Жиында жол, су, жарық, жылу, тұрғын үй құрылысы және тасымалдау саласы бойынша түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылды. Алдымен шаһардың жылу беру маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Биыл маусым жылдағы кестеге сай 15 қазаннан басталады деп межеленген. Бүгінде орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған нысандардың 90 пайызы қысқа дайын. Қалған аумақ жылу қабылдауға 10-қазан күні толығымен әзір болмақ. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов мәлім етті. Қазір кварталішілік 7 жылу желісінде соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары күн райы күрт өзгеріп, бірнеше күн қатарынан сынап бағанасы төмендесе, қаланы жылумен қамту ертерек басталуы қажет екенін баса айтып, дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Отырыста ортаға салынған келесі тақырып жол құрылысы. Биыл жыл көлемінде республикалық, облыстық және жергілікті бюджет есебінен қала аумағында 200-ден аса көше күрделі, орташа жөндеуден өтуде. Халықтан келген арыз-шағымдар ескеріліп, басымдық қалаға қарасты кент және ауылдық округтерге, қаланың шет аумақтарына берілген. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл жұмыстардың алдағы жылы да қарқынды түрде жалғасатынын айтып, жыл аяғына дейін арнайы жоба дайындалып, республикаға бюджеттік өтінім берілетінін жеткізді.
Тұрғын үй құрылысының қарқыны мен сәулеттік кескіні де күн тәртібінде қаралды. Жалпы биыл қала көлемінде 345 529 шаршы метр тұрғын пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыстың негізгі бөлігі Сырдария өзенінің сол жағалауында.
Келелі жиында су жүйесі мен жарық желісіне қатысты мәселелер де талқыға түсіп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Жиынды қорытындылай келе қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тапсырмалардың хаттамаға сәйкес облыстық басқармалармен бірлесе атқарылуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.