Футбол • 01 Қазан, 2020

«Астана» – «Қайрат»: Биыл қай клуб топ жарады?

534 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионаты биыл пандемияға байланысты ерекше жағдайда өтіп жатыр. Яғни ішкі біріншілікке қатысатын барлық команда ойындарды өз қаласында емес, бәрі Алматыға жиналып, бір аймақта өткізіп жатыр. Бұл да футбол тарихының жылнамасында бұрын-соңды болмаған жағдай.

«Астана» – «Қайрат»: Биыл қай клуб топ жарады?

 

Тағы бір атап өтерлігі, чемпио­наттың алғашқы турларына қатыс­қан, ел футбо­лының тари­хын­да өзіндік орны бар Павло­дардың «Ертіс» клубы қаржылық қиын­дыққа байланысты жарыстан шығып қалды. Сонымен қатар Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы біріншіліктегі команда санының және карантинге байланысты ұзақ уақыт үзіліс болғанын ескеріп, чемпионатты жылдағыдай үш айналым емес, екі айналымға дейін қысқартуға мәжбүр болды.

Осындай тосын жағдайда және ерекше тәртіпте өтіп жатқан доп додасында қазақстандық футбол жанкүйерлерін бір ғана сұрақ ма­залап жүргені жасырын емес. Яғни түрлі өзгеріспен өтіп жатқан ел чемпионатында сүреңсіз ойын көрсетіп жатқан «Астананың» әлсіз жағдайынан кейін жанкүйер қауымын «биыл қай клуб топ жа­рады?» деген сұрақ ойландырып қойғаны рас. Жалпы, бұл 2014 жылы «Астана» чемпион бол­ғаннан бастап жыл сайын жан­күйер­лерді мазалайтын сұрақ болса да, чемпионат соңында «Ас­тана» жеңіске жетіп жатады. Ал расымен биыл чемпион команда өзгере ме, әлде тағы да «Астана» чемпион бола ма? Дәл қазіргі жағ­дайда қай клубтың бас жүлдені еншілеуге бәсі биік болып тұр? Бүгін осы сұрақ төңірегінде әгіме өрбітіп көрмекпіз.

Қазақ футболының ардагері әрі сарапшысы Юсуп Шадиев биыл төрт команданың чемпион атануға мүмкіндігі зор екенін айтады. ««Қайрат», «Астана», «То­был» және «Ордабасы» алғаш­қы үштікке таласатын коман­далар. Олардың қатарына «Қайсар» мен «Жетісуды» да қосуға болады. Өткен турларда «Шах­тер­дің» «Жетісуға» қарсы өткізген ойы­ны маған қатты ұнады. Әсіресе бірін­ші таймда қарсыласына мүл­де мүмкіндік берген жоқ. Әри­не, көшбасшы клуб фут­болшы­ларының ойын деңгейі жоғары екендігі бай­қалады, бірақ алда әлі толық бір айналым бар. Сондықтан қызықты, тартысты матчтардың бәрі алда деп ой­лаймын. Қазір алдын ала тон пішу ерте­рек, тіпті чем­пионат соңына дейін сенсация бо­лып қалуы мүмкін», дейді Юсуп Ша­диев.

Ал қазақстандық танымал бапкер Вахид Масудов «Қайраттың» қарқынына басқа ко­мандалар шыдас бере алмайды дейді. Десе де ол «Астана» бұрынғы ойы­нына қайта оралып келе жатқанын, сон­дықтан чемпион команданың аты соңғы турда да шешілуі мүмкін екенін айтады.

– Жалпы, чемпионаттағы өзге коман­даларға қарағанда «Қай­раттың» чемпион атануға мүм­кіндігі жоғары. Өйткені олар қазір барлық кездесуін Алматыда өткізіп жатыр. Бірінші айналымнан кейінгі турнир кестесіне қа­райтын болсақ, «Қайрат» чемпион атануы мүмкін командалардың ішінде фаворит болып қала береді. Бірақ «Астана» әр тур сайын алға қарай ілге­рілеп, психологиялық тоқыраудан шы­ғып келеді. Енді олар қарқынын жоғары­латпаса, төмендетпейді деп ойлаймын», – деп атап өтті Масудов.

Қазіргі таңда чемпионат бел ортасынан ауып, командалар мәреге қарай жақындап келеді. Алғашқы айналымның қорытындысы бо­йын­ша, Алматының «Қайрат» командасы бірінші орында келе жатыр. Екінші орынға «Қайраттан» төрт ұпай кем жинаған «Астана» жайғасқан. Үздік үштікті Шым­кенттің «Ордабасы» клубы түйін­деп тұр.

Бірінші айналымдағы 10 турда «Қай­рат» сегіз рет қарсы­лас­­тарынан басым түскен. Ал бір ойында тең ойнаса, тағы бір кез­десуінде жеңіліп қалған. Бұл чем­пио­наттағы өзге коман­да­лар­­дың нәтиже­лерімен салыс­тыр­ғанда жақсы көрсеткіш. «Ас­тана» 10 ойынның алтауында жеңіске жетіп, үш матчта тең түс­кен. Елорда командасы да «Қай­рат» сияқты әзірге бір ойын­да есе жіберген. Қазақстан чемпио­натын үзбей тамашалайтын кө­рермен мұндай жағдай жыл сайын қайталатынын жақсы біледі. Яғни жыл сайын чемпионат барысында «Қайрат» топ бастап келеді де, біріншілік соңында күтпеген жерде қарсыластарынан жеңіліп, қолда тұрған чемпиондықты «Астанаға» беріп қояды.

Алысқа бармай-ақ, чемпио­нат­тың был­тырғы нәтижесіне көз жүгіртіп кө­рейік. 2019 жылы біріншілікте «Қай­рат» чемпионат соңына қарай турнир кес­тесінде топ бастап келе жатып, соңғы екі-үш турда қатарынан жеңіліске ұшы­рап, бас жүлдеден қағылған еді. Ал чем­пио­наттың екінші жартысынан бастап «Астана» екінші-үшінші орында жүріп-ақ, бі­ріншілік соңына қарай чемпион атанып кетті.

Турнир кестесіндегі қазіргі жағдай да тап былтырғы сцена­риймен өрбіп ке­ле­ді. Әзірге «Қай­рат» көш басында. «Астана» әдеттегідей екінші сатыда келе­ді. Бұдан кейінгі ойындарда да екі команда қарсыластарына есе жібере қоюы екіталай. Өйткені екі клуб та бас жүлдеден және келесі жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетуден үмітті. Егер екі команда осы қар­қынмен ойнай берсе, жеңімпаз команданың есімі «Қай­рат» пен «Астана» арасындағы өзара кез­десудің қорытындысы бойынша анықталуы ғажап емес.