07 Қараша, 2013

Қазақ күресі: жаңа жарыстар мен жобалар

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры республикалық «Жас Барыс» турнирін қорытындылап, қазақ күресінен халықаралық «Eurasia Barysy» турнирі мен «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтетінін хабарлады.

 

Таяуда «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры республикалық «Жас Барыс» турнирін қорытындылап, қазақ күресінен халықаралық «Eurasia Barysy» турнирі мен «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтетінін хабарлады.

Жиында «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қам­қорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев алдағы кезде елімізде ең үлкен жобаның қолға алынатынын айтты. Осы жерде ол «Қазақстан Барысы» қорының желтоқсан айында елімізде тұң­ғыш рет халықаралық «Eurasia Barysy» турнирін өткізетінін, оған Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Түркия, Иран, Польша, Ресей және Тәжікстан құрамалары қатысатынын жеткізді. «Бұл турнир Тараз қаласында 7 желтоқсан күні ұлттық спортымыздың беде­лін халықаралық аренада арттырып, қазақ балуандарының шеберлігін одан әрі шыңдау мақ­сатында өтеді. Балуандар 5 салмақ дәрежесі бойынша айналма жүйеде белдеседі. Белдесулер қазақ күресінің ереже­сімен командалық сипатта өтеді. Бұл бәсекені біз жылда «Қазақстан барысы» сияқты өткізуді жоспарлап отырмыз », – деді ол. Осыдан кейін ол «Eurasia Barysy» турнирі сәтті өтсе болашақта «Әлем барысы» атты жаңа жарысты өткі­зе­тіндерін, ол 2017 жылы ЭКСПО көрмесі кезінде көкпар мен тоғызқұмалақтан өтетін әлем чемпионаты сияқты өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал биыл елімізде тұңғыш рет өтетін «Eurasia Barysy» жарысының қалада жаңадан ашылған «Тараз Арена» спорт кешенінде өтетінін, оның жүлде қоры 80 мың АҚШ доллары болатынын жеткізді.

Дүниежүзілік қазақ күресі фе­де­рациясының президенті Се­рік Төкиев өз ойын білдіріп, «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында төл күресімізді әрі қа­рай дамытудың жаңа бағы­ты талқыланып, ұлттық спорты­мыз­дың қазіргі жай-күйі сарапқа салынып, қазақ күресінің ережесі мен төрешілік ету және спорттық күртешеге қатысты ұсыныстар жасалатынын айтты. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференция барысында «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» жүлдесімен төл күре­сіміздің дамуына атсалысқан азаматтар салтанатты түрде марапатталады.

Осыдан кейін жиынға қатысу­шылар жақында ғана Қызылорда қаласында қазақ күресінен өткен республикалық «Жас Барыс» турнирінің қорытындысы туралы мәліметтерімен бөлісті. Осы турнир туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек өз ойын білдіріп, жарыстың жоғары деңгейде өткенін, оған еліміздің әр өңірінен 23 салмақ дәрежесі бойынша 400-ге жуық талантты балуандар қатысқанын, күрестер кадеттер (1998-1999 ж.т.,9 с/д), жасөспірімдер (1996-1997 ж.т.,7 с/д) және жастар (1994-1995 ж.т., 7 с/д) арасында өткенін атап өтті.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар