұлттық өнердің үлкен жанашыры, марқұм Тақау Сейітов ақсақалдың шаңы­рағынан. 1970 жылы дыбыс таспасына жазылған ән екен. Алғашқыда таңырқаған, бұрын естіп көрмеген жосығы бөлек туынды. «Гәккуді» өзі де айтып жүр ғой. Талай мық­тының орындауында тың­даған. Ал мына нұсқа тіпті өзгеше. Тағы бір олжаға кене­ліпті, Жаяу Мұсаның «Ақ мон­шағын» тапқан. Ат басын­дай алтын тауып алған жанша қуанған. Әншіге бұдан ас­қан олжа бар ма?! Зеренді ауда­нындағы Қы­зылсая ауы­лының тұрғыны Ендіөлмес Қарерұлынан халық әні «Бес саусақты» жазып алыпты. Но­байы Үкілі Ыбырайдың ән сорабына келгенімен, әлі де анықтайтын жері, санамен салмақтап, ой елегінен өт­кізетін тұсы бар көрінеді.

Жаман тұмау жан алқымы­нан алған кезде де ұлт мұратын көздеген Сәрсенбай қарап отыр­­ған жоқ. Үш жинақ шы­ғар­­ды. Алғашқысы әр жылдары Көкшетау топырағында ауыз­дыға сөз бермеген айтыс ақын­дарының мәтіндері жи­нақталған «Айтыс керуені» кітабы. Екінші жинағы «Сұра­ған саған аманат» деп аталатын Үкілі Ыбырайдың өмі­рі мен шығармашылығы ха­қын­дағы жинақ. Ал Ақан се­рінің қилы-қилы тағдырын, шы­ғармашылығының шыңын арқау ететін «Жігіттің падишасы» жинағы ұлтымыздың рухани әлеміне ойып тұрып олжа салған туынды.

Осы жинақтарды облыстық филармониядан алатын жарытымсыз жалақысына шығарған төрт баланың әкесі Сәрсенбай Хасеновтің бетінен қалқып қана айтқан жанашырлығын ұл­тымыздың рухани әлеміне сіңірген еселі еңбегі деп айтсақ, әбден жараспай ма?!

 

Ақмола облысы