Бірде «Қызылқоғам» ауылындағы Қималы учаскесінде тұратын Ибадолла бәйбішесі Бикүлге жатар алдында: кемпір, ана жарықты өшірмеші, бір жолаушы әрі адасып, әрі шаршап келеді, біреуді әкеле жатыр, – деп ескертеді. Айтқандай, ол адам өте білгір ғұлама молда еді. Таңға жақын әлгі айтқан жолаушы Қазантай жақтан екен. Әкелген адамы қол-аяғы байлаулы жынданған ауру. Молдекең көрген соң, қол-аяғын шешіңдер қазір өзі жуасиды, – депті. Арада 5-10 минут өтпей әлгі байлап әкелген бейбақ молданың алдына келіп жығылыпты. Ол кездерде ел ішінде ауруға шалдыққан кісіні аты шыққан әулие, шарапатты адамға оқытып, не мазарына түнетіп емдейтін болған. Ибадолла әулиенің алғашқы абыройының артуы осы аурулардың бұл кісінің алдынан құлан-таза сауығып қайтуынан болса керек. Әсіресе елірме, жын иектеген науқастарды тым алыс-алыс жерлерден де әкеліп емдеткен. Жынданып кеткен, ауруы әбден асқынған адамдардың бойындағы дертті бірнеше күн оқу арқылы дұғаның күшімен қайтаратын болған. Ал бұл кісінің әулиелік қасиеті кейде осындай ауруларды жазу кезінде арта түскен. Талай ұстамалы ауруы бар адамдарды қол-аяғын байлап, әулиенің үйіне әкеліп, оның босағасын аттай бергеннен-ақ ешбір дұға оқылмай бабамызға тәу етіп, «жаздым-жаңылдым» деп жалбарынып жазылып кеткендері қаншама?! Әулие бабамыздың атақ-даңқының төңірекке жайылуына байланысты оған түрлі аурулармен келіп түнеушілер, әсіресе перзентке зар әйелдер көп келген. Олардың бірі ауруынан айықса, бірі перзентті болып бала сүйіп, атайға қайта оралып, алғысын жаудырып, батасын алып қайтатын болған. Бабамыздың әулиелігін дәлелдейтін ел арасында мысалдар өте көп.
Әулие бабамыздың атажұрты – талай саңлақтарды дүниеге әкелген қасиетті Баянауыл өңірі. Бірде Баянауылдағы атажұртына, бабам отырған Қызылшілікке Самық Әбдірахманұлы деген кісі келеді. Бұл 1932 жыл. Отызыншы жылдардың дүрбелеңі кімге болса да оңай тиген жоқ. Сол жылы Самық бабамызды жатта келіп үгіттейді. Баянауыл басындағы жағдайды айтады. Елдің арып-тозып бара жатқанын тілге тиек етеді.
– Ибеке, Ертіске қарай тоғай бойына жақындағаныңыз дұрыс болар. Әлі де кеш емес. Бірге тұрайық, жалғыз қалғанда қайтесіз – деп болмайды. Бабамыз көнеді. Ақыры бір күнде жүктерін екі арбаға тиеп, әкесі Ғабзәкірді отырғызып, бала-шағасын алып екі-үш күн жүріп, Майқайыңнан осында жетеді. Жолда 88 жастағы бабамның әкесі Ғабзәкір ауырмай-сырқамай пәни жалғанмен мәңгілік қоштасады. Арғы бабамыз жаңа сауған сүтке түнеген қымызды қосып ішіп, намазын оқып, бақи дүниеге жүре берген екен. Өмірінде ыңқылдап ауырған адам емес еді. Майқайыңның зиратына жерленеді. Сондағы ағайындар жиналып «Ишан қари ғой жарықтық» деп бата жасаған екен. Сөйтіп Баянауыл жерінде, өзінің туған топырағына жамбасы жерге тиді. Қандай қасиетті адам десеңізші.
Ғабзәкір ел ішінде Ишан қари атанған, діни зор білімі бар адам болған. Туған жері, халық жазушысы Дихан Әбілев жазғандай: «Ғабзәкірдің атақонысы Баян тауларын Жасыбай асуларынан қақ жарып асып, Торайғырға жақын қонған – Найзатас. Бұл қыс қыстауы, жаз жайлауы – Желтау, Қарашоқы, Қызылшілік». Дихан ата менің бабамды ерекше қадірлеген, атақонысын тізіп айтып отыратыны содан болар. Ал академик Шафық Шөкин алпысыншы жылдардың басында Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы басталғанда Қызылқоғамда тұратын бабамызға әдейі келіп, сәлем беріп жүрген. Өзі бабамызға жиен болып келеді. Бабамыз Баянауылдың атақты адамдарын үнемі аузынан тастамайтын. Барында Жаяу Мұсаны да көрдім, ғұлама қазақтың діндар әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен де дәм-тұзы жарасып, талай дастарқандас болған. Қазақтың қыршын кеткен қыран ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың болыстық сайлауға қалай қатысқанын жыр ғып айтып отыратын, дейді көзкөргендер.
Иә, біздің бабамыз 95 жыл өмір сүрді. Өмірінде бір ауырдым, сырқадым демепті. Намазын оқып отырып, жайнамаз үстінде әжеміздің қолынан бір кесе қымыз ішіп, о дүниеге жүре беріпті. Өз әкесінің өмірін де, өлімін де қайталады.
Баянауыл баурайында Ишан қари атанған арғы бабамыз Ғабзәкірдің абырой-беделі қандай жоғары болса, бұл аймақта Тұзқала – Тілектес, Қарақала, Қызылқоғам әрі Алтаймен шектесетін Жаңауыл, Қорт, Қазантай, Майқарағайға дейін бүкіл осы Қиық өңіріне, Аққу елінде бабамыздың атақ-даңқы бір Құдай берген қасиетті Құран дұғасының арқасында кеңінен мәлім еді. Ол кісінің алдынан талай сырқаттар жазылып шықты.
Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында киелі орындарға мән-мағына берудің қажеттілігі аталып өткен болатын. Осы орайда Ибадолла бабамыздың Аққулы ауданының киелі орындар қатарына кіріп, картасына енгізілгенін тілге тиек еткен жөн. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін дана қазақтың әулиелерді құрметтеудегі алар орны ерекше. Осы орайда әр өңірдің, аймақтың кие тұтқан әулиелерді, солардың жүрек тазалығын, шарапатын кеңінен уағыздау ауадай қажет. Қазіргі діни ағымдардың көптігі және жастар арасында әулиелерге құрмет көрсетуді Аллаға серік қосу деп теріс ойлап, қатты қателесіп жүрген қандастарымыз баршылық. Бұл орайда бабаларымыздың үлгі ғып көрсетіп кеткен сара жолын және сол әулиеліктің өзі кез келген адамға қона бермейтін Алланың берген нұры деп жеткізуді жөн санаймыз. Бабалар аруағына құрмет көрсету әрі оларды келер ұрпаққа насихаттау – біздің басты міндетіміз!
Абай ИБАДУЛИН
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы,
Қызылқоғам ауылы