Бағдарлама ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын ыңғайлы қысқаша онлайн-форматта 1-11 сыныптарының оқушылары үшін бейне-дәрістері әзірленді. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды түрде саяхаттай алады, опера, балет, драма өнерінің озық үлгілерін көріп, қазақстандық және шетел кинофильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, әсем музыкалық шығармаларды тыңдай алады.
Оқушыларға mmura.kz сайтында музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде барлық білім беру бейне-дәрістеріне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беріледі.
Әр бейне-дәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады. Балалардың ерікті түрде қатысуы осы жобаның қағидатты шарты болып табылады. Оқу жылының соңында тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп жоғары ұпай жинаған ең белсенді қатысушыларды сыйлықтар мен жағымды тосынсыйлар күтеді.
"Осындай деңгейдегі жоба жас және жаңа білімге құмар ұрпақ үшін бағдар береді, еліміздің сенімді азаматтарын тәрбиелеуге көмегін тигізеді және жігерге толы жас жүректерді жаулап алады деген сенімдеміз!", деп атап өтті ұйымдастырушылар.
"Ұлағатты ұрпақ" – мектеп оқушыларын еліміздің мәдени кеңістігіне белсенді түрде енгізу арқылы мәдени ағартудың жаңа форматы, "Мәңгілік Ел" құндылықтарының бүкіл жүйесі негізге алынған өзіндік ұлттық мәдениетке бастапқы ену негізінде әлемдік мәдениеттің жауһарларымен таныстыру.
Жобаны іске асыру жөніндегі барлық ұсыныстар "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына, "Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес әзірленді.
Бұл бастамашылық еліміздің шығармашылық интеллигенциясы арасында кеңінен қолдау тапқанын ескере кеткен жөн. Алғашқы бейне-дәрістер Қазақстанның Халық артисі Гаухар Мырзабекованың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділмановтың, Толқын Зәбированың, Қазақстан киносыншылары ассоциациясының президенті Гүлнәр Әбікееваның қатысуымен жасалды.