Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, тылдағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына тартып, эвакуацияланған зауыт пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіс күнін жақындатқан, елінің, Отанының даңқын асқақтатқан «Кеңес Одағының Батыры» атағы мен «Даңқ» орденінің толық иегері атанған жамбылдықтар қанша деген сұрақ алдымыздан жиі шығады. Осыған орай қолда бар құжаттарды және ақпарат көздеріндегі материалдарды саралап, сұрыптап, Жамбыл облысының 20 азаматы Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын, 7 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері болғанын анықтадық. Олар: қазақтың біртуар азаматы, даңқты қолбасшы, жуалылық Бауыржан Момышұлы, Владимир Михайлович Вишневецкий, Дмитрий Степанович Кавешников, Федор Кириллович Кердань, Дмитрий Федорович Пахомов; таластық Сәду Шәкіров, Амантай Дәулетбеков; қордайлық Николай Никонорович Белашов, Степан Захарович Сущев; байзақтық Ақәділ Суханбаев, Семен Архипович Ларионов; шулық Саттар Естемесов; меркілік Владимир Артемович Савва, Николай Федорович Федоров, Иван Иосифович Трубицин; жамбылдық Яков Николаевич Тюлькин, тараздық Андрей Алексеевич Сорокин, Нуролла Гарифуллаұлы Фазлаев, Петр Васильевич Томасевич, Мамашариф Гиясұлы Фаязовтар болды.
Ереже бойынша, Кеңес Одағының Батырлары қай жердің әскери комиссариатынан шақырылса, сол жердің ұланы болып есептелінеді. Осы орайда, кейбір дерек көздерінде мойынқұмдық Мәди Бегенов Түрікменстаннан, Қордайда туған Иван Васильевич Москаленко мен Александр Иванович Романютин Қырғызстаннан майданға алынғанын еске салғымыз келеді. Оларды да «біздің батыр» десек, айып болмас. 8 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын Днепрден өтуде көрсеткен ерлігі үшін иеленген.
«Даңқ» орденінің толық иегерлері: тараздық Иргаш Досмухаметов; қордайлық Василий Иванович Евман; тараздық Федор Васильевич Иванов; шулық Михаил Иванович Перепелов; қордайлық Сергей Яковлевич Сердюков; жуалылық Тайыр Бүркітбайұлы Тастандиев; жамбылдық Алахан Жапарбеков. Бұлардан басқа, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін облысымызда бірнеше Кеңес Одағының Батыры қоныс тепкен. 1965 жылдың 20 шілдесіндегі мәлімет бойынша, олардың қатарында генерал-майор Григорий Архипович Криволапов, подполковник Абылай Әлімбетов, майор Ардольон Вениаминович Баранов, Василий Семенович Грушко, майор Александр Федорович Петров, подполковник Петр Егорович Толстов, аға лейтенант Кенжебек Шәкенов, капитан Александр Павлович Мин, Дмитрий Александрович Стариков, Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында анасы мен інісі тұрған, өзі Маңғыстау облысында дүниеге келген, Түрікменстаннан әскерге алынған Мәди Бегенов, «Даңқ» орденінің толық кавалері Абдулла Матыгуллин бар. Бұлардың біразының отбасы соғыс жылдарында Жамбыл жеріне көшірілгендер болса, біразы қызмет бабымен келгендер.
Жылдар өтер, заман да өзгерер. Бірақ Отан үшін отқа түскендер ешқашан да ұмытылмайды. Баукеңнің сөзімен айтсақ, олар отқа күймейді. Қайта ерліктері мәңгілік асқақтай береді.
Алмас МҰХТАРОВ,
Талас ауданы мемлекеттік архивінің директоры
Жамбыл облысы