Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі. Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында, ТМД елдері арасында (Ресейден кейін) екінші орында болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту үшін барлық қажетті ресурстарға ие. Атап айтқанда, жеріміздің жалпы көлемінің 80%-дан астамын ауыл шаруашылығы алқаптары құрайды. Ал осы алқаптардың 80%-ын жайылымдар алып жатыр, бұл шамамен 30 млн шартты мал мен құс басын өсіруге мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлерде халықтың 42%-ы немесе 8 млн-ға жуық адам тұрады, олардың 3 млн-нан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл осы саланың еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Елдегі егістік алқабы 25 млн гектардан асады, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының әр түрін өсіруге мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі ең ірі астық державасы екені белгілі. Орта есеппен соңғы 10 жылда астық экспорты 5-тен 10 млн тоннаға дейін жетті.
Республиканың ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін су ресурстары да жеткілікті. Су мамандарының есебі бойынша елімізде 4 млн га егістік жерлерін суаруға мүмкіндік бар. Осындай ресурстарға ие бола отырып, Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуда көшбасшы болуы тиіс. Алайда отандық аграрлық саладағы дамудың абсолюттік көрсеткіштері әлі де төмен болып отыр.
Республикадағы ауыл шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы жалпы ұлттық өнім құрылымында үлесі әлі де төмен (шамамен 5%). Ауыл шаруашылығы өнімінің жекелеген түрлері бойынша еліміз әлі күнге дейін импортқа тәуелді. Азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінде біз нан өнімдерін (100%), картопты (95%), көкөністі (86%), етті (83%) тұтынамыз, ал қалған өнімдер бойынша импорттың едәуір көлемі (30-дан 60%-ға дейін және одан да көп) орын алады, бұл елдің аграрлық секторының басқа мемлекеттерге тәуелді екенін көрсетеді. Әсіресе, нарық сыйымдылығындағы кейбір өнімдер бойынша импорттың үлесі тым үлкен. Атап айтқанда, бұл жемістердің (70%), құс етінің (56,8%), шұжықтардың (44,3%), сүт өнімдерінің (40-50%), консервіленген жемістер мен көкөністердің (85-95%) және т. б. бойынша байқалады.
Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа негізінен шикізат түрінде шығарады. Қосымша құны жоғары дайын өңделген өнімдердің импорттағы үлесі төмен. Мысалы, қазақстандық дәнді дақылдар экспортының 1 тоннасы 301,4 долларды құрайтын болса, азық-түлік импорты тоннасының бағасы 408 долларға жетеді. Сондықтан болашақта өнімнің осы түрлері бойынша өндірісті ұлғайту қажет. Қазақстанда өндірілмейтін өнімдерді рұқсат етілген көлемде ғана басқа мемлекеттерден импорттауға болады.
Қабылданған мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, елімізде өндірістің жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының үлесі төмен болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қайта өңдеу зауыттарының қуаты тек 20-60% ғана жүктелген. Өндірілетін еттің, сүттің, жемістер мен көкөністердің 30%-ы ғана өндіріледі. Сондықтан ет және сүт өңдеу кәсіпорындары толық жүктемемен жұмыс атқара алмай отыр. Себебі малдың негізгі басы үй шаруашылықтарында шоғырланған. Онда өндірілген аз өнім шағын көлемде жергілікті нарықта ғана сатылады. Үйде өндірілген өнімдер көптеген көрсеткіш бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді.
Үй шаруашылықтарында көкөніс дақылдарының – 40%, картоптың – 56%, еттің – 60%, сүттің – 74%, жеміс-жидектің 95%-ы өндіріледі. Бұл шаруашылықтар өндіріс көлемінің аздығына байланысты өсірілген егінді сатуды іс жүзінде ұйымдастыра алмайды. Сондықтан олар өздері өсірген өнімді арзан бағамен делдалдарға сатуға мәжбүр. Өнімді делдалсыз өткізу өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін 1,3 есеге арттырады деп есептелген. Ал делдалдық байланыстарды қысқарту есебінен өнімнің үстеме бағасы 15-20%-ға төмендейді.
Қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысына шикізатты жоспарлы, тұрақты жеткізудің болмауы, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі де кері әсер етеді. Мысалы, ет өнеркәсібінде жұмыс істейтін қондырғылардың 12-15%-дан аспайтын бөлігі ғана бәсекеге қабілетті өндірісті қамтамасыз етеді.
Ет комбинаттарындағы механикаландырудың орташа деңгейі 30-40% құрайды, бұл ретте тиеу-түсіру жұмыстарының 80%-ы адам күшімен орындалады. Ет комбинаттарында жұмысшылардың 50%-ы жұмысты қолмен атқарады. Қосымша құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару үшін олардың көлемін арттырып қана қоймай, дайын өнім өндірісін де ұлғайту қажет. Ол үшін өңдеуші кәсіпорындарға шикізат жеткізудің көлемін ұлғайту қажет. Осы саланың дамуын және «өндірістен тұтынушыға дейін» технологиялық тізбектің барлық қатысушыларын ынталандыра алатын экономикалық механизмдердің болмауы тежейді. Бүгінде бұл жүйелі «тізбек» бұзылғандықтан, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат жеткізушілермен, яғни тікелей агроқұрылымдармен тұрақты байланысы жоқ. Шикізат пен қайта өңдеу өнімдеріне бағаның қалыптасқан диспаритеті, яғни оның алшақтығы да агроөнеркәсіп кешенінің дамуына кері әсер етеді. Іс жүзінде өндіріс шығындары алынған түсіммен өтелмейді. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы, мал басы және оны өндіру көлемі қысқарды.
Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет қолдауымен қоса инвестиция тарту арқылы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеу қажет. Соның аясында салық заңнамасына ауылшаруашылық кәсіпорындарының салық жүйесін жеңілдету, оларға жеңіл пайызбен несие бөлу және т.б. мәселелерді іске асыру қажет.
Агроқұрылымдардың ұсақтығы – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселенің бірі. Қазіргі кезде елімізде ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 200 мыңнан астам түрлі меншік нысанындағы агроқұрылымдар жұмыс атқарады. Олардың 188 мыңы немесе 94%-ы – шаруа (фермер) қожалықтары. Ұсақ шаруа қожалықтары сан жағынан басымдыққа ие болғанымен, жалпы өнімнің 31%-ын ғана өндіреді. Олардың 40%-ында 10 га-дан аспайтын жері ғана болғандықтан, шаруашылық деңгейі қарқынды түрде, кең көлемде тауар өндіруге қабілетсіз. Ұсақ фермерлер жаңа технологиялар мен заманауи техникаларды пайдалануға жағдайы толық жете бермейді. Осының салдарынан ірі және ұсақ кәсіпорындар арасындағы өнім өндіру көрсеткішінің едәуір алшақтығы байқалуда. Мемлекет басшысы сондықтан Жолдауда – «тікелей кооперация» (вертикалды) және «көлбеу кооперацияны» (горизонталды) тиімді дамытуды тапсырды.
Ауылдық жерлерде, әсіресе аграрлық секторда қызмет ететін білікті жас мамандарды тарту мақсатында бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуі мен ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды түрде жүргізу қажет. Көлбеу кооперация қызметіне қарай немесе белгілі бір өнімді өндіруге маманданған ауылшаруашылық кәсіпорындарының бірігуі арқылы жасалады. Сондықтан олардың құқықтық мәртебесі мен экономикалық дербестігі сақталады. Кооперативтердің тікелей үлгісі – өнім өндіруші шаруашылық субъектілердің тек қана бірігуі емес, сонымен қатар олардың өндірген өнімдерін сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және тұтынушыға жеткізу. Аталған үлгі маркетингтік қызметтің кең дамуына, республикадағы жекелеген аймақтардың сыртқы және ішкі нарығын бақылауға айтарлықтай мүмкіндік береді. Ол халық шаруашылығының басқа да салаларында агроөндірістік интеграцияны дамытуға, өндіріске ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізуге, сонымен қатар жер, еңбек және материалдық ресурстар, тауар айналымындағы шығындарды төмендетудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Кооперацияның осы үлгісі республикамыздың жеке аймақтарында ішкі және сыртқы нарықты зерделеуде маркетингтік қызметті кеңінен дамытуға ықпал етеді. Елімізде кооперация өз деңгейінде дамымай отырғандықтан, нәтижелі қызмет етумен олардың қалыптасуына жағдай жасауда және ауылда кооперацияны дамытуда қолданыстағы заң барлық кедергілерді жоюы тиіс.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару кезінде суды жоғалту себептерінің бірі – пайдалану нәтижесінде 60-70% тозған суару жүйелерінің техникалық жай-күйі. Бұл суармалы жерлердің тозуына және олардың ауыл шаруашылығы айналымынан шығуына, суармалы судың артық шығындалуына, топырақ құнарлылығының төмендеуіне әкеледі.
Қазіргі кезде су ресурстары мәселелерін кең көлемде қарастыратын болсақ, алдағы уақытта Қазақстан үшін бұл күрделі мәселеге айналатыны анық. Еліміздің аймақтарындағы су ресурстарының бірқалыпты таралмауы, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, антропогендік факторлар, сондай-ақ республикадағы басты өзендердің трансшекаралық болып табылуы, яғни су бастау алатын көрші мемлекеттердің экономикасының қарқынды дамуы, ондағы халық санының өсуі суға деген сұранысты жоғарылатып отыр.
Ауыл шаруашылығының дамуы – су ресурстарының сарқылуын, тұздану және батпақтану есебінен суармалы жерлердің қысқаруын, су үнемдеу технологияларын қолданудың төмен деңгейін, инженерлік жүйелерді қайта жаңарту қажеттілігін, жайылым аумақтарын суландыру және қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстардың болмауын, суды ысырапсыз тұтынуды, сондай-ақ өзендердегі, көлдердегі су деңгейінің төмендеуін және т.б. қиындатады. Осылайша, ауыл шаруашылығын дамытуда көптеген мәселе жинақталды және оны жедел шешу үшін ел Президенті Үкіметке бизнеспен бірлесіп, бес жылға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша сапалы жаңа Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл кәсіпкерлерінің табысын ұлғайтуға, еңбек өнімділігін 2,5 есеге және отандық ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик
АЛМАТЫ