Басқарма басшысының айтуынша, маусымдық инфекциялық сырқат болған жағдайда медицина мамандары мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және науқастарға арналған төсектік орын толығымен дайын.
– Ем-шара жүргізуге 2 мың медицина қызметкері жұмылдырылады. Оның ішінде дәрігерлер саны 282 болса, орта медициналық персонал – 600, ал кіші медициналық персонал – 450. Бұдан бөлек 700-ден астам басқа да мамандар тартылмақ. Бүгінгі таңда елімізде халықты вакциналау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Маңғыстау облысында барлығы 70 мың адам вакциналаудан өтеді. Бүгінде тұмауға қарсы екпені 19 393 адам қабылдады, – деді ол.
Сондай-ақ жиында жедел жәрдем қызметі, жеке қорғаныс құралдарын дайындау және объектілерді ашуға дайындық бойынша топтардың жұмысы айтылды.
Маңғыстау облысы бойынша өкпені жасанды желдету аппараттары бұрын 95 дана болса, қазір 260 данаға көбейген. Ал оттегі концентраторы саны 30 данадан 564 данаға жеткен. Медициналық ұйымдар бюджет қаржысына, демеушілік және гуманитарлық көмек арқылы 2 айға жететін 825 көп реттік, 31 234 бір реттік қолданылатын костюм, 2 млн дана маска, 29 650 қолғап және басқа жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған. Өңір бойынша 274 дәріханада шамамен 400 мың дана медициналық бетперде бар.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында төрт категория бойынша халыққа медициналық қызмет көрсететін барлығы 198 автокөлік бар, оның 120-ы тұрғындарға қызмет көрсетсе, 16-ына жөндеу қажет, ал 62 автокөлікті есептен шығару жоспарланған.
Жыл басынан бастап демеушілік көмекпен 7 автокөлік (реанимобиль) облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасына берілген. Тағы жыл аяғына дейін автопаркті қосымша толықтыру үшін «БРК-Лизинг» арқылы 52 автокөлік әкелінбек.
Жедел жәрдем қызметі бұрын тәулігіне 10 диспетчермен облыс бойынша орташа есеппен 600 қоңырау қабылдаса, коронавирус инфекциясының өршуі кезінде қоңыраулар саны тәулігіне 2 мыңға жуық өсіп, оның тек 700-і қабылданды. Енді демеушілер көмегімен АТС құрылғысы алынып, нәтижесінде 2 мыңға жуық қоңырауды 15 диспетчермен өңдеуге мүмкіндік тумақ. Қазіргі таңда бір тәулікте 7 диспетчер, 2 кезекші дәрігер және бас дәрігер шамамен 600 қоңырау қабылдап отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұловтың айтуынша, өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 38 нысанның құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ақтау қаласы бойынша 3 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде және инфекциялық аурухана салынуда. Облыстық ауруханада және балалар ауруханасында жұмыстар қазан айының 1-інде аяқталады. Сондай-ақ инфекциялық аурухананың құрылысы 65%-ға орындалған.
Медициналық мекемелердің жалпы жағдайы мен күзгі-қысқы дайындық жұмыстары пысықталған жиында мәселенің үнемі бақылауда болатыны айтылды.
Маңғыстау облысы