Әлем • 30 Қыркүйек, 2020

Көпжақтылыққа оралу

170 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына БҰҰ Бас хатшысы лауазымын атқарған Пан Ги Мунның «Көпжақтылыққа оралу» атты мақаласын ұсынып отырмыз. Аталған мақала Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері ұстанып келе жатқан көпвекторлы саясатпен үндеседі.

Еліміз басымдық беретін мұндай бағыт бүгінгі таңда өзекті екені анық. Өйткені Таяу Шығыс, Балқан түбегі секілді даулы жерлердегі дағдарыстар тек көпжақты келісім арқылы шешіледі. Қазақстан әлемде қауіпсіздік пен тыныштық орнатуға мүдделі екенін көптеген жаһандық бастамалары арқылы дәлелдеп келеді.

Ал Үндістан үкіметінің экономикалық кеңесшісі Каушик Басу коронавирус дағдарысы кезінде экономиканы құлдыратпау туралы өзінің пікірімен бөліседі. Қазіргідей пандемия кезінде бұл да өзекті мәселе. Індетке байланысты қайта-қайта локдаун енгізе беру қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Автор өз мақаласында «өгізді де өлтірмеудің, арбаны да сындырмаудың» тиімді тәсілін ұсынады.

 

Көпжақтылыққа оралу

Індет салдарынан БҰҰ Бас Ассам­блеясының осы айдағы жиыны ерекше жағдайда өтті. Іс-шараға қатысушы мемлекет­тердің басшылары Нью-Йорк қала­сына барудың орнына оған вир­туалды түрде үн қосты. Биыл­ғы жиынның осындай бірегей жағ­дайда өтуі COVID-19 інде­ті­­нің қаупін еңсеру үшін ха­лық­­аралық ынтымақтастық, ашық­тық және ортақ ережелер мен құқықтарға бағынудың тығы­рықтан шығатын жалғыз жол екенін анық аңғартты.

БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы пандемия жағдайына тап келуі де тағдыр тәлкегі іспетті. Адам қолымен жасалған алапат апат – Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейінгі абыр-сабыр жағ­дайда құрылған әлемнің ең жоға­ры халықаралық ұйымы соғыс­­тан кейінгі кезеңдегі бас­шы­лардың шешімі арқылы жүзеге асып, болашақ ұрпақтың осын­дай қиыншылықты бастан өткермеуін мақсат етті.

Таяу Шығыста және басқа да шиеленіске толы аймақ­тар­да бейбітшілік орнатып, тұрақ­тылық пен дамуға кепіл болатын ұзақмерзімді, нақты шешімдерді көп­жақты ынтымақтастық арқы­лы табу БҰҰ мен оның прин­цип­­­терінің өзегі болып қала бер­мек. Ол халықаралық құқық­тың негіз­дері жаһандық тыныш­т­ық­тың іргетасы саналады, сондай-ақ әлем­де қордаланған мәсе­ле­лер­ді шешу­де, адам құқығын қор­ғауда және дамудағы басты алаң.

Біз мұны Израиль-Палестина қақтығысынан анық байқап отырмыз. Бұл дағдарыстың жалғасып келе жатқанына да жетпіс бес жыл болды, БҰҰ құрылғаннан бері қарай. Оның ең тиімді шешімі екі халыққа да қолайлы, 1967 жылға дейінгі халықаралық деңгейде мойындалған шекара мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 242 және 2334 секілді қарарларына сай жүзеге асқан екі мемлекет, яғни Израиль мен Палестина жобасы.

Израиль мен Парсы шығана­ғындағы екі мемлекет Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейннің дипломатиялық қарым-қаты­нас орнатуы өте өзекті саяси ке­лі­сім. Бұл қадам қаншама жыл­­­ға созылған сенімсіздік пен кінә­­лауды тоқтатады деп үміт­те­немін. Бірақ Араб әлемі мен Из­раиль арасындағы байланыс­ты жақсартудың жалғыз жолы – Палестина мен Израиль халқына қолайлы жағдай жасайтындай, бейбітшілікте, әділдікте, тепе-тең­дікте және қауіпсіздікте жү­зе­ге асатын екі мемлекет ше­шімін бүкіл тараптың қолдауы. Адам­дардың туа бітті берілетін құ­қығын басқалар бұзуы тиіс емес.

1945 жылы көпшілік қанқұйлы екі дүниежүзілік соғыстан әлем ақыры сабақ алды деп үміттенді. БҰҰ-ның Жарғысында ұйым «ұрпақты соғыс апаттарынан қорғау үшін», жаһандық даму мен демократияға бастайтын бей­біт әрі бірегей қадам ретінде ірге­тасы қаланғаны айтылған. Со­дан бері БҰҰ-ның аясында құ­ры­лып, жұмыс істейтін халық­ара­лық ұйымдар мен институттар әлі де мүлтіксіз емес. Соған қара­мастан, жетпіс жылдан аса уа­қыт бойы ұйым бейбітшілікті, қауіп­сіздікті, адам құқығын, әлемдегі экономикалық және әлеуметтік дамуды әрдайым қолдап келеді.

Осы мұраны ерекше атап өту үшін, The Elders (Үлкендер – А.А.) көпжақтылықты қорғау мақсатында арнайы есеп әзір­леді. Бұл жаһандық тәуелсіз көшбас­шылар тобының іргетасын Нель­сон Мандела қалаған еді. Осы топта мен төрағаның орынбасары болып қызмет етемін. Жоғарыда айтылған есепте біз қазіргі әлем басшыларына арналған 5 әрекетті атап көрсеттік. Олар:

– БҰҰ Жарғысында айтылған құндылықтарға иек арту;

– БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті ынтымақтас әрекет­тесу арқылы шешудегі құзыретін күшейту;

– Covid-19 індетімен күресу мақ­сатында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп, алдағы пан­де­мияларға әзірлікті пысықтау;

– Климат өзгеруіне байланыс­ты Париж келісімінде көр­сетілген міндеттемелерді орындауға зор ынта таныту;

– Тұрақты даму мақсаттары­ның бәрін орындауға жігер білдіру.

Бүкіл әлем елдері бұл мақсатқа қол жеткізу көпжақты саясат жүргізу екенін мойындауы тиіс. Бұл баршамыздың мүддемізге сай. БҰҰ-ның осы айтылған мақ­саттарға қол жеткізе алмауы ұйымға мүше мемлекеттердің, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты бес мүшесінің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай) өз міндеттерін орындамауына тікелей байланысты. Егер мемлекеттер ұлттық мүддесін ортақ міндеттерден жоғары қойса, бәріміз ұтыламыз.

Биылғы шілдеде пандемия жағдайына байланысты гумани­тар­лық дағдарысты одан әрі те­рең­­детпеуі үшін оқ атуды жа­һан­дық деңгейде тоқтату жө­нін­дегі 2532 қарарын БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің бір ауыздан қа­был­дануын зор ықыласпен тыңда­дым. Сондай-ақ мұны БҰҰ Бас хат­­шысы Антонио Гутерриш ал­­ғаш рет наурызда айтқанда қызу қол­­дайтынымды жеткіздім. Әйт­се де, қарар мәтініндегі кей мәсе­ле­лер­ді талқылауға маңызды бірнеше айдың кеткеніне ішім ашыды.

Қанды қақтығыстар мен қаты­гез пандемия кезінде семан­ти­калық мәселені талқылау ха­лықа­ралық қоғамдастыққа қа­ралы хабар жеткізген секілді. Ден­саулық саласына келген ті­ке­лей кері әсерінен бөлек, ін­дет­тің салдарынан туындаған эко­номикалық дағдарыс ұзаққа созылып, жағдайды қиындата­ды. Әлемнің көптеген даулы бөліктеріндегі онсыз да нашар ахуалға кері әсерін тигізеді. Қазір дипломатиялық доп ойнайтын кезең емес.

Содан бері БҰҰ Әлемдік азық-түлік бағдарламасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қиын гуманитарлық дағдарысты бастан өткеруіміз мүмкін екенін ескертіп, Йемен, Сомали, Нигерия және Оңтүстік Судан секілді аймақтарда 600 мыңнан астам бала аштық пен тамақ тапшылығынан қайтыс болуы ықтимал екенін жеткізді.

COVID-19 дағдарысы адам­зат­қа ортақ құндылықтар мен әлсіз­діктерді көрсеткен қара­лы хабар секілді. Егер пандемия­мен күресте сәтсіздікке ұшыра­сақ, ынтымақтастық пен ортақ әре­­кеттерді жаңартып, қауіп-қатер­дің алдын алмасақ, вирус­тың құрбандарына құрметсіздік көрсетіп, БҰҰ-ның іргетасын қала­ғандардың бізге артқан үмітін ақтамағанымыз.

 

Пан Ги Мун,

The Elders тобы төрағасының орынбасары. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы және Оңтүстік Кореяның бұрынғы сыртқы істер министрі

 

Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org