07 Қараша, 2013

Аудиохрестоматия оқырманға ұсынылды

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Мектеп бағдарламасына енген қазақ әдебиетінің және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеті классиктерінің аудиохрестоматиясының» тұсаукесер рәсімін өткізді.

 

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Мектеп бағдарламасына енген қазақ әдебиетінің және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеті классиктерінің аудиохрестоматиясының» тұсаукесер рәсімін өткізді.

Ақпараттық кеңістікте мемле­кеттік тілдің қолдану аясын кеңей­ту, қазақ және әлем әдебиеті өкіл­дерінің шығармаларының көп­шілікке қолжетімділігін насихат­тау және оқырман қауым­ға аудио­хрестоматияның әзір­ленгені туралы бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы кеңінен хабар тарату үдерісінде ұйымдастырылған іс-шараға Мәдениет және ақпарат минис­трлігінің басшылары, қоғам қай­раткерлері, ақын-жазушылар мен жобаны жүзеге асыруға жауап­ты қызметкерлер қатысты.

Жобаның мақсаты – оқырман­ның тіл мәдениетін жетілдіруді, қазақ халқының әдеби мұралары туралы жүйелі түсінік беруді және әлем әдебиеті үлгілерімен таныс­тыруды, ізгілік, адамгершілік, әсемдік, отансүйгіштік және іскер­лік құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруді көз­дейді. Сондай-ақ, жастарды, әсіресе, мектеп оқушыларын интернет көздері арқылы көркем шығармалардың аудионұсқасын өз бетінше іздеп, қызығып оқуға дағдыландыру болып табылады. Негізінде аудиохрестоматия мектеп жасындағы балаларға, ата-аналарға, сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері мен жалпы көпшілік қауымға арналып, жоба Тіл комитетінің til.gov.kz сайтында орналастырылыпты.

Басқосуда сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Мақ­сат Сқақов жүзеге асырылып отыр­ған іс-шараның маңыз­дылығына тоқталып өтсе, белгілі қалам­герлер Әкім Тарази мен Төлен Әбдік тіл мәселесіндегі түйт­кілдерді тілге тиек ете келе, қол­ға алынған игілікті іске риза­шы­лық білдіріп, сәттілік тіледі. Елі­міздің еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова, ғалымдар Серік Негимов пен Қайрат Сақ, жазушылар Бақытжан Тобаяқов пен Сәдібек Түгел, Білім және ғылым министрлігінің өкілі Роза Баттал мен Астана қалалық №51 мектеп-гимназиясының директоры Күнімхан Дүйсеновалар атқарылған ауқымды істің мән-мағынасын атап өтіп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар