Қоғам • 30 Қыркүйек, 2020

Түрмедегіден түңілмейік

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түрме – тек жазалау ғана емес, қайта тәрбиелеу орны. Ақтау қаласындағы еліміздің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты түрмелерде жазасын өтеушілерді тәрбиелеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді.

Түрмедегіден түңілмейік

 

Оларға қоғамның бір мүшесі ретінде қарап өз қабілеттерін ұш­тауға, бойында бар өнерін шыңдауға, сондай-ақ өнерін, білімін дамытып, ғылыми жұ­мыспен айналысып, арнайы патент алуға, өзі қалаған ма­ман­­­дықтың иесі болуға қол жет­кі­зуіне, жұмыс жасап қаражат табуына және араларында әртүрлі жағ­дайлар орын алғанның өзінде егер қаласа отбасы мүшелерімен кездестіріп, татуластыруға бар­лық мүмкіндіктер жасалу­да. Өйткені өмір әркімнің өзі қа­лағандай бола бермейді, ой­ла­маған жерден жолдан тайып, жаза басу әбден мүмкін. Тіпті ал­дына үлкен арман мен мақсат қойып, бір-ақ рет берілетін өмірді мазмұнды істерге арнай­мын деген таудай талапты жанның өзі қас-қағым сәттегі бір ғана әре­кетімен қиялындағы әдемі тір­лігін түрмедегі жұпыны тағ­дырға ауыстырып алуы таңға­ларлық емес.

Әрине, түрменің аты түрме, оның өз әлемі бар. Бірақ жазасын өтеушілердің мұқалмаған ру­­хына, жақсы келешекке деген ұмтылысына қарап бір жылымықты сезгендей боласың. Ал олардың жанталаса еңбек етіп ақша тауып, өз қолдарымен ал­уан түрлі дүниелерді – тұрмыстық бұйымдар мен ағаштан жасалған өзге де нәрселерді жасап шыға­рып, оны қажетті орындарға бер­­гендеріне риза боласың. Бі­рін бірі толықтырған дүние-ай дей­сің іштей!

Елімізде көктем, жаз айларында індет қаһарына мінген шақта темір тордың арғы бетіндегілер қоғамнан оқшауланып қалған жоқ, елмен бірге қиналып, халық­қа көмек қолын созуға жанұшыра ұмтылды.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйе­сі комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментіне қарасты ГМ 172/6 түзеу мекемесінде құ­рыл­ған шағын цех ауыр шақта  дәрігерлерге, өзге де тапсырыс бер­гендерге арналған қорғаныш киімдерін, бетперделерді тігуге жұмылды. Қолдан пішілген сапасы санитарлық талаптарға сай қорғаныш киімдерін тігумен «Рамит-Ақтау» ЖШС мен «Еңбек-Атырау» мекемесіндегі 32 жазасын өтеуші айналысып, аз уақыт ішінде 50 мың бірреттік қолданысқа жарамды қорғаныш киімдерін, 60 мың бетперде тігіп, сондай-ақ 4 дезинфекциялық тоннел да­йындап шығарды. Белсенді еңбек еткен азаматтардың үлесі елеусіз қалған жоқ – олар аймақ басшысы атынан алғыс хаттармен марапатталды, ал ең бастысы  – олардың үлгілі тәртібі мен үздік ісі мерзімінен бұрын босап шығуы үшін арнайы орындар тарапынан есепке алынатын бо­лады.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ГМ-172/6 мекемесі аумағында жеке кәсіпкерлердің төрт цехы және «Еңбек-Атырау» мемлекеттік мекемесі орналасқан. Бұл кәсіпорындарда 111 сотталу­шы еңбек етіп, жалақы алады. Олар жалақыларының бір бөлігін міндетті талаптарына сай төлемге пайдаланса, екінші бөлігін өзде­рінің жеке қажеттіліктеріне жұм­сайды.

Жуырда Ақтаудағы аталған зона қызметкерлері  тағы бір үл­гілі ісімен танылды. Олар мекеме бас­шылығына өздері өндірген бұйымдарды қайтарымсыз тұр­ғыда қаладағы әлеуметтік меке­мелерге беруге ұсыныс білдір­ген. Жазасын өтеушілердің бұл ұсынысы сотталушылармен ара­дағы еңбек келісімшартын, сон­дай-ақ цех ашқан кәсіпкердің құ­қын бұзбай жүзеге асырылады.

– Жазасын өтеу кезіндегі ең­­бек – сотталушыларды тәр­бие­­­леу­­дің маңызды бөлігі. Сон­дықтан біз бас­­шы­лыққа осы тұр­ғыдағы ұсы­ныспен шыққан сотталушыларды әрдайым қол­дау­ға дайынбыз. Мұндай акция­лар біздің бірлескен жұмы­сы­мыздың көрсеткіші болмақ, – дейді Маңғыстау облысы бойын­ша ҚАЖД  бастығының орынбасары Қанат Жарылғапов.

Сотталушылардың қолынан шыққан ағаштан жасалған ас салатын табақтар мен астаулар, оқтаулар, қарт кісілерге және мү­­гедек жандарға арналған бал­дақ­тар, күнделікті тұрмысқа қа­­­жетті өзге де көздің жауын ала­­­тын әсем бұйымдардың бір бө­лігі Ақтау қаласындағы №2 ар­найы әлеуметтік көмек көрсету орталығына табысталды. Енді жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұйымдардың пайдасын аталған мекеме қарауындағы қарт кісілер мен мүгедектер көретін болады.

«Жаңылмайтын жақ, сүрін­бейтін тұяқ жоқ» дегендей, бас бостандығы шектеліп, темір тордың арғы жағына тоғытыл­ғандар арасында бос уақытында кітап оқып, қоғамға да, өзіне де пайдалы іспен айналысуды, саламатты өмір салтын ұста­ну­ды берік қағида еткен жазасын өтеуші жан – шалыс басқан қа­да­мын қайта түзеуге ниетті жан деп қабылдауға болады. Қай­та тәрбиелеу жұмыстары – әрбір сотталушының рухани күй­зеліспен жақсылықтан түңіліп, өзін құрдымға лақ­тыруын болдырмау үшін түр­ме басшылығынан зор табан­ды­­лықты, үлкен ұйым­дас­­ты­рушылықты, маңызды мін­деттер мен жарқын жобаларды, тың бастамаларды талап етеді.  Түрме­дегі жылт еткен жаңалық пен жақ­сы хабар – осы тұрғыдағы мазмұнды істердің көрінісі.

 

Маңғыстау облысы