Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев осы мақсатпен облысқа келіп, ведомство бөліністерінің басшыларымен кездесті. Бейнеселектор режімінде оған аудандық полиция бөлімдерінің басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Полковник Д.Таев Жолдау талаптарын іске асыру бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев белгілеген міндеттерді қызметкерлерге жеткізді. Соның ішінде учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру, олардың танымалдылығы және қол-жетімділігі қамтамасыз етілуі керектігі айтылды. Осы талапты орындау бойынша қазірдің өзінде шаралар қабылдануда, оның ішінде учаскелік инспекторды әлеуметтік жағынан қолдау мәселесі көтерілуде. Сонымен бірге «Анискиндердің» жұмысы «сервистік модельге» негізделуі керек, оның форматы халық үніне құлақ асуға, олардың қажеттіліктеріне жедел ықпал етуге күш салуды көздейді.
Барлық полиция қызметкерлеріне қатысты тағы бір негізгі бағыт – пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік бөлмелерінде жаппай бейнебақылауды енгізу болып отыр. Ашықтық полиция қызметіндегі айнымас атрибуттардың бірі болуы керек, ол жұмыс сапасын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің және басқа да заң бұзушылықтардың көріністеріне сенімді тосқауыл бола алады.
Думан Таев Ішкі істер министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері ерекше назарда екенін атап айтты. Полиция қызметкерлерінің жұмысына белсенді ақпараттық қолдау көрсету, оның ішінде әлеуметтік желілерде, «ашық қабылдаулар» өткізу, тұрғындармен тиімді диалог өткізу тұрақты қалыптасуда.
Қызметтің барлық саласына енгізіліп жатқан цифрлы технологиялар осы шараларды іске асырудың алаңына айналды. Қылмыстық істерді тергеу біртіндеп электронды форматқа көшірілуде. Биыл сотқа дейінгі тергеулердің 37,2 пайызы осы әдіспен жүргізілді. ІІО ұсынатын мемлекеттік қызметтердің 83 пайызын электронды түрде жасауға болады. Патрульдік полицияның планшеттермен, бейнетіркеуіштермен, терминалдармен жабдықталуы цифрландырудың маңызды қадамы болып отыр. Ал «Жол жүрісі туралы» Заңға әзірленген түзетулер жүргізушілерге жүргізуші куәлігі, сақтандыру полисі және тіркеу куәлігі болуын тексеру қажеттілігін жояды. Ақпараттық жүйелер арқылы полиция қызметкерлері аталған құжаттардың болуын өздері анықтап алады.
Бейнебақылау жүйелері барған сайын белсенді түрде жолдарда және басқа да қоғамдық орындарда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға көмегін тигізуде. Бүгінгі таңда елімізде 230 мыңға жуық бейнекамера бар, олардың көмегімен жыл сайын 5 мыңнан астам қылмыс ашылып, 400 мыңға дейін әкімшілік құқық бұзушылық анықталады.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев іс-шараны қорытындылай келе, солтүстікқазақстандық полицияның жеке құрамы жүктелген міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін салатынына сенім білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысы