Иә, биылғы наурызда коронавирустың Қазақстан аумағына таралуын барынша азайту, ұлттық қауіпсіздік пен халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ел Үкіметі Қазақстан-Ресей, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекараларын өту кезінде отандастарымыз үшін (жеке куәлік, туу туралы куәлік), Ресей азаматтары үшін (РФ азаматының паспорты), Қырғызстан азаматтары үшін (ID карта) ішкі құжаттардың қолданылуын уақытша шектеу туралы шешім қабылдаған болатын. Ішкі құжаттар шектелгенімен пандемия өршіп, шекаралар жабылған кезде ел аумағында қалып қойған мигранттар мәселесі жойылып кеткен жоқ. Рас, вирус етек жайғалы бері талай кәсіпкердің тауы шағылып, қаражаттан қағылған-ды. Бұл өз кезегінде жұмыс іздеп келген мигранттарға да кері әсерін тигізді. Атамекенде қалған отбасыларына қаржы жіберіп тұру былай тұрсын, жеке басты алып жүрудің, отанға оралудың өзі мұңға айналды.
Мигранттар мәселесі Қазақстанның ғана емес, өзге мемлекеттердің де бас ауруына айналғаны белгілі. Алайда, ел билігі мигранттарға транзиттік дәліз ұсыну мәселесіне келгенде тартынып қалған жоқ. Бұл туралы Женевадағы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова биылғы маусымда өткен вебинарда мәлімдеген болатын. Аталған вебинар жұмысын Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым ұйымдастырып, бұл шараға БҰҰ-ға 90 мүше-мемлекеттің, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның 300-ге жуық өкілі қатысқан еді. Шара барысында пандемия жағдайында мигранттарды қорғау мәселесі қаралып, одан туындаған жағдайды тұрақтандыруға қатысты әр елдің үкіметтері қабылдаған шаралар айтылды. Сол шаралардың шеңберінде мигранттарға көмек көрсетудегі тәжірибе алмасу жүрді.
Нақ осы онлайн басқосуда мигранттар мәселесіне қатысты Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Ж.Айтжанова халықаралық қауымдастықтың алдында Қазақстанның мигранттарды қолдауға, соның ішінде төтенше жағдай мен карантин кезінде шетелдіктердің ел аумағында болу ережелерін әзірлеуге қатысты ұстанымын жеткізді. Соның ішінде, мигранттар үшін визалар мерзімін ұзартуға, оларға гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қырғызстанның 500 және Өзбекстанның жүздеген азаматын мемлекеттік шекара арқылы өткізуді қамтамасыз ету кезінде қабылдаған бірқатар шараларды атап өтті. Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарына транзиттік дәліз ұсыну мәселесінен бөлек, Қазақстан мигранттарға әлемде қалыптасқан күрделі эпидемиялық жағдайда көмек көрсетуді жалғастыратынын жеткізген еді.
Ел билігі айтқан сөзінде тұрып, мигранттарға көмек көрсету жұмысы жалғасқанын айту қажет. Мәселен, Қазақстан-Өзбекстан шекарасын кесіп өте алмай жүрген 50-ге жуық тәжікстандық мигрантты өз отандарына депортациялады. Сондай-ақ «Жібек жолы» өткізу пунктінде туған топырағына жете алмай әбігерге түскен Тәжікстанның тағы 178 азаматы бар еді. Аталған азаматтар ел аумағынан үш күнде кетуі керек-ті. Мұндай шешімді сот биылғы 2-3 маусымда шығарғанымен, мигранттар ел аумағынан шыға алмай қалған-ды. Кейін бұл мәселе де өз шешімін тауып, пандемия салдарынан жапа шеккендер туғандарымен қауышты. Тәжікстан билігі Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан аса алмай жүрген 237 азаматты маусым айының басында отанына оралта алды.
Транзиттік дәліз ұсынуға Қазақстан қанша жерден дайын болғанымен, шекараны кесіп өту мәселесі қашан да күрделі процесс болып қала бермек. Мәселен, осы індеттің кесірінен Ресей мен Қазақстан шекарасында бірнеше мың өзбек және қырғыз мигранттары бөгеліп қалған болатын. Ақыры, тамыз айының басында мигранттарға ел аумағынан өтуге рұқсат берілді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қырғыз және өзбек тарабы 27 шілдеде және 3 тамызда азаматтарын Ресейден әкелу үшін транзиттік дәлізбен қамтамасыз ету туралы ресми түрде ұсыныс айтқанын жеткізді. Осы мәселе кейін оң шешімін тауып, Қазақстан өз рұқсатын берген соң 4-5 тамызда Ресейден Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанның 2435 азаматы 40 автобуспен, Өзбекстанның 2,2 мың азаматы темір жол көлігімен жеткізілді.