Қоғам • 30 Қыркүйек, 2020

Алаяқтықтың иірімі аңғал адамдарды қарызға батыра бере ме?

1777 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Интернет желісінде алаяқ­тық қылмыс белең алып тұр. Жыл басынан бері Атырау об­лы­сының полицейлері азаматтардан виртуалды шындыққа бергісіз ай­­ламен әрекет ететін алаяқ­тардың ісіне қатысты шағым­данғандардың 400-ге жуық өтінішін тір­кеді. Әсіресе пандемия қау­піне байланысты карантин мен қозғалыс шек­теулері интернеттегі алаяқтықтың өсуіне ықпал етіпті. Бей­қамдықтан ба, әлде бас­қалай себебі бар ма, әйтеуір тұрғындардың интернет-алаяқтар көбірек ұсынатын тауарлар мен қызметтерге белсенді тапсырыс беретіні анықталып отыр.

Алаяқтықтың иірімі аңғал адамдарды қарызға батыра бере ме?

 

– Қылмыскерлер қай кезде де азаматтардың ең осал тұсын тап басуға дағдыланған. Бұл – тез әрі оңай пайда табуға, үнемдеуге, қымбат заттарды арзан бағамен сатып алуға деген ұмтылыс. Мәселен, соңғы кезде ақшаны «айналдыру» деп аталатын алаяқтықтың түрі таралды. Алаяқтар азаматтарға ақша салып, қаржысын бастапқы жарнадан екі не, үш есе артық пайдамен қайтарып алуды ұсынады. Бұған сенген азаматтар алаяқтарға ақша, өздерінің  деректері мен карта нөмірін жібереді. Ал алаяқтар оларға үстеме соманы жіберуге уәде береді, – дейді облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасының аға жедел қызметкері Закария Разғалиев.

Оның мәлім етуінше, алаяқтар ұсынған жарнаны төлегендер ешқандай пайда көрмейді. Тіпті өзінің ақшасын қайтара алмайды. Адамдардың сенгіштігін пай­даланған қылмыскерлер жеке деректерге қол жеткізген соң тағы бір алаяқтық әрекетке барады. Бұлар банктерден құрбандарының атына несие рәсімдейді. Банктер несие ақшасын азаматтардың карточкаларына жібереді.

– Міне, дәл осы кезде алаяқтар өз құрбандарының телефонына қоңырау шалып, «қайырымдылық қорына арналған қаражат сіздің атыңызға кездейсоқ жіберілді. Ақшаны  қайтарыңыз, өтінемін» дейді. Тағы да алданған адамдар бұл қаражатты алаяқтардың QIWI әмиянына жібереді. Осы­лайша, алаяқтар бір адамды екі рет алдайды. Аңғалдық адам­дар­ды «айналдыруға» салған  қара­жатын жоғалтуға, тіпті өз атына ресім­делген несиені төлеуге мәж­бүр етіп отыр, – дейді Закария Раз­ғ­алиев.

Алаяқтардың жиі қолданатын тағы бір «сүйікті» амалы – өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру. Олар өз құрбандарына қо­ңырау шалып, шотына шабуыл жасалғанын хабарлайды. Сол себептен, тексеру жүргізген кейіп танытып, азаматтардың жеке дерегін, олардың шотында сақталған қар­жы­ның сомасын біліп алады. Осы­лайша сенімге кіріп, телефонға ке­ле­тін құпия кодты жіберуді сұ­райды.

– Біз азаматтарға бөгде адам­дарға өздерінің жеке дерегін, кар­та нөмірі мен құпия кодты хабар­ламауға кеңес береміз. Алаяқтар бұл ақпараттың барлығын басқа адам­дардың қаражатын иемдену үшін пайдаланады, –дейді криминалды полиция басқармасының қызметкерлері.

Полицейлердің айтуынша, былтыр алаяқтар мұғалімдердің атын жамылып,  ата-аналардан мектептің қажеттіліктері үшін ақша аударуды  сұраған деректер көбейіпті. Осыған орай түскен шағым саны да артып отыр. Әдетте алаяқтар интернетте басқа адам ретінде көрінудің жолын жетік меңгеріп алған. Алаяқтар адамдардың фотосын  жүктеп алып, олардың атынан жалған парақша ашады. Содан кейін құрбандарымен сөйлеседі. Интернеттегі алаяқтар сұрайтын сомалар қомақты емес. Сол себептен, зардап шеккендер мұндай фактілерге қатысты поли­цияға жүгінуді қажет деп таппайды.

Желіде жаңа гаджеттерді сатып алу немесе пәтерді жалдау да алаяқтардың жиі қолданатын әдісіне айналып барады. Алаяқтар жалған парақшаларда iPhone те­лефонының түрлі маркасын на­рықтық құнынан төмен бағамен ұсынады. Олар телефонның жаңа екенін, жақында сатып алынғанын, немесе сыйлық ретінде берілгенін түсіндіреді. Бірақ шұғыл ақша қа­жеттігін, сон­дықтан арзан ба­ғаға сатуға мәж­б­үр болып отырғанын айтады. Кар­точ­каға ақша түс­кен соң олар «көк­жиек­тен» тез жоға­латыны даусыз. Қоңы­раулар мен sms-хабарламаға жауап бер­мейді. Тіпті алданған құр­банын бұғаттап тастайтыны бұл­жымас әдетке ай­налған. 

– Алаяқтар жылжымайтын мү­лік иелерінің бетпердесін киіп те әрекет етеді. Олар жақында жөн­деуден өткен пәтерді көңілге қо­ным­ды бағамен жалға берушінің рө­лін ойнайды. Жалға алушымен те­лефон арқылы сөйлескенде алдын ала төлем жасаған клиенттің пәтерге келетінін алға тартады. Ұнаған пәтерді алып қалудың бір ғана жолын ұсынады. Бұл – картаға алдын ала төлем жіберу. Нәтижесінде, аңғалдық құрбаны ақшасыз, әрі жалдамалы баспанасыз қалады. Алаяқтар басқа адамдардың парақшасынан бөлек QIWI әмияндарын өте жақсы кө­реді. Өйткені мұны ашу үшін те­лефон нөмірінен басқа дерек қа­жет емес.  Бұл виртуалды түрде ашылады. Оны бақылау да қиын. Алаяқтар банк карточкасын ашса, онда оны белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, алкогольдік ішімдікке салынған кезбе  адамдардың атына рәсімдейді. Өйткені, үнемі ішім­дікке «тойып» жүретін мұндай адамдар құжатын кімге бергенін есіне түсіре алмайды, – дейді Закария Разғалиев.

Бейқамдыққа бой алдырып, аңғалдыққа ұрынған адамдарды интернеттегі алаяқтар иіріміне тартып барады. Арам ойлылардың арбауына  түскен аңғал жандар ақшасынан айырылып, қарызға белшесінен батса да бұдан сабақ алар емес. Олардың арасында алаяқтарға бірнеше рет алданатыны бар. Ал  адамдардың сенгіштігін сәтті пайдаланатын алаяқтар алдын ала құрылған жоспарын іске асыру үшін өзге қалалар мен елдерді таңдайтыны белгілі. Қылмыстық полиция басқармасының жедел уәкілдері ақша аударымдары айналымының Алматы, Шымкент, Қостанай қалалары мен көршілес Ресейде артқанын анықтап отыр. Полицейлер биылғы жыл басынан бері осындай 60 қылмыстық істі ашып, алаяқтардың жолын кесті.

 

Атырау облысы