08 Қараша, 2013

«Жаңа Жібекжолы» жобасы – әлемдегі жүк тасымалының жаңа арнасы

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Тәуелсіздік са­ра­йын­дағы «Жаңа Жібек жолы» ІІ халықаралық көліктік-логис­ти­ка­лық бизнес-фо­румы­ның жиыны екі күнге жал­ғасты. Оны Қа­зақстанның «KAZLOGISTICS» көлік одағы ұйым­дастырып, оған 20-ға жуық дамыған елдердің са­ладағы білгір ма­мандары мен компаниялар жетекшілері қатысты.

 

Астанадағы Тәуелсіздік са­ра­йын­дағы «Жаңа Жібек жолы» ІІ халықаралық көліктік-логис­ти­ка­лық бизнес-фо­румы­ның жиыны екі күнге жал­ғасты. Оны Қа­зақстанның «KAZLOGISTICS» көлік одағы ұйым­дастырып, оған 20-ға жуық дамыған елдердің са­ладағы білгір ма­мандары мен компаниялар жетекшілері қатысты.

Форумның кешегі ашылу салтанатында Премьер-Министр Серік Ахметов сөз сөйледі. Сөзін құрлықтар арасында көліктік сауда ағымын дамыту Қазақстанның бәсекелестік қабілетін арттырады, деп бастаған Үкімет басшысы Еуразия көліктік-логистикалық жүйеге қатысушылардың барлығын шоғырландыру және бәсекеге қабілеттілігі жоғары трансконтинентальдік дәліздерді қалыптастыру бойынша тиімді шешімдер әзірлеу үшін көпжақты қарым-қатынастың мұндай қағидаларын құруды өте маңызды және өзекті деп санайтындығын атап көрсетті. «Қазақстан бизнес-форум форматында осы диалог алаңын құруға бастама жасады. Өйткені, құрлықтар арасында көліктік сауда ағымын тұрақты түрде дамыту Қазақстанның бәсекелестік қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Мемлекет басшысы «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы. Елдің көлік әлеуетінің дамуы» жобасын жүзеге асыру идеясын ұсынған болатын», – деп жалғады сөзін С.Ахметов.

Үкімет басшысы мұнан кейінгі сөзінде аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет республиканың көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту мен ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі. Көліктік-логистикалық активтерді бірыңғай кешенге ықпалдастыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік бағытында халықаралық көлік дәліздерін оңтайландыратын автомобиль және теміржолдардың құрылысы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Форум аясында талқыланатын идеялар мен ұсыныстар өңір елдерінің әлемдік көліктік-логистикалық қызмет көрсетуге белсенді ықпалдасу ісінде оң серпін береді деп сенемін», деп сөзін түйіндеді Премьер-Министр.

«Жаңа Жібек жолы» жобасы – жүк тасымалы қызметіндегі революция. Бұл жөнінде «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» ІІ халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумы барысында «DP World» әлемдік порт операторлары Директорлар кеңесінің президенті Ахмед бин Сулайм айтты. «Қазақстанның географиялық орналасқан жері стратегиялық тұрғыдан маңызды. Қытайдағы өндірістің өзгеруін есепке ала отырып, бұл жоба жүзеге асырылады деп ойлаймыз. Себебі, ол арақашықтықты көп қысқартады. Біз, DP World логис­тикалық порттарды дамыту­да­ғы өз тәжірибемізбен Ақтауда да, Қорғаста да бөлісе алатыны­мыз­ды айтқым келеді. Біз Еуро­па­ның ірі терминалдарында, кон­тей­нерлерінде, порттары мен қазіргі заманғы теміржолдарында жұмыс істейміз. Пәкстан мен Үндістанда жеке сервисіміз бар», деді ол.

Ахмед бин Сулайм аталған жоба Қазақстанға ғана емес, оған қатысушы әрбір мемлекет үшін аса маңызды екенін жеткізді. «Жаңа Жібек жолы» жобасы жүк тасымалы тізбегінде Қазақстанның провайдер рөлін атқаруына мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Ең бас­тысы осы үдерістегі құжаттарды реттеу ісі оңтайлы жүргізілуі тиіс. Әйтпесе, пойыз жоғары деңгейде жылдам әрі тиімді болғанымен, құжаттама сәйкес болмаса, онда көп мәселе туындайды. Мысалы, біз шамамен 14 млн. контейнердің тасымалын ұйымдастырамыз. Олардың барлығы ешқандай құжатсыз-ақ жүзеге асырылады. «Жаңа Жібек жолы» жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жаңа бизнестің құрылуын қамтамасыз етеді деген ойдамыз. Мысалы, 1985 жылы біздің аумақта жұмыс істейтін 10-ға жуық компания бар еді. 2013 жылы олардың саны 8,5 мыңнан асты. 1985 жылы жұмысшылар саны 500 адамды құраса, қазіргі қызметкерлер саны 250 мыңға жетеді. Сондықтан, бұл жоба іске қосылса, ол тек Қазақстанға ғана емес, оған көрші әр ел үшін маңызды болмақ», деп аяқтады сөзін Ахмед бин Сулайм.

Келесі жылдың алғашқы тоқсанында Біріккен көлік-логистикалық компания іске қосылады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. Сондай-ақ ол, 2020 жылға дейін еліміздің көліктік-логистикалық саласы мен оның инфрақұрылымдарына 60 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылатынын да айтты.

Аталған бизнес-форум аясында бірқатар меморандумға қол қойылды. Соның бірі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин, «Ресей темір жолы» ААҚ президенті В.Якунин және «Белоруссия темір жолы» компаниясының басшысы В.Михайлюк қол қойған Біріккен көлік-логистикалық компаниясын құру бойынша шаралардың жоспар-кестесі.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40

60 отбасының қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:38

Ата заң жобасы сараланды

Саясат • Бүгін, 08:22